Әлеумет

Сексенінде сергек…

Саналы ғұмырын адал қызмет етуге арна­ған қазыналы қарттың бірі – қазақ спортының тірі шежіресі саналатын, жастайынан палуандықпен аты шығып, ел намысын талай мәрте қорғаған ардагер спортшы Орынбай Сейдағаламұлы.

Сексеннің сеңгіріне шық­қан арда палуан 1945 жылы бұрынғы Торғай облысының Аманкелді ауданында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарға тап келіп, жоқшылық пен ашқұрсақ тіршіліктің ортасында өскен қаршадай бала шынығып, қайсар мінезді азамат болып қалыптас­ты, оған әсіресе анасы Балжан Қожабекованың әсері мол болды, өйткені ол кісі аудандық жарыстарда әйелдер арасында талай мәрте күресіп жеңімпаз атанған нағыз батыр ана еді. Міне, осы тектілік қасиет Орынбайдың бойына да дарып, жастайынан күрестің қыр-сырын меңгерген ол бұл өнерді тек күш емес, рух пен адамгершіліктің мектебі деп түсінді. Сондықтан да шығар ардагер чемпионымыздың осы жолдағы еңбегі бағаланып, «ҚР құрметті қайраткері», «ҚР мәде­ниет және өнер саласының үздігі», «ҚР еңбек сіңірген қызметкері», «Егемен ел патриоты» төсбелгісі сияқты жоғары атақтарға ие болып қана қоймай, «Аманкелді ауданының құрметті азаматы», сондай-ақ 2012 жылы «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атанды. Ал спорттағы жетістіктеріне тоқталсақ, самбо күресінен екі дүркін әлем чемпионы атанып, бірнеше рет әлем жүлдегері болды, қазақ күресінен «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын алып, самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің күміс жүлдегері, қазақ күресінен ҚР спорт шебері атанды, сонымен бірге 2018 жылы мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ең соңғы жетістігі – 2025 жылы сексен жасында Тайвань астанасы Тайбэйде өткен «Шеберлердің әлемдік ойындары» халықаралық жарысында дзюдодан әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленуі қажырлы еңбек пен табанды рухтың нәтижесі екені сөзсіз.

– Мен қазір сексеннің сеңгіріне шықсам да, өзімді жас жігіттей сергек сезінемін. Оның барлығы – өмір бойы спортты серік еткенімнің арқасы. Күрес маған тек күш емес, тәртіп пен төзім, рух пен жігер берді. Жас кезімнен жаттығуды тоқтатпай, үнемі қозғалыста болдым, соның арқасында денем де, жаным да шынықты. Егер спортқа берілмесем, бәлкім, мен де көп қария секілді ауру-­сырқаудың шырмауында отырар ма едім? Ал қазір, Аллаға шүкір, дүниежүзілік жарыстарға қатысып, өзімді әлі де болса жас жігіттей сезініп жүремін. Сондықтан жастарға айтарым – спорт адамды жасартады, ғұмырын ұзартады, ең бастысы, қайсар мінезді қалыптас­тырады. Сергектігімнің құпиясы осында, – дейді ақсақал.

Бүгінде спортқа еңбегі сіңген арда палуанның жалғыз арманы – шағын баспанаға қол жеткізу, себебі ол 1999 жылдан бері Астанада тұрып келеді, алайда осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде күнелтуге мәжбүр. Зайыбы Злиха Сембаевамен бірге 10 немере, 3 шөбере сүйіп отырса да, қартайған шағында зейнетақысының көп бөлігін пәтерақыға беріп отырғанын айтады, осы мәселе бойынша бірнеше рет жоғарғы органдарға хат жазғанмен, мәселе әлі шешімін таппапты.

Жасы сексенге келсе де, спорттан қол үзбеген Орынбай Сейдағаламұлы алдағы қараша айында Франция астанасы Парижде өтетін ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына дайындалып жүр, бұл оның әлі де қажырлы еңбектің, қайсар мінездің адамы екенін көрсетеді.

Орынбай Сейдағалам­ұлы – қазақ спортының мақтанышы. Сондықтан Халықаралық қарттар күні қарсаңында осындай еңбегі еленген, ұрпаққа өнеге болған қазыналы қариялар­ды ардақтап, қадірлеу – баршамыздың парызымыз.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button