Салтанаттың сәні

Көрерменнің көзайымы, би өнерінің падишасы – Ел Салтанатына айналған «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі елімізде би өнерінің абыройын асқақтатып жүрген бірегей өнер ұжымы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына 70 жыл толуына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы орай Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Ел салтанаты» атты мерейтойлық концерті керемет аншлагпен өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Салтанат» мемлекеттік би ансамблі — ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік би өнерінің алуан түрлілігін насихаттайтын бірегей кәсіби ұжым. Жетпіс жылдық мерейтой қарсаңында ансамбль «Би керуені» жобасы аясында еліміздің әр өңірінде — Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Шымкент, Тараз қалаларында жоғары деңгейде брифинг, шеберлік сабақтары, фотокөрме мен гала-концерт ұйымдастырды. Шеберлік сағатына 1000 аса хореографтар мен бишілер, білім мен мәдениет саласындағы мамандар қатысты. Оларға тегін сертификаттар табысталды. Жуырда 70 жылға арналған концерт 24 қараша күні Алматы қаласындағы Almaty Theatre сахнасында аталып өтті. Мерейтойлық шарада арнайы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің шығармашылық жолын насихаттайтын кітаптың тұсауы кесілді, — дейді ансамбль директоры Елубай Кенжалиев.

Тарихы терең ұжымның репертуарында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің би қойылымдары бар. Мерейтойлық концерттің жаңа бағдарламасында әлем халықтарының билерімен қатар қазақтың ұлттық билері де орындалды. Көрермендер ұйғыр, татар, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және басқа да халықтардың билері арқылы олардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің әсем өрнегін тамашалады.
Кеш өткізу арқылы би ұжымы өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттырып, биік өнердің қасиетін бағалауға, өскелең ұрпақты жақсылыққа, ізгілікке, әдемілікке баулуға бастайды, патриоттық сезімді оятып, ұлт пен ұлыс арасындағы достықты, тату көршілік пен адами қатынастарды, игі істерді нығайту ды мақсат етеді.
Концерт барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылған фольклорлық ансамбль сүйемелдеуімен қазақтың ұлттық билері және әлем халықтарының хореографиялық қойылымдары ұсынылды. Би өнері өмірінің мәніне айналған өнер иелері жекелей де, топтық құраммен де қазақтың, басқа халықтардың ұлттық дәстүрлі билерімен қатар, қазіргі заманауи билерін асқан шеберлікпен, биік дәрежеде орындап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Ғажайып музыка, әсем би, керемет костюмдермен әрленген сахна – бейнебір ертегілер еліне кіріп кеткендей тамаша әсер қалдырды. Астана сахнасы мың бұралған бишілердің, талғаммен таңдалған күшті көрініске, сазды әуенге куә болды. Жексенбілік әдемі кеште таңғажайып билермен қатар кеш қонағы ретінде келген танымал әншілер мен шебер домбырашылар көрермендерге қазақтың әуезді әндері мен күмбірлеген күйлері тарту етті.
Концертке Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР Халық артисі Айтқали Жайымов, сондай-ақ аты аңызға айналған «Гүлдер», «Бірлік» ән және би ансамблі, «Наз» мемлекеттік би театры, «Шалқыма» халықтық би ансамблі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, күйші Таңат Саденов, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Жайна Тарғынова қатысып, кештің көрігін қыздыра түсті.
Тарихқа көз салсақ, «Салтанат» би ансамблі 1955 жылы Қазақ КСР халық артисі, Украина КСР-на еңбегі сіңген артис Лидия Чернышеваның басшылығымен құрылған. Алғашқы ұжым Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралған. 11 жылдан кейін 1967 жылы оркестр мен хор ашылды. Бастапқыда биші ұлдар мен қыздарды ел арасынан жинаған. Мұнда белгілі қазақ бишісі Шара Жиенқұлова да биледі. Ол Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың дүниежүзілік фестивалінде жеңімпаз болып, танымалдыққа жетті. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағына шығармашылық концертін қойып, кейін Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Ресейде, Қытайда өнер көрсетті. Би өнерінің хас шеберлері қазір де шетелдіктерді таңдай қақтырып жүр.
Құрылғанына 12 жыл толғанда жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен ансамбльге ел мәдениетіне «Еңбек сіңірген» құрметті атағы берілді.
Өнердің өз киесі бар. Би өнері — бекзат өнер. Би өнері – орындаушыны да, көрерменді де әдемілікке, нәзіктікке баулитын құдірет. Бұл ретте қазақ биінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өзінің 70 жылдық тағлымды жолында қаншама мықты бишілерді тәрбиелеп, тарихта өшпестей ізін қалдырып үлгерді. Кеш соңында сахнаға көтерілгендер би ұжымына сәт сапар тілеп, мерейтойларымен құттықтады. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов тапсырса, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау сөзді ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов оқыды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев атынан, Астанадағы жетекші балет ұжымы «Астана Балет» атынан, «Астана Концерт» компаниясы мен «Шалқыма» халық би ансамблі атынан, ықылас гүлдер шоғы табыс етілді. Зал толы көрермен би ұжымының концертін зор ықыласпен, ду қол шапалақпен қошаметтеп отырды.
Қазақ биінің фолькорлық, дәстүрлі, заманауи үлгісін дамытуға ерекше үлесін қосумен келеді. Алда да би ұжымын түрлі шығармашылық кештер, қызықты концерттер, небір тартымды бағдарламалар күтіп тұр. Мақсат – айқын, міндеттер белгілі, армандар орындалады. «Ел Салтанатының» елордадағы концерті – көрермендер үшін рухани ләззат, керемет әсер сыйлайтын кеш болса, би ұжымдары үшін шеберлік сағаттары іспетті. Өнер жолындағы сапары ұзақ, сәтті болғай деген тілек айтамыз!
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ



