Реновация бағдарламасы талқыланды

Астана қаласы мәслихатының депутаттары көшпелі отырыс барысында 2030 жылға дейінгі Астана реновациясы бағдарламасын талқылады.
Астана реновациясы бағдарламасына тұрғын үй қорының қазіргі жағдайын талдау, түгендеу жұмыстарын жүргізу, ғимараттарды жаңғырту тетіктері, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру тәртібі, өтемақы түрлері мен қаржыландыру көздері кіреді. Бұл – қалалық ортаны жүйелі түрде жаңарту, елорда тұрғындары үшін қауіпсіз, сапалы әрі заманауи тұрғын үй қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Тиісті жоспарға сәйкес, осы уақытқа дейін тозған және апатты күйге түскен 177 тұрғын үйдің тұрғындарын көшіру көзделген. Бұл – сүрілуге жататын 4 345 пәтер. Жалпы 2013 жылдан бері 338 апатты үйдің тұрғындары көшіріліп, барлығы 5 843 пәтер босатылды. Бағдарламаны іске асыруды уәкілетті ұйым – «Елорда Даму» ЖШС жеке құрылыс компанияларын тарту арқылы жүзеге асырады.
Елордада 2035 жылға дейін реновацияның бірінші кезектегі аймақтары белгіленді. Олардың жалпы аумағы 2 582 гектарды құрайды. Соның ішінде 297 гектар – Байқоңыр ауданына, сондағы Асан Қайғы көшесіне тиесілі. Жаңа жоспарлау шешімдерінде жалпы ауданы 2,4 млн шаршы метр болатын 96 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу қарастырылған.
Отырыста осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар ерекше қаралды. 2011-2024 жылдары бағдарлама операторы «Өркен қала» ