Республика күні туралы елордалықтардың пікірі

Республика күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қуыршақ Тазабекпен бірге елорда тұрғындарына блиц-сауалнама жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акцияның мақсаты — астаналықтардың ұлттық мерекеге деген көзқарасын білу, осы күннің тарихи маңызы туралы білім деңгейін анықтау, сондай-ақ мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Сауалнама шеңберінде қатысушыларға мемлекеттік рәміздердің — Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының маңызы, олардың тарихы мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі туралы сұрақтар қойылды.
Дұрыс жауаптар үшін қатысушылар естелік сыйлықтар — фирмалық сөмкелер алды.
Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Республика күні Қазақстан халқының тәуелсіздігін, бірлігін бейнелейтін ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қазанда Қазақстанда Ұлттық мереке — Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 150-ге жуық мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, оның ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар өтеді.