Республикалық челленджді мәдениет қызметкерлері қолдады

Аналар күніне орай еліміздің мәдениет саласының өкілдері «Анаға тағзым – анаға құрмет» атты республикалық челленджге белсене қатысып, аналарға деген шынайы алғысы мен жүрекжарды ықыласын білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Челлендж аясында өнер адамдары әлеуметтік желілерде анасымен түскен фотосуреттер мен бейнероликтерін, балалық шақтағы естеліктерін, сондай-ақ анаға арналған шығармашылық туындыларын жариялады.
Аталған игі бастаманы қолдағандар қатарында Наз мемлекеттік би театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Астаналық цирк, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Жастар театры, Жастар Сарайы, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Музыкалық жас көрермен театры және басқа да мәдениет қызметкерлері бар.
Өнер саласының өкілдері анаға деген махаббатты әртүрлі форматта жеткізді: архивтік фотосуреттермен бөлісті, бейнероликтер әзірледі, өлең оқып, музыкалық және көркем туындылар ұсынды.
Мәдениет қызметкерлері өз шығармашылықтары арқылы ана бейнесін дәріптеп, оның қоғамдағы орны мен рөлін ерекше атап өтуде. Бұл – анаға деген алғысын білдіру ғана емес, сол арқылы ұрпақ санасына осы құндылықтарды сіңіру мақсатын көздейді.