
Құстың қос қанатындай 48 жыл 9 ай бір-бірімізден бір сәтке де ажырамай бірге жүріп келіп, қас-қағым сәтте сенен айырылып қалғаныма, міне, бүгін 15 жыл болды. Бір жаққа шығып кеткендей немесе ауруханада жатқандай, бір күні келіп қалатындай алаңдаумен, күнде күтумен уақыт, шіркін, өтіп жатыр.
Егер сен арамызда болсаң, осы күндері 90 жасқа келер едің ғой. Бүгінде ол мерейтойыңды өткіземіз деп жан-жақтағы балаларың дайындалып жатпас па еді деп өзімнен-өзім ойға батып отырғанымда, кенеттен телефон шылдыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем, арғы жағынан өзіңнің қаламдас інің, шәкіртің Мұратбек Тоқтағазиннің дауысы естілді. Ол амандық-саулықтан кейін сенің туған күніңнің жақындап қалғанын, соған байланысты редакцияның біраз іс-шарасын айта келіп, маған да қолқа салды. Дәл осы кезде Мұратбек екеуміздің ойымыздың бір жерден шыққанына жүрегім елжіреп, көңілім босап, сөйлей алмай тұрып қалдым. Сәл үнсіздіктен кейін Мұратбек біраз басу айтып, «сізде айтатын дүниелер жетеді ғой, сондықтан жазғаныңыз дұрыс болар еді» деді. Сөйтіп, қолыма қалам алуға тура келді.
Әрине, жарты ғасыр жұптасып өткізген өмірімізде айтатын жайлар баршылық қой. Тек соларды толық еске түсіріп, жүйелеп бере алсамшы. Өйткені әр оқиға еске түскен сайын, әр сөйлемді құрастырып жазған сайын жүрек толқып, көңіл босайды, көздің жасы тыйылмай да кетеді.
Сонымен, біз 1956 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне, журналистика бөліміне оқуға түстік. Ол мектепті алтын медальмен бітіріп келгендіктен оқуға бірден түсті, ал мен емтихан тапсырып, журналистика бөлімінде оқыдым. Бір жылдан кейін ғана ол бізге ауысып келді. Бір топта 25 студент, оның 5-еуі қыздар болдық. Мен алғашқы 3 жылда үйде тұрдым. Себебі жездем сол жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды да, жанұясымен Тастақ деген жерде пәтер жалдап тұрды. Мен солармен бірге болдым. 3 жылдан кейін оқуды бітірген соң, олар Орал қаласына көшіп кетті. Содан кейін мен жатақханаға шықтым. 4-курстан бастап біз, студенттер, сабақты бірге оқып, емтиханға бірге дайындалып жүрдік. Осы кезде жігіттердің біразы үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастады. Біз де соңғы 5-курстың аяқ кезінде көңіліміз жарасып, бас қостық. Оқуымызды ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Тың өлкесінің орталығы – Целиноград қаласына келіп, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналастық. Редакцияға бірден 4 журналист – Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев және екеуміз келдік. Газет редакторы Уара Нұрсейітов деген кісі екен. Бізді өте жақсы қабылдады. Сол жылдары елімізде қыз-келіншектер қатарындағы журналистер өте аз болатын. Ал бұл редакцияда мүлде жоқ екен және ерлі-зайыпты журналистер тіптен болмаған.
Сөйтіп, 1961 жылдың 15 тамызынан бастап біздің өміріміздің жаңа парақтары басталды. Редакцияда жастар өте көп болды. Жұмысымыз жемісті, өміріміз көңілді өтіп жатты. Редакцияның комсомол, партия ұйымдарының, Журналистер одағының жұмыстарына белсене араластық. Қандай да бір мереке, туған күн, үйлену тойы мен өмірге сәби келу қуанышының басы-қасында біз жүрдік. Әнші, күйші, биші дегендер өз арамыздан табылатын. Октябрь күйді өте шебер тартатын. Мектепте жүргенде, одан кейін университеттің домбыра оркестріне қатысқан. Қандай күйлерді болсын ол өте мәдениетті, білімділікпен орындайтын. Сондай бір басқосуларда марқұм Жомарт ініміз: «біздің Өкең Рахия апайды қырық күй тартып өзіне қаратып алған» деп қалжыңдап отырушы еді. Сөйтіп, біз әдеби қызметкерліктен бастап зейнетке шыққанға дейін журналистиканың барлық сатысынан өттік. Жұмыста ғана сондай жоғары жетістіктерге жетіп қоймай, жанұямызда да өсіп-өну, әртүрлі қуанышты оқиғалар аз болған жоқ.
44 жасында жұбайы соғысқа кетіп, содан оралмаған, үш баламен жесір қалған Шәрипа анамызды оқу бітіріп келгеннен кейін қолымызға көшіріп алған болатынбыз. Оның бауырында болған Қымбат деген үлкен апасының 4,5 жастағы баласы – Болатты да бірге ала келдік. «Үйленгендері кеше ғана сияқты еді, мына бала кімдікі болды екен» деп сұрағандардың кейбіреулеріне: «менің бұрынғы әйелімнен туған» десе, екіншілеріне: «Рахияның соңынан еріп келген» деп қалжыңдайтын Октябрь. Сөйтіп, біз оны тұңғыш баламыздай тәрбиелеп, өсірдік. Оның соңынан өзіміздің қыздарымыз – Ақмарал, Ботагөз, Лейла, кенже ұлымыз Қанат келді өмірге. Анамыздың арқасында балалардың бейнетін көргенім жоқ, жұмыстан да қалмадым. Тұрмыс жағдайымыз да біртіндеп жақсара бастады. Жұмысқа алғаш келген кезде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған едік. Артынан өмірге балалар келіп, жанұямыз үлкейген сайын үйіміз де кеңейіп, әуелі екі бөлмелі, одан үш бөлмелі, соңынан, яғни Октябрь газеттің бас редакторы болып тағайындалғаннан кейін бес бөлмелі үйге кірдік.
Тың өлкесі тараған соң газеттің аты өзгеріп, «Коммунизм нұры», одан «Арқа ажары» деп аталды. Сол жылдардың ішінде алғашқы редакторымыз У.Нұрсейітовтен кейінгі редакторлар Сафаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағанбетов, Ыбрайым Қапаров, Әмір Нүркішев деген ағалардың алдынан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алдық. Екеуміздің де еңбегіміз жанып, дәрежеміз өсті, марапаттардан да кенде болғанымыз жоқ. Кезінде «СССР баспасөзінің үздік қызметкері» атағына ие болғаным, КСРО Журналистер одағының төртінші, Қазақстан Журналистер одағының бесінші съездеріне делегат болып қатысқаным, ұзақ жылдар бойы пленум мүшесі болғаным соның бір дәлелі болса керек.
Ал Өкең 18 жылдан кейін өзіміз қара шаңырағымыз санайтын «Арқа ажарының» алтыншы бас редакторы болып бекітіліп, оны зейнетке шыққанша, яғни 16 жыл басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Газеттің қоғам талабына сай шығуына, партияның тапсырмасын мұқият орындауға асқан жауапкершілікпен қарады. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жіті қадағалап, қолдан келген көмегін аяған жан емес. Онымен қоймай, олардың балаларына дейін әкелік қамқорлық жасап отырды. Ал мен болсам редактордың зайыбы болғанымнан кейбір мақтау-марапаттаудан кеншін қалып жатсам да, қолымнан қаламымды тастаған жоқпын. Оған қоса редактордың бабын табу, бес бала мен енеге қарау, үздіксіз келіп жататын қонақтарды күту, редакцияның тапсырмасын орындау сияқты қат-қабат жұмыс атқарылып жатты. Ұжымда, жүрген жерімізде, жалпы қай ортада болсын абырой-беделіміз жоғары, үлкенге сыйлы, кішіге ілтипатты болдық. Әртүрлі қаңқу сөз, сыни көзқарас та болмай қалмады. Әйтсе де сол сындардан сүрінбей өтіп, құрметті зейнетімізге шықтық. Октябрь 60-қа толып, мерейтойын барша ел-жұрт болып құрметпен өткізгеннен кейін орнын бірнеше жыл қанаттасып жұмыс істеген, тәрбиелеген, өзінің оң қолы болған қадірлі інісі Жомартқа ұсынды. Бұдан кейін де ол қол қусырып қарап отырмады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақмола бөлімшесінің директоры болып бірнеше жыл қызмет етті.
Ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, өрісіміз кеңейіп, олардың әрқайсысынан екі-үштен көрген немерелердің ортасында еркін қыдырып, сайрандап жүреміз ғой деген шақта Өкең қатты сырқаттанып, тіпті жүре де алмай қалды. Қанша қиын болса да оған ештеңе білдірмей, қолдан келген бар жағдайды жасадық. Балаларым да, өзім де оны әлі де болса біраз жыл өмір сүреді деп үміттендік. Әркез әңгімелесіп отырған уақытта мен оған: «сенің анаң, жалпы нағашы жұртың – ұзақ жасаған адамдар. Солардың ішінде, әсіресе, 97-ге қараған шағында дүние салған анамыздың жасына келмей ешқайда кетпейсің. Оның бергі жағында 50 жылдық алтын тойымызды да өткізуіміз керек. Ол да есіңде болсын» деуші едім.
Өкінішке қарай, менің бұл өтініштерімнің бірі де орындалмады. Дендеген сырқат еңсесін көтертпей, екі жылдай төсекке таңып тастады. Мен оны тым жас та кетті демеймін, әрине. Алайда біраз көретін қызықтары, жазатын дүниелері көп еді ғой оның. Амал не, сұм ажал кімді аяған?!
Күтемін күнде өзіңді,
Бір күні келіп қалар деп.
Болмасын олай сезіндім,
Қолдан келер шара жоқ.
Екі жыл күттім аялап,
Еңбегім бірақ жанбады.
Болып ең бізге сая-бақ,
Ортайып орның тұрады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, балаларымыз Октябрь сияқты жауапкершілігі жоғары, адал, салиқалы азаматтар болып өсті. Тұңғыш қызымыз Ақмарал адам жанының арашасы деген атаққа лайық дәрігер болды, 16 жыл үлкен бір емхананың бас дәрігері міндетін абыроймен атқарып зейнетке шықты, ал күйеу баламыз Рәшид – құрметті полковник. Бүгінде екеуі екі қыз, бір ұл баладан бес немере сүйген ата-әже. Екінші қызымыз Ботагөз бен жолдасы Ғибрат, үшінші қызымыз Лейла мен күйеу баламыз Асқар алған мамандығы – ғалым-агроном ретінде елімізге қосқан үлесі аз болған жоқ. Әрқайсысы екі-екі балаларынан төрттен немере сүйіп отыр. Айтқандай, Ғибрат пен Ботагөздің қызы – біздің жиен немереміз Ғалия – атасының жолымен журналист мамандығын алғанына қатты қуандық. Кенжеміз – Қанатымыз қаржыгерлер арасында сыйлы да білікті қызметкер ретінде зор құрметке ие.
Октябрьдің тағы бір ерекше қасиеті ағайын-туысқа адал, достыққа берік болды. Өзінен үлкен апасы Қымбат пен қарындасы Теңдіктің балаларын оқытып, жоғары білім алуына көмектесті. Апамыздың баласы Болат 4 жасынан бастап біздің тәрбиемізде болған, бүгінде келініміз Гүлнәр екеуі екі балаларынан төрт немере сүйіп отырған құрметті зейнеткерлер. Ал қарындасы Теңдіктің кіші балалары Алмас пен Әсемді оқытып, әрқайсысы жеке-жеке отбасы, өз балаларымыздай болып кеткен.
Жұмыс бабында да сондай елгезек, оқу бітіріп келген жас журналистерге деген қамқорлығын бір аяған емес. «Айтқаны – қайтқаны» дегендей, кезінде ағалық, әкелік қамқорлығын көрген Бәдуан Имашев, Марат Дәдікбаев, Мұратбек Тоқтағазин, Бейбіт Оспанов, т. б. шәкірттері Октябрьдің 90 жылдығы қарсаңында жүрекжарды лебіз-естеліктен құрастырылған жинақ шығаруды ұйымдастырған еді. Сол кітап бүгін оқырманға жол тартып отыр. Оларға айтар алғысым шексіз. Рахмет!
Рахия ӘЛІБЕКОВА,
ардагер журналист,
Ақпарат саласының үздігі