Мәдениет

«Сәйгүлік» – ұлы рух бейнесі

Былтыр Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Сәйгүлік» музыкалық драмасын сахналап, елді елең еткізді. Қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына арналған аталмыш туынды көпшіліктің көңілінен шықты. Steppe awards-2025 премиясында топ жарып, «Үздік спектакль» аталымын лайықты иеленді.

Бұл қойылым атауына көрнек­ті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанның өлеңіне жазылған Табылды Досымовтың елге белгілі әні арқау болды. Сол өлеңнің жазылғанына биыл 45 жыл болса, әннің туғанына 40 жылдан асты. Аталмыш туындыны ақын бар болғаны 19 жасында, композитор 20 жасында жазды. Сол уақытта екеуі де студент еді.

«Бұл – 1981 жылдың күзінде КазГУ-дың 8 жатақханасы, 306 бөлмеде дүниеге келген өлең. Ұлттың азаттығы өз алдына, рухтың азаттығы дейтін дүние бар. Рухтың азаттығы өзінің Құдайын, иесін аңсайды. Сол иеге деген ұмтылыс кезінде бейсаналы түрде жазылған өлеңдердің бірі. Жаным қиналған шақта түсіме тұлпар кіреді. Жайдақ мінген жылқым қайта-қайта жығып кете жаздап, алысқа алып кетіп бара жатады. Кейде ойлаймын, сол тұлпар мені жығып кеткен күні демім де таусылатын шығар» деген еді ақын бұл жөнінде бір сұхбатында.

«Сәйгүліктің» поэзия формасындағы алғашқы атауы – «Элегия». «Жалын» журналына басылған ақын өлеңдерінің топтамасындағы осы өлең   Табылдының көзіне ерекше түсіп, сөйтіп 1985 жылы ән туған.

«Сәйгүлік» әні жылқыға, тұлпарға арналған екен деп көбі қателеседі. Светқали Нұржан тәуелсіздігімізді аңсап жазған. Әкемнің достарының айтуынша, «Сәйгүлік» әні Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні секілді Желтоқсан оқиғасының алдыңғы шебінде орындалған ән екен. Демек, ол ұран болып шырқалған әндердің бірі болған» дейді бұл ән туралы Табылды Досымовтың ұлы Абыл Аяш.

Спектакльге келсек, жас актер, драматург Қазыбек Аманжолдың қаламынан туған туындыны талантты театр режиссері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әли Бидахмет сахналады. Ал бас кейіпкер Табылды бейнесін Ақжол Амантай сомдады. Актер бард бейнесін тамаша алып шықты. Тіпті, даусына дейін айнытпай салып алған еді. Қойылымды өзіміз  тамашалап, Табылды тіріліп келгендей күй кешкен едік. Премьераға арнайы қатысқан «Табылды Досымов» атындағы қоғамдық қордың басшысы Бижан Қалмағанбетов пен Табылдының курстасы, белгілі ақын Әбубәкір Смайылов та сондай күйде болғандарын айтты. Қысқасы, қойылым Табылдының жақындарын тебірентіп, толқытты.

Ақжол Амантай өткен жылы Ақтөбе қаласында ұйымдас­тырылған Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» атты ІІІ республикалық байқауға да қатысып, арнайы жүлдеге де ие болды. Ерекше атап өтерлігі, актер бастапқыда музыкалық білім алған. Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжде оқып, «Музыка мұғалімі» мамандығын алды. Одан соң Қазақ ұлттық өнер университетінің «Актерлік өнер» мамандығына түсіп, ойдағыдай аяқтады. Студент күнінде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрына қабылданды. Қазір жоғары санатты актер ретінде қызмет етіп келе жатыр.

Театр және кино өнерінде талай рөл сомдаса да, бір кейіпкер бейнесінде елдің сүйіктісіне айналған әртістер бар. Мәселен, Асанәлі Әшімов – Бекежан, Құман Тастанбеков – Төлеген, Меруерт Өтекешова – Жібек, Вячеслав Тихонов – Штирлиц… Осындай мысалдарды әлі де келтіруге болады. Өз басымыз Ақжол Амантайды Табылды Досымов бейнесінде елестетеміз. Әрине, мұнымен шектелмей, жұлдызын жандыра түсетін басқа да рөлдерді, өнерде сәйгүліктей шашасына шаң жұқпай, шабуын тілейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ   

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button