Басты ақпаратШартарап

Сауда соғысы – бітімсіз бәсеке

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы бір сәтке басылғандай көрінгенмен, бұл ұзаққа созылған бәсекенің уақытша үзілісі ғана. Әлемнің екі алпауыты арасындағы тартыс тек тарифтік текетірес емес, ол технология, геосаясат, әскери ықпал және идеологиялық үстемдік үшін күреске айналып отыр. Соңғы кезеңдегі келіссөздер мен уақытша тарифтік жеңілдіктер Қытайдың ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын өзгерте алмады. Керісінше, Бейжің сауда соғысына барынша тыңғылықты дайындалып жатқанын аңғартты.

Уақытша жеңілдік түпкі шиеленісті шеше алмайды

Дональд Трамп тұсында басталған тарифтік соғыс Бейжіңді Вашингтонға мүлде сенбейтін күйге түсірді. Қытайдың сарапшылары мен жоғары лауазымды кеңесшілері екі елдің Швейцариядағы кездесуінен кейінгі Трамп әкімшілігінің әрекетін тактикалық шегініс деп бағалап отыр. Брукингс институтының профессоры Джонатан Сзиннің айтуынша, Қытай билігі АҚШ-тың түпкі ниеті жақсы емес деп есептейді, сол себепті «ұзаққа созылатын сауда соғысына» қазірден бастап қам жасап жатыр. Бұл Қытай Коммунистік партиясының сыртқы саясаттағы бетбұрысынан, әсіресе Азия-Тынық мұхиты аймағындағы геосаяси ұмтылысынан анық көрінеді.

2025 жылдың басында АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың экспорттық экономикасына қысым жасау мақсатында Қытайдан келетін импортқа 20% көлемінде бастапқы тариф енгізіп, кейін оны 145%-ға дейін көтерді. Қытай да «келсең – кел» дегендей, өз кезегінде АҚШ-тан келетін сұйытылған табиғи газ (LNG), көмір, шикі мұнай және ауылшаруашылық техникаларына қарсы тарифтер енгізді. Сонымен қатар, Қытай сирек кездесетін металдарға экспорттық шектеулер қойып, Google компаниясына қарсы монополияға қарсы тергеу бастады.

Қытай үкіметі осы қиындықтарға қарамастан, 2025 жылға арналған экономикалық өсім мақсаттарын 5% деңгейінде сақтап отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Қытай бюджет тапшылығын 4%-ға дейін ұлғайтып, ішкі сұранысты арттыруға бағытталған шараларды қолға алды. Сонымен қатар Қытай өз экономикасын әртараптандыру және АҚШ-қа тәуелділікті азайту мақсатында Оңтүстік-Шығыс Азия және Парсы шығанағы елдерімен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда.

Тынық мұхитының тынышы кеткен

Сауда келіссөздері жүріп жатқан тұста Қытай армиясы Тайваньды қоршауға алу бойынша әскери жаттығу өткізді. Сол кезде Қытай жағалау күзеті даулы аймаққа кіріп, Филиппиннің наразылығын туғызды. Бұдан бөлек, Қытай мен Жапония арасындағы Сэнкаку (Қытайша – Дяоюйдао) аралдарына қатысты дау да қайта өршіп отыр.

Бұл әрекеттер Қытайдың сауда майданында уақытша ымыраға келіп, әскери және аумақтық тартыстарда шегінбейтінін дәлелдеді. Яғни Бейжің Вашингтонмен жалғасатын ауқымды геоэкономикалық және әскери бәсекелестікке дайындалып отыр. Қытай аймақтағы экономикалық және дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылғанмен, Азия-Тынық мұхиты кеңістігіндегі аумақтық талаптар мен әскери ұстанымынан бас тартуға бейіл емес.

Пентагонның Азиядағы әскери әлеуетті арттыру жоспары мен Қытайдың озық технологияларға қол жеткізу мүмкіндігін шектеу әрекеттері Бейжіңнің наразылығын туғызып отыр. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин арасында телефон арқылы келіссөздер немесе саммит өткізу ықтималдығы артқанмен, сарапшылар пікірінше, Трамптың жоғары тарифтері Қытай басшысының мәмілеге үмітін әлсіретіп, сенімсіздік тудырған. Осыған байланысты Қытай тарапы келіссөздерге ашық болғанмен, шиеленістің қайта ушығуына дайындық жасап қойған тәрізді.

