«Сәкен» фильм-концерті музейге табысталды

Бүгін елордадағы С.Сейфуллин музейінде «Сәкен» фильм-концертінің қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде дыбысталған нұсқаларының таныстырылымы мен кинотуындыны аталмыш музейге тапсыру рәсімі өтті.
Іс шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов пен Бейбіт Мамраев, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы, С.Сейфуллин музейінің тұңғыш директоры Роза Асылбекова, Сәкен Сейфуллинге нағашы жағынан жақын туыс болып келетін Асылгүл Әбіш, фильм-концерт актерлері, ақын атындағы музей қызметкерлері қатысты.
Аталған туынды өткен жылы мемлекет қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай түсірілді. Сценарий авторы әрі қоюшы режиссері – әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісов.
«Фильм-концерт жанры елімізде тұңғыш рет түсіріліп отыр. Бұл жанрдың ерекшелігі, мұнда көркем фильмнің, деректі фильмнің және театрдың элементтері бар. Соның бәрі музыка арқылы өрбиді. Сәкеннің халыққа кең тараған әндерін негізге ала отырып ақын жайлы біршама мәліметтер берілген. Өлеңдерінен үзінділер оқылады. Әндер жеке дауыста және көп дауыста орындалады. Композитор арнайы музыка жазды. Фильмде бір жылда өмірге келген тұлғалар Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды «үш бәйтерек» жайлы көріністер бар. Тарихи танымдық, музыкалық туынды Қазақстанның бірнеше өңірінде түсірілді» дейді фильм-концерт авторы Қанат Жүнісов.
Фильмнің шығармашылық ұжымы жайлы айтсақ, операторы және монтажын жасаған – Наршын Өрлеу. Суретшісі – Шынар Елембаева. Грим суретшісі – Гүлдана Рахматулла. Графика шебері – Наржол Өрлеу. Хормейстер әрі музыкалық өңдеуші – Олжас Дәлелхан.
Сәкен Сейфуллиннің ұлғайған шағын Қанат Жүнісовтің өзі, ал жастық шағын Біржан Жүнісов сомдайды. Сәкенмен үзеңгілес Ілияс Жансүгіров (әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатай) және Бейімбет Майлин (Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов) бейнелері де көрінеді. Сәкеннің ғашығын Саида Сағынова ойнайды.
Ал Сәкеннің фильмде шырқалатын «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Ақсақ киік», «Көкшетау» сынды әндерін Қанат Жүнісов, Зәмзәгүл Смағұлова, Әнуарбек Бектас, Ақжан Құрмашева, Жасұлан Ерболат әншілер хоры мен әншілер квартеті орындайды. Туындыда халық әні «Бір бала», Әбікен Хасеновтің күйі «Қоңыр», композитор Мұратхан Егінбаевтың ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған «Үш арыс» әні қолданылады.
Фильмді ағылшын тіліне ағылшын тілінің маманы Аружан Жүнісова аударса, осы тілде дыбыстаған аудармашы, «Жібек жолы» арнасының дикторы Нұрбек Кәмен. Ттүрікше түрік тілінің маманы Балжан Исабекова сөйлетсе, Әділ Ұзақов дыбыстады. Ал орыс тіліне аударғандар – режиссер әрі аудармашы Гүлжан Әбдібаева және Аружан Қанатқызы. Дыбыстаған – актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев. Фильмнің дыбыс режиссері әрі музыкамен көркемдеген танымал актер, композитор Олжас Дәлелхан. Кадр сыртындағы мәтіндерді Ситора Анварова, Біржан Жүнісов және Олжас Дәлелхан оқыды.
«Сәкен» фильм-концертінен қазақтың рухын көреміз. Бұл фильмнің жарыққа шығуы қазақ мәдениетіндегі үлкен белес деп айтуға болады. Сәкеннің де, Ілиястың да, Бейімбеттің де өмірі біле білген адамдарға үлгі-өнеге. Фильм-концертті көріп отырып, қазақ интеллигенциясының тағдыры мен трагедиясын да көреміз. Қазақ халқы, әсіресе жастар осыны білуі керек. Болашаққа нық қадам басуымыз үшін көрнекті тұлғаларымыздың өмірін білгеніміз жөн. Қазір көп кино түсіріліп жатыр. Әртүрлі бағыттағы коммерциялық кинолар шығып жатыр. Бірақ бізге рухани осындай фильмдер керек» дейді Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов.
«Сәкен» фильм-концерті 7 тамыздан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайтынын айта кетейік.
Аманғали Қалжанов