Басты ақпаратБілімЕл тынысы

Балалар құмар “Барапқа”

         Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің алдағы отырысына дайындық шеңберінде қалалық білім басқармасының «Бір тұтас тәрбие», «Адал азамат» бағдарламаларын орындау барысы қаралды. Осыған байланысты кеңес мүшелері Ақмола облысы, Ақкөл ауданы аумағында орналасқан «Барап» балаларға арналған спорттық-сауықтыру орталығына барды.

Қала әкімдігіне қарасты «Барап» лагері биыл мамыр айында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын қолжетімді және сапалы өткізуін қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Жазғы маусымда мұнда елорда мектептері ұсынған 2 мыңнан астам дарынды және жүлдегер, жетістіктерге жеткен, сонымен қатар аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларды қабылдау көзделіп отыр. Оған қала бюджетінен тиісті қаржы бөлінген. 135 га аумақты алып жатқан орталық табиғаты тылсым, ауасы саф таза ормандар арасында орналасқан. Бізді қарсы алған орталық директоры Вадим Моторин «Барап» сөзінің мағынасы «ормандар басталатын жер» екенін жеткізді. Әп дегеннен сапалы және су жаңа лагерь екені оның заманауи үлгіде салынған ғимараттарынан, оюмен безендірілген жолдары мен алаңқайларынан бірден байқалды. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бұл лагерьді атақты «Артек» сияқты деңгейге шығару мақсат екенін жеткізді.

-Жалпы қалада мектеп оқушыларының жазғы демалысын наурыз айынан бастап ұйымдастыруға кірістік. Биыл жазғы демалыспен елордалық оқушылардың 90 пайыздан астамын қамтамасыз еттік. Осындай қала сыртындағы ғана емес, мектепішілік, профильдік және әр түрлі мамандық таңдау лагерьлері де жұмыс істеп жатыр. Ал бұл лагерьге келсек, былтыр бір жыл бойы құрылысын жүргізіп, осы жылы маусымды бастадық. Балалардың да, ата-аналардың да көңілінен шығып, қуанып жатыр. Ендігі мақсат – лагерьді жыл бойына жұмыс істеп, балаларды қабылдай алатындай жағдай жасау, сол үшін білім беру процестеріне қатысты мәселелерді шешіп жатырмыз. Лагерьде уақыт өткізген кезде балалар тек демалып қана қоймай, жан-жақты дамуы керек. Орталық тұжырымдамасын жасағанда соған басымдық бердік, сондықтан мұнда келгеннен бастап балалардың әр минуты, әр сағаты, әр күні тығыз кесте арқылы қызықты әрі жақсы демалатындай етіп өтеді. Қазір кейбір лагерьлер біздің ерекше бағдарламамыз туралы естіп, қызығып, үлгі алу үшін, осында келіп, кеңес алып кетіп жатыр,- деді Қ. Сенғазыев.

Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдеріне әрқайсысына 100 керует сиятын 2 модульдік жатын кампусы көрсетілді. Балалардың жатын бөлмелеріне екі ярусты жап-жаңа керуеттер, шкафтар қойылған. Әр бөлмеде душы, әжетханасы бар.  200 орындық асханасы заманауи ас блогы, көкөністер сақтайтын қоймалармен жабдықталған. Кір жуатын, кептіретін, үтіктейтін блогы, көпфункционалды спорт алаңымен қамтамасыз етілген. Балалардың уақытын шығармашылықпен өткізуге ерекше көңіл бөлінген.

