Қоғам

«Репродуктивті денсаулықты сақтау – болашақтың негізі» атты семинар өтті

Астана қаласындағы Кәсіби-техникалық колледжде «Репродуктивті денсаулықты сақтау – болашақтың негізі» атты семинар өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Астана қаласының Жастар саясаты басқармасы мен «Даму қазақстандық қауымдастығының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 40 шақты студент қатысты.

«Бұл іс-шара Жастар саясаты басқармасының «Отбасы – бақыт мекені» жобасының аясында өткізіліп отыр. Жобаның мақсаты – отбасы институтын қалыптастыру және бекіту. Бүгінгі семинарда студенттерге репродуктивті денсаулық жөнінде кеңінен түсіндіріліп, талқыланды. Бұл үшін «Ана мен бала» орталығынан тәжірибелі дәрігерді шақырдық. Мұндағы негізгі мақсат – жастарға отбасын саналы түрде құру қажеттігін, болашақ ата-ананың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек екенін ұғындыру. Ал мұндай маңызды тақырыпты осындай жобаларда көбірек талқыласақ, болашақ жас шаңырақтар салауатты өмір салтын ұстанып, тұтас қоғамның саулығы арта түсуіне септігін тигізеді деген ойдамыз», – деді «Даму қазақстандық қауымдастығы» үкіметтік емес ұйымының директоры Анар Битибаева.

Семинарға арнайы шақырылған «Ана мен бала» орталығындағы бөлімшенің басшысы, дәрігер Алмаш Бекмұхамбетова мұндай іс-шара бірінші рет емес, жиі ұйымдастырылатынын айтты.

«Біз бүгін студенттерге қалай дұрыс тамақтану керек екенін, қалай спортпен шұғылдану керек, жалпы салауатты өмір салтын қалай сақтау керек – осы мәселелерді кеңінен түсіндірдік. Өйткені репродуктивті денсаулық осылардан қалыптасады. Қазіргі жастар газды тәтті сусындарды жиі ішеді, фастфудпен жиі тамақтанады. Дене қимылы, ұйқы тәртібін сақтай бермейді. Ал мұның бәрі балалы болатын кезеңге келгенде өзінің кері әсерін беруі мүмкін. Дәрігерге келетін жүкті жас аналардың көбінің бүйрегі, жүрегі, тағы басқа мүшелері ауырады. «. Кейбіреулері кейін 30-40-тың арасында ана-әке болу қабілетінен айырылып жатады. Сондықтан біз мұның бәрін әуелі салауатты өмір салтын сақтау мәдениетінен бастап үйретудеміз.
Сондай-ақ балалардың сауалдарына қарай әртүрлі аурулардан, ерте жүктіліктен сақтану жолдарын да айтамыз. Бүгін әйелдер дәрігері семинар өткізсе, келесі жолы урологты ала келетін боламыз», – деген Алмаш Бекмұхамбетова жастарға қашанда өздерін мазалап жүрген мәселелерді сұраудан, денсаулығын тексертуден ұялмауға кеңес берді.

Іс-шара барасында студенттер дәрігерге тақырыпқа қатысты сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button