Сарбаздарды шығарып салды

Астана тыныштығына жауапты Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарған сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті. Құрама басшылығы мерзімді әскери қызметін абыроймен аяқтаған 600-ден астам сарбазға алғыс білдіріп, әскери қалашық алаңында салтанатты түрде шығарып салды.
Сарбаздар азаматтық парызын адал атқарып, бас қаладағы заңдылық пен тәртіптің нығаюына, әскери бөлімнің жауынгерлік қабілетін арттыруға елеулі үлес қосты.
Салтанатты рәсім барысында сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Әскери бөлім командирі, генерал-майор Аян Есжанов олардың болашақ өмір жолында табыс пен биік белестерге жетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетерлік қуанышты жайт – осы буыннан 114 сарбазға «Мерзімді әскерилер 2:0» бағдарламасы аясында тегін жоғары білім алу гранты берілді. Бұл – олардың жарқын болашағына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Аталмыш бағдарлама жас сарбаздарға білім алып, болашақта әскери, құқық қорғау және мемлекеттік қызмет салаларында кәсіби дамуға зор мүмкіндік беріп отыр.
Нәсіпхан СПАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті