Саңлақ суретші

Елордадағы Forte Kulanshi Artspace галереясындағы биылғы алғашқы көрме белгілі қылқалам шебері, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сембіғали Смағұловтың туындыларымен ашылды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстан кеңістігіндегі бейнелеу өнеріне бір топ суретші келді. Сембіғали Смағұлов – сол буынның көрнекті өкілі. Бұл кезеңде еліміз тәуелсіздігін енді алып, сананың оянуы, тамырымызға оралу, тегімізді тану үдерістері жүрді. Осы жағдай шығармашылық адамдарына қатты әсер етті. Суретші Сембіғалидың туындыларынан бұл анық байқалады. Картиналарынан түбі бір түркі жұртының және қазақ мәдениеті, көшпенділер әлемі менмұндалайды.

Кенепте бейнеленген образдар мен сурет атауларының өзі баяғы, бағзы замандарға жетелейді. Кейбір атауларды тізбелесек, азаттығымызды алған 1991 жылы салынған «Темірқазық», одан кейінге кезеңдері қағаз бен кенепке түскен «Ұмай», «Самұрықтың самғауы», «Этникалық топтың қалыптасуы», «Кентаврлар мен амазонкалар шайқасы», «Олжа», «Номад наме», «Көшпелі әлем», «Арқайым», «Тәңір шапағы», «Тарлан», «Алаш жылқысы», Мұхаммед пайғамбардың туын ұстаушыны бейнелейтін «Алемдар» болып кете береді. Суретші туындылары қазақ фольклоры мен ұлтымыздың музыка мәдениетімен ұштасады. Бұған «Байғыз», «Құрманғазы», «Құлагер», «Есекей» атты картиналары көз жеткізеді. Қылқалам шебері шығармашылығы арқылы кешегі мен бүгінгіні де сабақтастырады. Туындыларының «Таңбалар селфиі», «Трансформация энергиясы» деген атаулары соған дәлел.

Белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы кезінде әріптесі туралы қалам тербеді. «Саңлақ» атты мақаласында автор кейіпкерін «графика» десең – сыза алатын, «кескіндеме» десең – жаза алатын, «мүсін» десең – балшық илеп, мыс құятындай қылып, картина танығыш, композиция дегенді сонадайдан «оқығыш» етіп жаратқан» деп сипаттайды. «Сембіғали Абзалбекұлы десем, көз алдыма оның шығармасындағы жылқылар образы келеді, көкейге Қамбар ата бейнесі қоса түседі. Ғасырлар бойында мал өсірумен, ұзара көшіп,
тежеле қонумен тірлік еткен елдің ұрпағы – жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі аттың бағасын өзгеше түсініп, ерекше сезінген, жылқы мінез суретші елестейді. Ол – еркіндік символы, ер қанаты жылқыны (түу, о баста) шығармасына кілт қылып алды да, «Сыншы», «Ертең бәйге», «Бұғаусыз тұлпар», «Аңшылар», «Сұлтан Бейбарыс», «Жалаңтөс батыр», «Кентавр биі», «Мың жылқы» деп, «Түйтенің көк шағыры» деп күллісін тізсек, ұзақ бір керуенге жүк болатын ұзын сонар картиналарының өн бойын ылғи қыл құйрықтыға толтырды» деп жазады Жеңіс Кәкенұлы.
Сембіғали Смағұлов жылқы бейнесін мүсінге де айналдырды. «Астана Опера» театры ғимаратының ұшар басындағы аспанға шапшыған жылқылар – соның өнер туындысы. Елордадағы «Қазақ елі» монументі авторларының бірі де – Сембіғали Абзалбекұлы. Астанадағы «Салтанат» сарайындағы «Көк түркілер әлемі» туындысы, бұрынғы «Думан», қазіргі Ailand отбасылық демалыс орталығындағы «Құс жолы» декоративтік өнімі де соның қолынан шыққан. Бас қаланың «Қаламгерлер» аллеясындағы «Үш арыс» (Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров) ескерткіші үшін мүсіншіге Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Белгілі суретші, философия докторы Лейла Махаттың айтуынша, Сембіғали Смағұловтың есімі отандық өнер тарихына аталған мүсіндік композицияларымен-ақ өшпестей болып жазылды. Суретшінің туындылары елімізден тыс шығып, шетелдік көрмелерге де қойылды. Атап айтқанда, қылқалам шеберінің жеке көрмесі әр жылдары Германияның 6 қаласында, Вена, Лондон, Мәскеу секілді әлем астаналарында, Кипр елінде ұйымдастырылды. Оның туындылары Мәскеудегі Шығыс халықтары музейінде, Омбыдағы Врубель атындағы музейде, Қырғыз Республикасы, Кипр елдерінің Ұлттық музейлерінде, өзіміздің Ұлттық музей мен өзге де іргелі руханият ошақтарында тұр. Сембіғали Смағұлов есімі Мәскеу өнертанушылары түзген рейтингтің жоғары жағында тұр. Қытайдың Нанкин көркемсурет университеті оған «Құрметті профессор» атағын берді. Сонымен қатар Сембіғали Смағұлов – өзге де шетелдік бірнеше марапаттың иегері. Оның туындылары бірқатар альбом мен антологияларға енді. Суретшінің Forte Kulanshi Artspace галереясындағы көрмесін осы қыс ішінде тамашалауға болады. Көрме бір жарым ай бойы көктемге дейін жалғасып, 3 наурызда жабылады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



