Секеннің «Көңіл толқыны»

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің ұйытқы болуымен елордада көрнекті күйші, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» атты шығармашылық кеші өтті.
«Ұлы дала» күйімен ашылған концертте Секен Кәрімұлының ұстаздарының бірі, қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов пен Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің дирижерлігімен кеш иесінің күйлері мен әндері кезекпен-кезек күмбірлеп, әуеледі. Майталман музыканттың әр шығармасының өзіндік шығу тарихы бар. Секен Тұрысбек соны тарқата отырып, арасында өлеңдетіп жіберіп, рухты көтеретін жалынды туындыларымен қатар, жүректі тербейтін лирикалық шығармаларын ұсынды.
2001 жылдың мамырында елордаға Күлтегін ескерткішінің көшірмесі әкелініп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне орнатылды. Бұл оқиға күйшіні толқытып, «Күлтегін» күйінің тууына себеп болды. Осындай биік туындылардың қатарына «Батыр Баян» көркем фильмін әрлендірген «Дарабоз» күйін қоса аламыз. Осы күй Секен Тұрысбектің ұлы ұстаздарының бірі – майталман музыкант Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасымен рухтас, сабақтас десек, әсте қателеспеспіз. Күйші Нұрғиса Атабайұлының ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен биылғы ғасырлық мерейтойына да атсалысып, елімізде және шетелдерде концерттерді өткізді.
Күйшінің ұстаздары туралы айтқанда, Мәлгаждар Әубәкіровтің есімін аттап кетуге болмайды. Секеннің оған арналған «Мәлгаждар» атты күйі де бар. Бұл – ұстазға деген сағыныштан туған туынды. Сондай-ақ күйші күні кеше ғана дүниеден озған қазақ руханиятының бәйтерегі Асанәлі Әшімовті, қазақ өнеріне сүбелі үлес қосқан дирижер Фуат Мансұровты, Нұрғиса Тілендиевті еске алып, «Өкініш» атты күйін өмірден өткен көрнекті тұлғаларға арнады. Секен Кәрімұлы кітапты көп оқиды. Көркем шығармалардың әсерімен туған туындылары да жоқ емес. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Найман ананың желмаяға мініп, кетіп бара жатқан көрініс «Аруана» күйін тудырды. Әйгілі жазушының бұл күйді естіп, бір жағынан таңданыс, екінші жағынан авторына ризашылық білдіргені де бар.
Секен Тұрысбекті кезінде шертпе күй шебері Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» атты күйі «ауыртты». Бертінде соның әсерімен «Секеннің қоңыры» атты күйді жазды. Бұл туынды көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайды тебірентіп, күймен аттас өлең дүниеге келді. Өлең:
…Түсіме енді тағы да,
ата-баба қорымы,
таң асырып мінбедім тобылғы түс торыны.
Қоңыр түсті өмірді,
қоңырайтып көңілді –
шырт ұйқыдан оятты,
Секен достың Қоңыры… – деп түйінделеді. Осы күйді бұрын бейнежазбада тыңдасақ, күйшінің жанында отырып тыңдағанның әсері бөлек болады екен. Мұны кеште айқын сезіндік.
Күйші-композитордың әндеріне келсек, биыл ұлы Абайдың 180 жылдығына ол бірнеше концерт арнады. Хакімнің «Мыңмен жалғыз алыстым» өлеңіне ән де жазды. Бұл туындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібай шырқады. Композитор бірнеше әнінің сөзін өзі жазса, Несіпбек Айтұлы, т. б. көрнекті ақындармен шығармашылық бірлестікте әндерді тудырды. Кеште осындай «Қоңыр қаз» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Асыл анам» және «Қоңыр жел» әндерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бибігүл Қилымхан әуелетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали өнер көрсетті. Бақыт Беделханның өлеңіне жазылған «Жанымнан тәтті өмір» әнін Секен Тұрысбектің өзі орындады. «Жазғы қар» күйін Жігер Бертісов күмбірлетті.
Секен Тұрысбектің елге ең кең таралған, халық сүйіп тыңдайтын туындылары – «Ақ жауын» мен осы кешке атау берген «Көңіл толқыны» күйлері. «Ақ жауын» ерекше өңдеуінде, оркестр, домбыра, сымқобыз және рояльдің үнімен ұсынылды. Ал «Көңіл толқынымен» кеш шымылдығы жабылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



