Басты ақпаратРуханият

Сарыарқа – қазақтың алтын жотасы

Батысы Торғай ойпатына тіреліп, шығысы Қара Ертіске еңкейіп барып тоқтайтын, түстігін Балқаштың көгілдір толқындары шайып жатса, терістігі көк Есілмен көмкерілген ұлан-ғайыр Сарыарқа сан ғасырдан бері қазақтың құтты қонысы болып келе жатыр. Тарихи деректерге жүгінсек, осынау далада ұлт тағдырына үлкен әсерін тигізген талай оқиға мен құбылыстың өткеніне куә боламыз.

Сарыарқаны геогра­фиялық тұрғыдан «Қазақтың ұсақ шоқысы» деп атайды. Оның ұзындығы батыстан шығысқа қарай 1200 шақырымды, оңтүстіктен солтүстікке дейін 950 шақырымды құрайды. Батыс жағы біршама тегістеу – Ұлытаудың таулы жерлері (ең биігі Ақмешіт – 1133 м) және Көкшетау үстірті (947 метрлік Көкше тауы). Шығыс жағы – Қарқаралы таулары (1403 метр), Шыңғыстау жотасы (1469 метр) және Сарыарқаның ең биік шоқысы, Ақсораң тауы (1566 метр).

Картадан қарағанда, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан бұл шоқылар адамның кәдімгі арқасын елестетеді. Бұл құбылыс Сарыарқа атауының шығу төркініне жетелесе, тарихшылардың пікірінше, жаугершілік заманда тыл қызметін атқарғандықтан «артымызда қалған өлке», «арқамыз­дағы ел» деген ұғымдарды береді. Сол өңірдің тау-тасын көп аралап, жете зерттеген қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның дерегінше, Сарыарқаның әу бастағы атауы да – Арқа. Бірақ өсімдіктері күйгендіктен, сарғайып жататын кең де үлкен жон, жалпақ үстірт, сансыз адырлы қырқа Сарыарқа деп аталып кеткен.

Алтын Орда заманында Сарыарқада Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұлысы өмір сүрді. Кезінде бұл туралы жазған көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Әнес Сарай Жошы Кеңгір өзені бойындағы Ордабазарға көшіп келгенде Сарыарқаның сайын даласына сүйсініп: «Төрткүл әлемді шарласаң да, мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шалқар соныны іздесең таппассың» дегенін келтіреді. Мұны қаламгер Қазақстан тарихына қатыс­ты парсы дерегінен алды.

Ал Қазақ хандығы дәурінде жыраулық поэзияның басы саналатын Асан қайғы қазақ даласын желмаясын мініп аралағанда, Сарыарқаның тауы мен жазығына, өзені мен көліне бағасын беріп кетті. Мәселен, Шідерті өзенін көргенде «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен! Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтұғын жылқының қонысы екен!» депті. Есіл өзені жайлы «Жары менен суының, жарлысы мен байы тең болатұғын жер екен» деген екен. Ал Нұра бойымен жүргенде «Алты күнде ат семіртіп мінетұғын жер екен» депті.

Жалпы салқар Сарыарқа туралы ескіден келе жатқан сөз де, өлең де, ән де, күй де баршылық. Әсіресе, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері секілді зар заман ақындарының шығармашылығында үлкен орын алады. 1822 жылы 22 маусымда патша өкіметі өзінің отаршыл саясатын нығайту мақсатымен жарлық шығарып, «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) уставын» бекітті. Сол заман ақындары ұлт тағдырын ойлап, дабыл қақты. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп «Қазақ поэзиясында «Сарыарқа» сөзі әлденеше ғасырдың белесінде – әуелі жалпылама «кең дала» ұғымы түрінде, содан соң нақты жер атауы санатында қолданылып келді. Сонымен қатар көшпелі қазақтың кір жуып, кіндік кескен төл мекені деген мән-мағынаны иемденді» дейді.

Филология магистрі Мира Күл­баева­ның «Зар заман поэзиясындағы «Сарыарқа» ұғымы» атты зерттеуіне жүгінсек, «шығыстағы Дулаттың, батыстағы Әбубәкір мен Мұраттың, Арқадағы Шортанбайдың бір-біріне ұқсас әуенмен ел мұңын жырлауы көп ойға жетелейді. Заманды сезіну ортақтығы деген осы. Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын оятты. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты» дей келе, ақындардың өлеңдерін талдайды. Соның ішінде Дулаттың мына өлең жолдарын келтіреді:

Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді?

Ұлы өрісі қысқарып,

Кең қонысың тарылды, – деп жыр­лаған Дулат Бабатайұлы төмендегі жолдармен өктем саясаттың алдында қазақтың дәрменсіз жағдайын, өкінішін сипаттайды:

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

Самалың салқын жон едің.

Сырдан ауып келгенде,

Жапырылмай шалғының,

Балауса балдыр балғының,

Тимеген ірге соны едің…

«Шортанбай – орыс отаршылдығы тұсында қазақ қоғамына кірген әлеуметтік өзгерістердің сырын терең ашып бейнелеген суреткер. Қазақ даласына сауда капитализмінің кіруі, қоғамның бай не кедей болып жіктелуі, өкімдікке талас пен сайлау кезіндегі даулар ақын өлеңдерінде әсерлі суреттеледі» дейді Мира Күлбаева.