Сонымен қатар Қытай билігі «сыртқы күштердің Қытайдың айналасындағы істерге араласуы елдің шекаралық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген ұстанымды ашық мәлімдеді. Бұл тікелей Вашингтон мен оның Азиядағы одақтастарына бағытталған мәлімдеме екені түсінікті.

Тайвань мен АҚШ жариялаған соңғы барлау деректеріне сүйенсек, Қытай халық-азаттық армиясы Тайваньға қатысты әскери әрекетін едәуір күшейткен. Қытайдың жойғыш ұшақтары мен зымыран күштері жоғары дайындық күйінде тұр – кез келген сәтте соғыс бастауға қабілетті.

Теңіз жаяу әскерлері арал маңында десанттық жаттығулар өткізуде, ал жаңартылған зымыран жүйелері Тайвань аумағындағы стратегиялық нысандарды дәл көздеп жоя алатын деңгейге жеткен. Соңғы 5 жыл ішінде Қытай авиациясының Тайваньның әуе шабуылына қарсы қорғаныс аймағына заңсыз енуі 25 есеге артқан. ҚХР әскери-теңіз күштері мен арнайы бөлімдері арал жағалауларына жиі жақындап, оны басып алу сценарийін үнемі пысықтап келеді. АҚШ пен Тайвань барлау қызметтерінің хабарлауынша, Қытай басшысы Си Цзиньпин Қарулы күштерге 2027 жылға дейін Тайваньға басып кіруге толық дайын болуды тапсырған.

АҚШ-тың қарымта стратегиясы

АҚШ та қарап отырған жоқ. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио тағайындалысымен-ақ Үндістан, Жапония және Австралия Сыртқы істер министрлерімен кездесіп, Қытайға қарсы үнқатысу арнасын жандандыра бастады. 2025 жылдың басында АҚШ пен Жапония Қытайдың Тайваньға қатысты әскери белсенділігінен алаңдаушылық білдіріп, бірлескен мәлімдеме жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Исиба Сигэру Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты халықаралық қауіпсіздік пен өркендеудің ажырамас бөлігі деп атап өтті. Олар Қытайдың күш немесе қысым арқылы статус-квоны өзгерту әрекеттеріне қарсы екенін білдірді.

Әрине, Қытай ұзақ уақыттан бері өз көршілерімен сауда, инфрақұрылым және инвестиция салаларында өзіне тиімді екіжақты келісімдер жасауға ұмтылып келеді. Бұл ұстаным «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы айқын көрінеді. 2013 жылдан бері 150-ден астам елмен келісімге қол қойған Бейжің Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия және Африкада ықпалын арттыруда. Мәселен, 2023 жылы Қытай мен Лаос арасындағы жоғары жылдамдықты теміржол жобасы іске қосылып, Пекиннің аймақтағы экономикалық қатысуы айтарлықтай артты. Сондай-ақ Қытай Пәкістандағы Гвадар портын дамытуға $62 миллиард көлемінде инвестиция салу арқылы Үнді мұхиты жолдарына стратегиялық бақылау орнатуға тырысып отыр.

АҚШ пен оның серіктестері Қытаймен экономикалық байланыстарды үзбей сақтай отырып, оның әскери және саяси ықпалына қарсы тұруды көздеуде. Мысалы, АҚШ пен Еуро­одақ арасында «Технологиялық және сауда кеңесі» құрылып, Қытайдың стратегиялық технологияларға қол жеткізуін шектеу бағытында бірқатар шара қабылданды. Сонымен қатар Вашингтон Үнді-Тынық мұхиты аймағында Quad (АҚШ, Жапония, Үндістан, Австралия) және AUKUS (АҚШ, Ұлыбритания, Австралия) сияқты альянстар арқылы қауіпсіздік ынтымақтастығын күшейтіп жатыр.

