Сахна сыртындағы жұлдыздар

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Сахна сыртындағы жұлдыздар» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, өнер адамдарын марапаттау рәсімі өтті.
Шара аясында мәдениет және өнер саласында қызмет етіп жүрген мамандар түрлі номинациялар бойынша марапат пен сыйлықтар алды. Ең әуелі іс-шараға шақырылған қонақтар қызыл кілемнен жүріп өтті. Ел алдынан алғашқы болып Қуыршақ театрының ұжымы өсте, олардың ізін ала Орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Максим Горький атындағы орыс драма театры, Астаналық цирк, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы, «Наз» би театры, Мемлекеттік шығармашылықты іске асыру дирекциясы, Жастар театры, Қанаттылар театры, Жастар сарайы, Музыкалық жас көрермен театры, Бірлескен мұражайлар дирекциясы, Жошы хан атындағы Qazaq National Group және Астана қалалық филармониясы өкілдері жүріп өтті.
Ал, шараның екінші бөлімі концерт залында жалғасып, ресми марапаттау рәсіміне ұласты. Алдымен 2024 жылы мәдениет саласында қол жеткізілген жетістіктерді қамтитын бейнеролик көрсетілді. Онда елордалық 14 мәдениет мекемесі 20 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырып, 2 миллионнан астам көрерменді қамтығаны айтылды. Аталған шаралар қатарында халықаралық «Көшпенділер рухы» фестивалі, Астана–Ташкент–Индонезия бағытындағы мәдени жобалар мен театр фестивальдері де бар.
Ал, салтанатты шараның марапаттау рәсімінің ресми ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз сөйлеп, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 16 мамырдағы № 876 Жарлығы бойынша ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан ерекше үлесі, мәдениет саласындағы ерекше жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының» әртісі Нұрай Танабаевты және «Ерен еңбегі үшін» медалімен Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» актері Оразалы Игілікті марапаттады.
Ал, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Астана қаласы әкімдігінің «Астаналық цирк» әртісі Чингиз Урманбетовты, Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Аягөз Қанаеваны марапаттады. Ал, Астана қаласы Мәдениет басқармасының экономикалық жоспарлау және құқытық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лаура Абдрахмановаға «Құрмет грамотасымен» тапсырды.
Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» суретші-дизайнері Ерлан Сералиевке министрліктің «Алғыс хатын» берді.
Бұдан бөлек, мәдениет және өнер саласында қызмет етіп жүрген 14 маман түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтар болсақ, «Суретші-реставратор» номинациясы бойынша Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясының» Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығының техникалық бөлімінің инженер-декораторы Айдын Маменов, «Үздік әдіскер» номинациясы бойынша Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Шынар Үстембекова, «Үздік дыбыс режиссері» номинациясы бойынша «Жастар сарайы» шығармашылық орталығының қойылым қызметі бөлімінің жетекшісі Иван Биндюк, «Үздік тігінші» номинациясы бойынша «Наз» мемлекеттік би театры» Тігу-реставрациялық шеберханасының меңгерушісі Гүлнәр Айсакова, «Қойылым бөлімінің үздік меңгерушісі» номинациясы бойынша «Жастар театры» шығармашылық орталығының қойылым бөлімінің меңгерушісі Алия Зикибаева, «Үздік костюм суретшісі» номинациясы бойынша Музыкалық жас көрермен театрының костюмдер бойынша суретшісі, Құрманғазы атындағы ҚҰӨУ-дің оқытушысы Айдана Еңгебай, «Үздік көлік жүргізушісі» номинациясы бойынша «Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының» Көлік жүргізушісі Юрий Щепанский, «Сахна декорация шебері» номинациясы бойынша Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма театрының декорация шебері Әсет Жолболдин, «Үздік шаруашылық меңгерушісі» номинациясы бойынша «Астаналық цирк» орталығының Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Клара Кабаболина, «Сахна машинисті» номинациясы бойынша «Қуыршақ театрының» Сахна машинисі Асан Шайбанов, «Үздік ұйымдастырушы» номинациясы бойынша «Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясының» Менеджер Еркежан Амангельдина, «Үздік сурдоаудармашы» номинациясы бойынша «Қанаттылар» инклюзивті театрының сурдоаудармашысы Айдана Жаппарова, «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша үздік оператор» номинациясы бойынша «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының» Өнім берушілермен жұмыс істеу бөлімінің менеджері Асель Бришева, «Үздік слесарь-сантехник» номинациясы бойынша М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының слесарь-сантехнигі Василий Кришковец қатарлы азамттар сыйланды. Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада дирижер, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова, композитор Ринат Гайсин, мәдениет саласының ардагері Жұбаныш Жексенұлы болды. Жұбаныш Жексенұлы өз орындауындағы «Мәдениет қызметкері болғаныма өкінбеймін» әнін арнап, кешке шынайы әсер сыйлады. Мерекелік кеш барысында «Наз» би ансамблінің көркем биі, Qazaq National Group тобының әні және Музыкалық жас көрермен театрының шағын қойылымы көпшілікке тарту етілді.
Кеш соңында барлық мекеме басшыларының атынан қызметкерлерге тосын сый жасалып, жылы лебіздерін жеткізіп, салтанатты кешті қорытындылады.
Шапағат ӘБДІР