
Былтыр Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында ерекше форматтағы «Ән салайық бәріміз» атты караоке концерті өтті. Әнсүйер қауымның аузында жүрген әндерді танымал әншілермен бірге айтқанның өзі ғанибет! Көрермендер кеш бойы әуенге қосылып, бір кісідей ән салды.
Әсем кештің әсерін қыстың қарлы күнінде жүрегімізді жылытатын жылуға балап, тоқ көңілмен киімілгішке қарай аяңдадық. Алайда шымылдығы жабылып үлгермеген шырайлы кештің әсерін сол сәтте-ақ жоғалтып алдық. Филармонияның кең залының есігі ашылғаннан ентелеген дүрмек бірдеңеден құр қалғандай гардеробқа қарай тұра ұмтылды. Кимелеп, бірінен-бірі басып озып, әп-сәтте қара құрым қоюлана берді. Тойға киетін құндыз ішігіне елден бұрын қол жеткізуге асыққандардың беті жаман. Бірін-бірі итермелеп, шынтақтарымен түйреп, алақанындағы нөмірлерін бейне бір нан сұрағандай киім тартушыға алқына ұмсынады. Ол да орта жастан асқан жайбасардың нақ өзі екен. Халықтың шыдамы бітті-ау деймін, қолтықтың астынан басын тығып, негізгі кезекті басып-жаншып ішігіне қолы жеткендерді көргенде көбі шыдамады. Елді басуға шақырып, «айтса өзімізге тиеді» деп кісімсіп дауыстап сөйлегендер де жұрттың есін шығарды. Кимелеген жұрттың алдына түскіміз келмей, сәл ысырылып қалдық.
Бұрын-соңды мұндай кезек кеңес заманында болатын, «фин етігі» немесе қазіргі күні ессіз қалған үнді шәйінің кезегіне келгенде кісілер ешкімді танымай кететін. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында дегеннің кері келіп, қалың нөпірден жүрегі қыспай, аяқтың астында тізерлеп болса да кезекке жетіп, дефицит тауарды алып мәз болатын. Бұл көрініс көбіміздің есімізде. Енді соны елорданың мәдениет ошағында қайталап көреміз деп кім ойлаған?! Бас-аяғы 40 минутқа жетпейтін қырғында шыдамсыздары алдымен, сабырлылары соңынан дегендей киімін алып сыртқа беттеді. Көрген концерттің, жүректі толқытқан ән мен көкірек көңілімізге ұялатқан мәдениет пен әннің ізі де жоқ, әншілердің дидары да көзден бұл-бұл ұшты.
Әдемі кештің шырайын бұзған деуге болады, ел тарап кеткен соң қолымыздағы нөмірді өткізіп, сырт киімімізді алып тұрып, барынша сабыр танытып, киім алып берушіден айлықтарыңыз қанша деп сұрадым. Басқа да міндеттері бар шығар немесе 1,5 сағат қызмет үшін бе, анығын білмедім, 100 мыңнан сәл асады екен. «Мына жұмысқа өздеріңіз үлгермей жатсаңыздар, халықтың шыдамына тиіспей, киім алу кезегін қияметке айналдырмай, тым болмаса жұмысқа қолғабыс беретін еріктілерді неге тартпайсыздар?» деп тағы айттық.
Мүмкін сол күні бұл концертке қаланың барлық сабырсызы мен шыдамсызы жиналған болар. Дегенмен адамдардың мәдени орындарда болсын, қоғамдық көліктерде, тіпті дүкендерде де өздерін қалай ұстауды білмейтініне, мәдениетінің төмендігіне намыстанбайтындарды көргенде, әдепсіздікті қалыпты жағдайға айналған екен деп күйініп жүреміз.
Адамның бір қасиеті Жаратушымыздың да көркем есімінің бірін сабыр дейміз. Сабыр – адамның ішкі еркіндігіне, жан тыныштығына байланатын, төзім мен шыдамның бір көрінісі. Қандай жағдайда болсын, қуаныш пен қайғыға, қиыншылыққа да байсалдылық танытып, сыртқы қысымды жеңілдетуге мүмкіндік беретін көркем мінезге бастайтын қасиет. Ал асығыстық сабырсыздықты туындатты, ақырында істің бәрі шала.
Қамшының қысқа сабындай мына тірлікте бой жасап рахаттана алмаймыз, қым-қуыт тірліктің арасында жоғарыда айтқан әдемі кештің әсерін де сабырсыздықтың беліне бөктеріп жібердік.
Әйтеуір, асығыс-үсігіс, бәрін үстірт жасаймыз, ойланбай әрекет етеміз, қате шешім қабылдап, бастаған ісімізді аяқсыз қалдырамыз. Сабырсыздық сан соқтыратынын, етқызулықпен ештеңе шешілмейтінін біле тұра, көзсіз кимелейміз. Осы қасиетттерді жамылып, алды-артын ойламай, өтірік уәделер мен мақсатсыз әрекеттерді алға тартамыз. Ақырында табанының бұдыры жоқтардың біріне айналамыз. Осылайша, шыдамдылық, байсалдылық, сабырлылық деген адамның асыл қасиеті жоғалуда, өмірдің негізгісі мен уақытша, қосалқысынан ажырату мүмкіндігі жоғалады. Сабырлы рухани биіктерді бағындырады, рухы мықты болады. Көптеген танымал тұлға шыдамдылық талант пен сәттілікке қарағанда бір нәрсеге қол жеткізуге жақсы мүмкіндік беретінін мойындады. Абайдың:
«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан алауыз» деген сөзі қаз-қалпында.
Адамдар асығуға және күтпеуге, бәрін бір және бірден, дәл осы мезетте және дәл қазір алуға дағдыланған. Бірақ қайда бару керектігін білетін адам жақсы ауа райында міндетті емес, ұзағырақ жүре алады. Шыдамдылық жұмыста да, жеке өмірде де басқалармен қарым-қатынас жасау кезінде қажет болатын маңызды әлеуметтік дағды болуға тиіс еді. Айырылып барамыз.
Мамандардың айтуынша, сабырлы, байсалдылар депрессияға, өкпенің қабынуына, бас ауруы, ойық жара, ұйқының бұзылуымен аз ауырады екен. Стрестік жағдайлармен және жағымсыз эмоциялармен күресу қабілеті бізді адамзатқа және ғаламға қамқорлық жасауға итермелейді, бізді рухани дамытады және байытады. Яғни мейіріммен, жанашырлықпен болып жатқанның бәрін қабылдауға мүмкіндік беретін сабыр және оның бойында рухани кемелдіктің, адамгершілік тепе-теңдігіміздің орасан зор күші жатыр.
Айгүл УАЙС