Қоғам

Сарыбұлақ арнасын тазарту бойынша экоакция өтті

Астанада Сарыбұлақ арнасын биологиялық тазарту бойынша экологиялық акция өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Іс-шараны қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «АрғынСтрой-2015» ЖШС және елордалық волонтерлармен бірлесіп ұйымдастырды.

Волонтерлар Сарыбұлақ бұлағына жасыл микробалдыр – хлорелланың 600 литр тазартушы суспензиясын төкті.

Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы Айдар Рашидтің айтуынша, Сарыбұлақ – Астананың экожүйесінің маңызды элементі, оның экологиялық жағдайы қала тұрғындарының өмір сапасына және өңірдің биологиялық әртүрлілігіне тікелей әсер етеді.

«Біздің мақсатымыз – су айдынының экожүйесін қалпына келтіру және біржасушалы жасыл микробалдыр – культиваторда өсірілген хлорелла штамдары көмегімен биологиялық мелиорация әдісі арқылы антропогендік жүктемені азайту. Бұл балдыр судың құрамындағы азот пен фосфор тәрізді артық химиялық заттарды сіңіруге, еріген оттегі мөлшерін арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ, хлорелла судың «гүлденуін» тудырып, шіру кезінде улы заттар бөліп шығаратын балдырлардың көбеюіне жол бермейді. Мұндай улы заттар су айдынындағы жағымсыз иіске және тіршілік иелерінің жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін», – деді Айдар Рашид.

Ол Астанада қалалық су айдындарын тазарту кезінде хлорелланы қолдану үш жылдан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.

«2022 жылы хлорелла суспензиясы алғаш рет Ақбұлаққа жіберілді. Бір жылдан кейін ол қайтадан сол жерге енгізілді, содан соң Есіл өзеніне хлорелла қосылды. Нәтижелері өте жақсы. Бұл жолы да біз су айдынының физика-химиялық және гидробиологиялық көрсеткіштерінің жақсаруын, жергілікті ихтиофаунаның көбеюін күтіп отырмыз», – деп толықтырды Айдар Рашид.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button