«Сәтті» орталығы шығармашылық бағыттағы сабақтар өткізуге арналса, «Өрлеу» коворкинг аймағы заманауи технологиялармен, яғни робототехника, видеография және мобилографиямен айналысуға мүмкіндік береді. Әкімшілік-тұрмыстық ғимаратта емдік дене шынықтыруға арналған сабақтар өтетін медициналық блок ашық. Лагерь аумағында сонымен қатар бойскаут-парк, пейнтбол полигоны, кедергілер жолағы сияқты нысандар да уақытты қызықты өткізуге септік етеді. Велосипед тебуге де уақыт бөлінеді. Түнде от жағатын «Алау» алаңы, әңгіме-дүкен құратын аллея, «Достық» алаңы да жаңғыртылып қолданысқа берілген. Барлық жұмыстар нысандардың өз мақсатына қарай санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі, техникалық нормаларды сақтай отырып балалар демалысының толыққанды және қауіпсіз өтуі үшін жасалған.

Білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат» бағдарламалары жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде еңбекқор, адал, саналы азаматты тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама білім беру ұйымдарының ішкі тәрбие жүйесіне сатылап енгізілуде. Әрбір ұйым өз ерекшелігіне сай бағдарлама құндылықтарын оқу-тәрбие процесіне кіріктіру бағытында жұмыс жүргізуде. 2025-2026 оқу жылында «Адал азамат» біртұтас тәрбие беру бағдарламасы әрі қарай жалғасын табады. Астана қалалық білім басқармасының «Барап» балалар сауықтыру орталығындағы тұжырымдамасының мақсаты пен міндеттері осы бағдарлама негізіндегі талаптарды қамтиды.

-Шілде айының соңында білім басқармасының тәрбие жөнінде атқарып жатқан жұмыстарына қоғамдық кеңестің кезекті отырысын арнаймыз. Сол мәселе қаралатын кезде мекемеге қарасты нысандарды аралау – кеңес жұмысында қалыптасқан дәстүр. Осы мақсатта бүгін “Барап” лагеріне келіп, оның жұмысы жоғары деңгейде жолға қойылғанына куә болдық. Табиғат аясында, қалың орман арасындағы орталықта балаларды тәрбиелейтін неше түрлі үйірмелер жұмыс істеуде. Табиғатты қорғау, туған жерді аялауды сол жердің суы мен тасына қарап үйренесің. Міне, сондай тәрбие беруге бұл лагерь жақсы негіз салып отыр. Бәрінен бұрын бұл жердегі қауіпсіздік мәселесі бізді ерекше таңқалдырды. Барлық жеріне бақылау бейне камералары қойылған, әр жасаққа екі жетекшіден берген, ас мәзірі де керемет, тамақ әзірлейтін жердегі қондырғылары да стандарттарға сай келеді. Ата-аналар балаларын алаңсыз осында сеніп тапсырса болады екен. Басқарма мен лагерь басшылығына осындай өте жауапты да маңызды шаруаны атқарып отырғаны үшін алғыс айтамыз, – дейді Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманалиев.

Келген балалар әр ауысымда 10 күннен демалады, жаз бойына сондай 7 ауысым болса, әрқайсысында 200 баладан қабылдайды. Лагерь сыртында футбол алаңдары, балық аулау сабақтарын өткізетін жасанды көлі бар. Орталық жұмысы бес бағытта жүреді. Атап айтқанда, спорттық-сауықтыру, бұған секциялар, жарыстар, жиындар өткізу кіреді. Екіншісі, көркем шығармашылық, оған театрлық іс-шаралар, концерттер, шеберханалар жатады. Үшіншісі, техникалық және ғылыми бағыта робототехника, ЖИ, инженерлік жобалар жасау қарастырылады. Экологиялық-биологиялық бағытта экоэкспедициялар ұйымдастыру, шағын-ферма жұмысын жүргізу қарастырылған болса, бесіншісі, туристік-өлкентану бағытында сейілге, серуенге шығуға болады.  Орталық сонымен қатар балаларды ақылы негізде де қабылдай алады. 10 күндік демалыс бағасы 150 мың теңге тұрады.  Лагерь ішімен толық танысқан қоғамдық кеңес мүшелері оның жұмысына жоғары баға берді және бірқатар ұсыныстарын да айтты.

 Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button