Орталық Азияда да Бейжің ұзақмерзімді стратегиялық негізде жұмыс істеп, аймақ елдерінің сырт­қы саясаты мен экономикалық бағытына әсер ететін факторға айналып барады. АҚШ Орталық Азия елдерімен де серіктестікті дамытуға тырысуда. 2023 жылы C5+1 форматы қайта жанданып, Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік, климаттық өзгеріс және қауіпсіздік саласында бірлескен жобалар қолға алынды. Дегенмен бұл бастамалар Қытайдың өңірдегі ұзақмерзімді және қаржылай салмақты жобаларының көлеңкесінде қалып отыр.

Алайда бұл әрекеттер Қытайдың экономикалық ықпалын тежей алмай тұр. 2024 жылы, Дүниежүзілік банк мәліметінше, Қытай ASEAN елдерінің ең ірі сауда серіктесі атанды – екіжақты сауда көлемі $975 миллиардқа жетті. Сонымен қатар Қытай Африкадағы негізгі несие беруші ел болып қалуда – соңғы онжылдықта Африка елдеріне $153 миллиардтан астам несие берген. Бұл деректер Бейжіңнің «экономикалық дипломатиясының» күшеюін және аймақтардағы ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді.

Қытайдың қосжақты тактикасы

Си Цзиньпин әкімшілігі халық­аралық сахнада өзін бейбіт, сенімді серіктес ретінде таныстырып жатыр. Қытай басшысы Вьетнам, Камбоджа, Малайзия және Латын Америкасы елдерімен кездесулерде осы бейбіт миссиясын жиі қайталайды. Алайда бұл сыртқы «жұмсақ» риторика Қытайдың ішкі қатаң ұстанымымен қатар жүріп жатыр.

«Біз экономикалық және технологиялық әріптестік ұсына аламыз, бірақ аумақтық мүдделерімізден бас тартпаймыз» деген сөз Қытайдың геосаяси стратегиялық бағытын нақты сипаттап тұр. Бұл – тек сауда емес, ықпал ету кеңістігі үшін бәсеке.

Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы мен геосаяси бәсекелестік Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін жаңа серіктестер іздеуге итермеледі. Осыған байланысты АСЕАН елдері алғаш рет Қытай және Парсы шығанағы араб мемлекеттерімен (ПШАМЫК) бірлескен саммит өткізді. Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрахим бұл саммитті «екі ірі экономикалық блок арасындағы төзімділік пен тұрақтылықты күшейту тетігі» деп бағалады. Қытай премьері Ли Цян саммитке арнайы келіп, үш жақты экономикалық әріптестікті тереңдетуді ұсынды. Бұл Қытайдың өз ықпалын кеңейтуге ұмтылысын және АҚШ-тың қысымына қарсы стратегиялық серіктестік іздегенін көрсетеді. Трамп енгізген жоғары тарифтер АСЕАН-ның 6 еліне 32-49 пайыз аралығында әсер етіп, олардың экономикасына айтарлықтай соққы болды. Осы жағдай АСЕАН елдерінің Қытай мен Таяу Шығыс бағытындағы байланысын жандандыруына түрткі болды.

Кейбір сыртқы саясат сарапшылары Дональд Трамптың соңғы әрекеттері мен мәлімдемелерін ХХІ ғасырдың геосаяси ахуалын ХІХ ғасырдағы империялық тәртіпке ұқсатып, жаңа ықпал аймақтарын бөлу әрекетіне балайды. Сарапшылар мұны ұсақ мемлекеттерді ірі державалардың геосаяси саудасына салу, яғни әлемді ықпал аймақтарына бөлуге ұмтылу деп бағалайды.

Қысқасы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері уақытша бітім болуы мүмкін. Бірақ екі ел арасындағы сенімсіздік, стратегия­лық қайшылықтар, технология мен ықпал үшін күрес ешқашан бәсеңдемек емес. Қытай АҚШ-ты негізгі қауіп ретінде қабылдап, көп жылға арналған дайындық жүргізіп жатыр. Өз кезегінде АҚШ та Қытайдың аймақтық амбицияларына кедергі келтіру үшін дәстүрлі және жаңа одақтастармен ынтымақты күшейтуде.

Әлемдік тәртіптің болашағы осы екі алпауыттың тартысында шешілмек. Сауда майданы – соның бір парасы ғана. Екі державаның келесі қадамы бүкіл жаһанның геосаяси бейнесін айқындап беруі де мүмкін.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button