Саябақтар көркейіп келеді

iKomek жүйесі құрылғалы бері көп тұрғынға тиімді болғандай. Әсіресе өз ауданындағы өткір мәселелерді көзі шалғандар бірден осы жаққа өтініш тастап, дерек-дәйек ретінде суретін қоса жүктейді. Мысалы, Астанадағы Нұра ауданындағы Орталық саябақтың жағдайына байланысты 1149 өтініш келіп түскен. Тұрғындарды алаңдататыны – уақыт өткен сайын өздері жиі шоғырланатын саябақ күйінің сын көтермеуі.
Сонымен қатар жүгіру жолақтарының, балалар алаңдарының ескіруі, тіпті ашық жатқан электр желілерін де атап көрсеткен. Жергілікті билік те шалт қимылдап, барлық өтінішті саралап, ескерусіз қалдырмаған.
«Саябақтағы аллея соңғы рет 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан бері тек жартылай жөндеу жұмысы жасалып келді. Енді бұл аумақты толық жаңартатын уақыт келді. Биыл саябақта кешенді абаттандыру жұмысы басталды. Жаяу жүргінші аймағы жөнделіп, шаңғы-роллер жолы қалпына келтіріледі, жарықтандыру желілері мен сәндік шамдар ауыстырылады. Субұрқақ және жауын қабылдау жүйелері жаңартылады. Сондай-ақ жасыл желек жетіспейтін орындар қайта көгалдандырылады» дейді Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков.
Әкімнің сөзінше, саябақтағы қауіпсіздік мәселесі – басты назарда. Кәсіпқой спортшылар мұндағы трассада болған зақым жайлы бірнеше рет айтып, шағымданған. Енді бұл мәселе де түбегейлі шешіледі.
«Ұзақ уақыттан бері жаңартуды қажет етіп келген инклюзивті балалар алаңы да қайта жабдықталады. Жаңа, қауіпсіз әрі заманауи ойын құрылғылары орнатылып, жабындысы ауыстырылады. Жөндеу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі, сондықтан саябақ толық жабылмайды, яғни аумақтың бір бөлігі ашық болады. Екіншіден, барлық құрылыс материалдарын сапалы әрі кепілдігі бар өнімдерден аламыз, ал жұмыс барысын мамандар мұқият бақылауда ұстайды» деді тағы бір сөзінде әкім.
Жоспар бойынша абаттандыру жұмысы шілде айында аяқталмақ. Мұнда Орталық саябақты қайтадан барлық отбасы мүшелері үшін жайлы, қауіпсіз және жасыл демалыс орнына айналдыру басты мақсат болып отырғаны анық.
Ержан ҚОЖАС