«Сайра, сайра, сайрашы, Сандуғашым…»

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы «Сандуғаш» концертін өткізді.
Кешегі күндері қазақ сахарасын ән-күйге бөлеген қыз-келіншектерді еске алғанда, Майра Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова, Аққыз Ахметқызы есімдері бірден ауызға ілігеді. Бертінде Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Гүлбаршын Ақпанова, Ләззат Сүйіндікова, Жаңыл Қартабаева, Рахия Қойшыбаева, Кенжегүл Сыздықова, Қаламқас Орашева, күні кеше ғана өмірден өткен Майгүл Қазтұрғанова, т.б. осындай өнерпаздар ұлттық өнер мерейін асырды. Олардың бүгінгі ізбасарлары да баршылық. «Сандуғаш» атты кеш соған әбден көз жеткізді.
«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығында сондай өнер иелерінің біразы бір шаңырақ астына жиналған. Арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Айзат Қарабек, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрарова сынды елге танымал әнші-жыршылар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Күнсұлу Түрікпен мен Аяулым Қамажан, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, қобызшы Акерке Тәжібаева, жетігенші Венера Табыc, Дария Бекпенбетова, «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің солисі Тоғжан Үмбет, «Gulder» ансамблінің әртісі Іңкәр Айдарханқызы секілді жас дарындар да бар.
Міне, бір сахнада аттары аталған осы танымал өнер шеберлері мен жас таланттар тоғысып, әсерлі ән, күмбірлі күй, мың бұралған бимен көрермендердің көңілін көтерді. Концерт бағдарламасына енген халық әндері, эстрадалық композициялар мен әлемдік классиканың жауһарлары жаңаша сипатта орындалды. Домбыраның, қобыздың, сырнайдың, гитараның, тіпті пианиноның үнімен, өнерпаз қыз-келіншектердің нәзік даусымен ұлттық әуендер мен музыка үлгілері құлпырып шыға келді. Жиналған жұртшылық «Сайра, сайра, сайрашы, Сандуғашым» деп отырып, құлақ құрышын қандырды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