Сәкен университетіндегі Ұлыс тойы

Сұлу сәуір. Аспан көкпеңбек. Бір шөкім бұлт жоқ. Күннің сәулелері көзіңді қарықтырады. Ауадан бір жаңа, жылы леп есіп тұр. У-шуы көп қаланың өзінде табиғаттың ғажайып күйін сездірген сәттер бола береді. Алатаңнан тұрып, басыма оюлы ақ тақиямды киіп, Сәкен Сейфуллин атамыздың атындағы оқу ордасына (Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) қарай аяңдадым. Ұлыс тойына шақыру жолдаған Зейін Әліпбек ағам еңселі ғимараттың кіре берісінен құшағын жайып, қарсы алды. Одан әрі Әз-Наурыз тойланатын алаңқайға бардық.
Сол сәтте қаланың қарбаласынан шығып, ауылдағы Ұлыс тойына топ ете қалғанымды аңдадым. Құйқылжыған әсем әуен. Алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болған болзбала мен бойжеткен. Бір жерде асық ойынының, енді бір жерде тоғызқұмалақтың қызығына кіріп кеткен жұрт. Арқан тартып, ләңғі тепкендер бір жерде, кір тасын көтеріп, қазақша күресті, қол күресін, садақ тартуды тамашалағандар бір жерде үйіліп тұр. Алаңқайдағы ақ шаңқан киіз үйлер мен мерекенің эпицентріне айналған салтанатты сахна да Ұлыс тойының ажарын айшықтап тұр.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз қозы туады» дейді халқымыз. Ұлыс тойының салтанатты ашылу рәсіміне Нидерланды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Бас хатшысы Ян-Кис Гуд мырза бастаған шетелдік мәртебелі меймандар келді. Қызық болғаны, аграрлық білім беру және ауыл шаруашылығын орнықты дамыту саласында ынтымақтастық орнатуға келген делегация мүшелерімен бірге біз де Әз-Наурыздың құтты қонағы болдық. Ресми рәсімде Ян-Кис Гуд мырза, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы- Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов құттықтау сөз сөйледі. Оқу ордасының басшысы бұл оқиға Қазақстан мен Нидерланды арасындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ қазақ халқының бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтудың жаңа кезеңі болатынына сенім білдірді.
Одан кейін шетелдік мейман кішкентай қазақ баласының тұсауын кесті. Қазақы дәстүрге сай оның иығына шапан жабылды. Университет ұжымының қонақжайлығына риза болған Ян-Кис мырза бұл күн ұмытылмас әсер сыйлағанын, ұлттық дәстүрлеріміздің таңдай қақтырғанын жасырмай айтты. Салтанатты сахнадағы театрландырылған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты. Ол жерден көрермендер қазақ ертегілері мен аңыздарының кейіпкерлерінің жаңарған бейнелерін көрді. Ақ боз атқа мінген Қыдыр-ата ақ батасын берді. Бұл жаңарған күн мен жарқын болашақтың басталуын бейнелейді. Университет студенттері ұлттық киіммен шыққан би көші, Қара жорғаны топтасып билеу, шырқалған әсем әндер бірлік пен жасампаздық тойының сән-салтанатын одан әрі арттырып, күллі төңірекке паш етті.
Киіз үйлерге кіріп, қазақы ақ дастарханнан дәм таттық. Дәмі тіл үйіретін наурыз көже, қымыз бен шұбат, үлкен ас, қонақ күтіп жүрген ұлттық киім киген қыз-келіншектердің ашық-жарқын қабағы, ұйымдастырушылардың (Зейін Әліпбек пен Мақпал Орынбет) асқан қонақжайлығынан көңіліміз көк тіреді. Сәкен университеті Ұлыс тойын осылай дүркіретіп тойлап, Ауыл-Ананың құшағын, ықыласын, ниетін жалпақ жұртқа бір жарқыратып көрсетті! Ұлыс тойы құт-береке әкелсін! Сәкен университетінің мерейі әрқашан үстем болғай!
Төлен ТІЛЕУБАЙ
Суреттерді түсірген – Данил Акрамов