Отаршылдық қасіретін Шортанбай былай жырлайды:

…Нысапсыз екен бұл кәпір,

Жеріңді алды, малды алды,

Пәлесі жоқ салмаған,

Қайысады қабырғаң,

Көтере алмай салмағын.

Шортанбайды әрі қарай сөйлетейік:

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, қазақтар,

Түсті соның торына…

Мұраттанушы ғалым, академик Бауыржан Омар «Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» мен «Сарыарқа» толғау-­поэмаларында халық басына түскен ауыртпалық арқау етілген» дейді. «Сарыарқадан» үзінді келтіре кетсек:

Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,

Көлденең Сағыз бенен Жемді басып.

Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық,

Сүйектес жақын жұрт деп араласып… – деп жырлайды ақын.

Жоғарыдағы Дулаттың, Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінен отаршылдықтың кесірінен қазақтың Арқадан ауғанын аңдауға болады. Әбубәкір Кердері де ұлтымызды Арқаның киік пен құланына теңейді.

Қазақтың бірнеше ғасырлық ше­жіресін хатқа түсірген, соның ішінде ұлттың жалпы тарихы, өнер мен мәдениет тарихы жайлы құнды жазбаларды қалдырған ақын, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сарыарқаның кімдікі екені туралы» еңбегі де зар заман ақындарының шығармашылығымен өзектес. Қара сөзбен және өлеңмен жазылған, 1907 жылы «Қазан» баспасынан шыққан бұл еңбекті Мәшһүр Жүсіп:

Сөз шықты біздің қазақ баласына,

Петербург келіңіз деп қаласына, – деп бастап, әрі қарай:

Айырылып қалып едің су мен жерден,

Қуат-күш кеткеннен соң әрбір ерден.

Біреуі айырылғанның – тау мен ағаш

Мүлкіңнен шығып кеткен бәрі бірден, – дей келе:

Айырылған біздің қазақ Есілінен,

Өзінің болған емес кесірінен…

Айырылды біздің қазақ Нұрасынан,

Атаның мекен салған мұрасынан… – деп жалғастырады.

Мәшһүр Жүсіп бұл еңбегінде Сарыарқадағы кейбір жер-су атау­ларының шығу төркінін де тарқатады. Соның ішінде «Баянауыл», «Қарқаралы-Қазылық», «Тоқырауын», «Жамшылы», «Өлеңті», т. б. осы сияқ­ты атауларға сипаттама береді.

Мәшһүр Жүсіптей Кереку өңірінде туған Қаз КСР Халық әртісі Шахан Мусин жас кезінде елдегі ашаршылықты көріп, соның бар қасіретін «Наркомға хат» атты өлеңі арқылы төгіп салады. Сол үшін 18 жылға сотталып, ақталып шыққан соң өмірін актерлікке арнайды.

«ХХ ғасырдың басында, әсіресе Алаш ағартушылығы кемеліне келген тұста сайын сахараны сипаттайтын «Сарыарқа» атауы Қазақ елінің тұтас­тығын танытатын ұлттық символдардың біріне айналған болатын. Бұл байырқалы бейне Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Нарманбет, Ілияс, т. б. ақындардың өлеңдерінде тиісінше таңбаланды» деп жазады Амантай Шәріп. 1917-1918 жылдары Алаш қайраткерлері Семей қаласынан «Сарыарқа» атты газет те шығарды. «Алаш» партиясының органы ретінде сол кездегі саяси-қоғамдық мәселелерді көтерген басылымда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, басқа да Алаш қайраткерлерінің мақалалары жарияланды.

Сарыарқа дегенде күрескер ақын, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының «Ерейментау» атты өлеңі еске түседі.

Абылай аспас Арқаның сары белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Нияздың Аюлы мен Қаракөлі… – деп басталатын өлеңде де көптеген жер-су, тау атауы кездеседі.

Күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» атты күйі елге белгілі. Қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің шыңында тұрған бұл шығарма күйшінің қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылды. Құрманғазының осы күйі біртұтас қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей.

Жазушылық өнер мен ғылымды ұштастырған, артында музыкалық мұра да қалдырған Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» атты әні – сазы мен сөзі үйлескен туынды. Өлеңін көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Несіпбек Айтұлы жазған ән:

Саржайлауым менің,

Ән жайлауым менің.

Жан жайлауым менің,

Беу-беу, Сарыарқа! – деп басталады. Туындыда «Аңыз дала, Абыз дала, Қобыз дала, Сарыарқаның» бар сұлулығы, «Шер-күйігім» атты бір сөзі арқылы басынан өткізген қасіреті баяндалады.

Белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің өлеңіне жазылған «Сарыарқа» әні де елге кең таралды. Беріде шыққан туындыларға келсек, өз басымызға талантты композитор Есжан Әміровтің «Сарыарқам менің» әні ерекше ұнайды. Оның өлеңінің авторы – арқалы ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы.

Ән-жырға, күйге айналған Сарыарқа жай ғана жер атауы емес. Онда қазақтың арман-аңсарымен қатар қайғы-қасіреті жатыр. Мұны жоғарыдағы мысалдардан байқауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button