Руханият

Сәкеннің ұстаздық қыры

Астанадағы С.Сейфуллин музейінде «Сырсандық» сериясының ХІ томы – «Сәкен Сейфуллиннің педагогикалық мұрасы» атты ғылыми-­танымдық еңбектің таныстырылымы өтті.

Аталмыш еңбектің авторы – педагогика ғылымдарының магистрі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты Гүлназия Ибраева. Жауапты шығарушы – тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов. Бұл серия С.Сейфуллин музейінің бұрынғы директоры, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының бастамасымен шыға бастады.

«Сәкен Сейфуллинді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын ретінде барлығымыз білеміз. Бірақ оның ұстаздық қыры көп зерттелмей жүр. Соны ескеріп, осыдан 15 жыл бұрын осы музейге қызметке келгенімде педагогикалық еңбектерін жинақтап, зерттей бастадым. Бұл кітап – соның жемісі» деген автор еңбегін таныстырды.

Кітапта Сәкен Сейфуллиннің мектептегі, жоғары оқу орнындағы сабақ беру әдіс­тері, шәкірттерінің естеліктері, мұрағаттардағы құжаттар жинақталған. Сәкеннің педагогикалық қызметі Ақмолада басталған. Ол сабақ берген Республика және Абай даңғылдарының қиылысындағы бұрынғы мұсылман мектебі қазір музей қызметін атқарып отыр. Осында қызмет істеп жүргенде Омбы мұғалімдер семинариясына арнайы жолдамамен оқуға кетеді. Осы семинария қабырғасына 1967 жылы Сәкеннің оқығанын айғақтайтын тақтайша ілінді. Оған Қазақстаннан Алаш рухты қаламгер Жайық Бектұров қана қатысты.

Сәкен Сейфуллин Қарағанды облысы Нұра ауданы Ахмет ауылында мектеп ашты. Бұл білім беру орнында Сәкеннен 40 шақты оқушы сабақ алды. Кейіннен мұнда да тиісті белгілер орнатылды. Сәкен Ақмолада, қазіргі Астанада «Слободка» деген ауданда да, Сарыарқа және Абай даңғылдарының қиылысында мектеп ашты. Совнарком төрағасы кезінде Орал қаласына да барып, мектептің ашылуына мұрындық болды. Бұл оқу орны қазір Сәкен Сейфуллиннің атында. Сәкен жоғары оқу орындарда да сабақ берді, факультет басқарды. Соның бірі – қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Кітапқа сонда оқыған шәкірттерінің естеліктері енді.

«Осы уақытқа дейін Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны ретінде 1928 жылы ашылған Қазақ педагогикалық институтын атап келдік. Бірақ кейінгі деректер бойынша 1924 жылы Омбыдан «Хұсаиния» медресесі бөлініп, Халық ағарту институты құрылды. Оны бөлек шығарып, жаңа ереже, жаңа оқулықтар енгізіп, қаулысымен бекіткен Сәкен Сейфуллин екенін анықтадық. Сондықтан Қазақстандағы ең алғашқы жоғары оқу орнын Сәкен ашты деген тұжырымға келдік» деді Гүлназия Ибраева.

«Сырсандық» сериясы бірінші томының алғысөзін мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов жазды. Осы іс-шараға қатысқан ол кітаптың құндылығын атап өтті.

«Бұл серияның маңызы – жыл сайын шығып жатқан кітаптар Сәкенді әр қырынан көрсетеді. Негізінен, Сәкен Сейфуллин кезінде үкімет басшысы болғандықтан, оның көп салаға қатысы болды. Міне, мына кітап педагогика саласына қалай көңіл бөлгенін көрсетіп жатыр. Ұлт ардақтысының қызметі мен мұрасы жөнінде библиографиялық еңбек жасау керек. Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов кеше ғана Алматыда өткен конференцияда Жапонияда болған жер сілкінісі кезінде Сәкеннің сол елге жасаған көмегі жөнінде баяндама жасады. Осындай кітаптарды ұрпақ үшін шығару керек» деді Оралбай Әбдікәрімов.

Сәкен Сейфуллин музейі­нің тұңғыш директоры Роза Асылбекова осы музейдің ашылу тарихына тоқталды. Астанадағы бүгінгі Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның ашылуына да Сәкеннің үлесі тигенін атап өтті.

«Сәкеннің басты мақсаты қазақ халқын ілім-білімге тарту еді. Бұл ақынның шығармашылығынан да көрінеді. Мысалы, інісіне, жары Гүлбаһрамға арналған өлеңдерінде сол туралы айтылады. Сәкен онда қазақ көп оқу керектігі жөнінде айтады. Алаштың аяулы перзентінің арманы бүгін орындалып отыр» деді Роза Асылбекова.

Сәкен Сейфуллиннің на­ғашы қарындасы Асылгүл Әбіш қазір елімізде Сәкеннің атында 38 мектеп барын айта келе, елордада университет жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Педагогикалық қызметін зерттеу енді басталғанын, жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Мемлекет және қоғам қайраткері Бейбіт Мамраев қазір Қазақстанның 7 томдық тарихы жазылып жатқанын жеткізе келе, оның маңызын атап өтті. Іс-шара барысында сұңқар ақынның «Тау ішінде» әні шырқалды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button