Басты ақпаратШаһар шежіресі

Сарыарқада – мұхитарал

«Алтын жұлдыз» еліміздің ең таңдаулы басылымдарына берілетін мәртебелі сыйлық. Журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қолдау көрсету, Қазақстан қоғамында журналист мәртебесiн көтеру, отандық БАҚ арасында бәсекелестiктi дамыту, үздiк журналистердi шығармашылық iзденiсi мен шеберлiгi үшiн көтермелеу мақсатында тапсырылады.  2003 жылы «Астана ақшамы» газеті әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани тақырыптарды кең қамтыған басылым ретінде танылып, аталмыш сыйлықты иеленді.

2003 жыл

«Астана ақшамының» «Алтын жұлдызы»

29 наурыз, №41 (1215)

1995 жылы журналистика саласындағы жалпыұлттық сыйлық болып тағайындалған «Алтын жұлдыз» 2001 жылдан бастап Қазақстан Журналис­тика академиясының ресми сыйлығына айналды.

«Алтын жұлдыз» – еліміздің ең таңдаулы басылымдарына берілетін мәртебелі сыйлық. Журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қолдау көрсету, Қазақстан қоғамында журналист мәртебесiн көтеру, отандық БАҚ арасында бәсекелестiктi дамыту, үздiк журналистердi шығармашылық iзденiсi мен шеберлiгi үшiн көтермелеу мақсатында тапсырылады.

2003 жылы «Астана ақшамы» газеті әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани тақырыптарды кең қамтыған басылым ретінде танылып, аталмыш сыйлықты иеленді.

Астанаға «автоматтың атасы» келді

6 мамыр, №58 (1232)

Төлен Зәрубайұлы

Елордаға республикалық Ұланның қолбасшысы, генерал-майор Болат Ысқақов­тың жеке шақыруымен әйгілі конс­труктор, генерал-лейтенант Михаил Калашников келді.

Сәті түскен сапар айтулы оқиға ретінде қалың елді елеңдетті. 84 жасында Астана топырағына табан тигізген, «Автоматтың атасы» атанған М.Калашников Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанды. Брянск түбіндегі кес­кілескен шайқаста ауыр жараланып, госпитальге түседі. Сонда жатып, соғыстағы солдаттарға пистолет-пулемет жасап шығаруды ойға алады. Ол Матай стансасында қаруды жетілдірумен айналысқан. Көп ұзамай өз дегеніне қол жеткізді. 1949 жылы ғылыми-зерттеу полигонында өздігінен от алып атылатын карабин үлгісін жасады. Кейінірек осы үлгі өзінің әйгілі автоматының негізі болды. 1949 жылы Кеңес армиясы Калашников автоматымен қаруланды.

Шығыс елінің шынайы көмегі

31 мамыр, №69-70 (1244)

Төлеубай Ілдебаев

Астананың М.Әуезов және Дружба (қазіргі Ықылас Дүкенұлы) көшелерінің қиылысында бой түзеген жаңа қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының ашылу салтанаты өтті.

Ел Үкіметі «Астана қаласының жедел және қауырт жәрдем қызметін дамытуды қолдау» жобасын әзірлеп, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінен қажетті жабдықтармен жабдықталған жедел жәрдем көліктерін сатып алуға қаржылай көмек сұраған. Соның негізінде Жапония үкіметі жалпы грант шеңберінде өтеусіз көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сөйтіп 23 жедел жәрдем көлігін сатып алуға грант бөлінді. Оның сомасы 454 млн жапон иенін құрады. Аталмыш жобаға Астана қаласының әкімдігі де қаржы бөлді. Осылайша елордада жаңа қалалық медициналық жедел жәрдем стансасы бой көтерді.

Күш атасы Қажымұқанның медалі

19 маусым, №79 (1253)

Арман Әмен

Күш атасы Қажымұқанның 1912 жылы чемпион болғанда алған медалі табылды. Ол – Нұра өңірінде тұратын Шеру ақсақалдың қолында.

Бір бетінде күресіп жатқан екі балуанның суреті бейнеленген медальдің екінші бетінде «Муха-Нурь отъ Варшавскиось магометань 09.03.1912» деген жазу бар. Польшадағы мұсылмандар қауымы Қажымұқанды тұңғыш чемпион болған жалғыз мұсылман баласы деп осы медальді табыстаған екен.

Шеру Сейітқалиевтің атасы Смайыл қажы Қажымұқанмен дос болды. Ақмола өңірінің тумасы Қажымұқан кезекті бір сапарында сыйлас қажыға қандай жүлде алсам да өзіне әкелем деп кетсе керек. Сол уәдесімен Польшадан қайтып оралғанда осы медальді әкеліп, балаларына бабалық белгі болсын деп аманат еткен. Смайылдан Сейітбаттал мен Сейітқали атты екі ұл тарады. Шеру ақсақал – осы Сейітқалидың ұрпағы.

 Қосшығұловтың Абайға жазған хаты

31 шілде, №100 (1274)

Қуаныш Ахметов

«Еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағатындағы 64 қорда көлемі 300 параққа жуық қомақты іс бар. Онда 1900-1904 жылдар аралығындағы қазақ даласындағы мұсылман дінінің ықпалымен күрес төңірегіндегі бірқатар деректер жинақталған. Істің біраз беттері ұлы Абай есіміне тікелей байланысты.

Мәселе, 1903 жылы 9 наурызда көкшетаулық мұғалім Шәймерден Қосшығұловтың Семей оязының Шыңғыстау болысында тұратын Абай Құнанбаевқа жолданған хатынан өрбиді.

Дала данышпанына жолданған хатқа отаршылдық жүйе айрықша мән берген. Абайға хат жіберген бойда бақылауда жүрген Қосшығұлов қамауға алынды. Тінту кезінде оның қалтасынан осы хатты салғанда берілген пошта квитанциясы табылады. Іле-шала хаттың Семей оязының Арқат поштасына жеткендігі белгілі болыпты. Олар хат мазмұнымен жасырын танысқан болулары керек, дала губернаторы Сухотин 21 мамырда Семей облысының әскери губернаторы, генерал-майор Галкинге хатты Құнанбаевқа куәлар алдында табыстауға жеделхат арқылы нұсқау береді. Сол жылдың сәуір айында Семей оязының бастығы Абайдың өзінен, бала-шағасынан жауап алып, үйіне тінту жүргізді… Галкин мінездемесін: «Құнанбаев саяси тұрғыдан ешқандай қауіп туғызбайтын әбден сенімді адамдар қатарына жатады» деп тұжырымдайды.

 Махамбет атын иеленді

18 қазан, №137 (1311)

Қымбат Тоқтамұрат

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Астанадағы Оқушылар сарайына Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

Ал Оқушылар сарайы – балалар мен жасөспірімдердің елордадағы жалғыз орталығы. Талантты балаларды таныту, оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалануға үйрету, оларды шығармашылық жұмыстар ұйымдастыруға баулу, өскелең ұрпақтың өмірге деген қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтына тәрбиелеуге осы орталықтың маңызы үлкен.

  2004 жыл

 «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды

13 қаңтарда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Бағдарлама аясында 2014 жылы «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының 100 томдығы жарық көрді. Бұл топтаманың 20 томы батырлар жырына, 13 томы тарихи жыр­ларға арналған. 7-еуі – діни, 13-і – хикаялық дастандар, 8-і – ғашықтық дастандар, 5-томы – ертегілер. «Бабалар сөзі» жинағында қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы, тарихы, мәдениеті, салт-санасы, философиясы, педагогикасы, өнері қамтылған.

 Алғашқы аукцион

Елорда әкімдігінде алғаш рет жер телімі ашық аукционмен сатылды.

Осындай ашық аукционның арқасында тек жеңіп шыққандар ғана жер телімінің иесі атанды. 40 минутқа созылған аукцион әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, ағылшын әдісімен өткізілді. Сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталығынан ұсынылған көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын салуға арналған жер телімін сату бастапқы бағасынан бес есеге дейін өсті. Нәтижесінде қала қазынасына 23 млн теңге пайда түсті.

 Жапондар жарылқады

Ілгеріде Қазақстан Үкіметі «Астана қаласының жедел және қауырт жәрдем қызметін дамытуды қолдау» жобасын әзірлеген еді. Соның негізінде Жапония үкіметі жалпы грант шеңберінде өтеусіз көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сөйтіп 23 жедел жәрдем көлігін сатып алуға грант бөлінді.

2014 жылы Жапон елінен Астана жедел жәрдем стансасына 23 санитарлық көлік жеткізілді. Күншығыс елінің достық мұратта берген жалпы тартуы 3,5 млн долларды құрады.

 Океанариум – бірегей нысан

Елордада «Астана – Думан» ойын-сауық орталығының тұсауы кесілді.

Қазақстандағы тұңғыш, әрі мұхиттан 3000 километрден астам қашықта орналасқан әлемдегі жалғыз жасанды мұхитарал. Оның сыйымдылығы – 3 миллион литр су. Мұнда әлемнің 100-ден астам теңіз фаунасы өкілдерінен тұратын 3000-дай теңіз мекендеушілері тіршілік етеді. Оңтүстік Америка мен Оңтүстік Шығыс Азия, жағалау аймақтары, тұңғиық су мен кораллды риф тұщы су мекендеушілері мекендейді. Мұхитарал көлемі әртүрлі 20 аквариумы бар үш үлкен көрме аймағынан тұрады. Мұхитаралдың басты нысаны – түбі жылжымалы жолмен жабдықталған 70 метрлік жер асты жолы бар, қалыңдығы – 7 см акрил шынысынан жасалған үлкен аквариум.

Қызыл теңіз тұзының көмегімен дайындалған су жабық айналым жүйесінде үнемі тазартылып отырады. Бүгінде бұл нысан «Ailand» атауымен белгілі.

 Елордада ұлттық академиялық  кітапхана ашылды

10 маусымда Астанадағы ірі рухани орталық Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа кітапхана – жалпы алаңы 15000 шаршы метрді құрайтын, қазіргі заманға сай 5 қабатты ғимарат. Кітапхана қызметін 15 мыңнан аса оқырман пайдалануда. Кітап қоры 380000-ға жуық. Кітаптан бөлек, кітапханаға қазақ, орыс және басқа да шет тілдерінде 1500-ден аса атаумен отандық, шетелдік мерзімді басылымдар келіп түседі.

 Білім жүйесіне алғаш рет ҰБТ енгізілді

2004 жылы Қазақстанның білім саласында алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. ҰБТ – Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі.

ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы ретінде есептеледі. Бұл тестілеу жалпы білім жүйесіндегі білім сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Оқушының Қазақстан университеттеріне түсу мүмкіншілігі және қорытынды аттестатының бағасы оның ҰБТ-да алған балының санына байланысты болады.

Жасыл белдеу жайқалады

2004 жылы сәуір айында Астана қаласы маңындағы жасыл белдеуге ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары басталды.

1998-2004 жылдар арасында «Жасыл белдеу» аумағына, негізінен, жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылды. Олардың ішінде сары қарақат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қау жапырақты шегіршін және тағы басқалары бар.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button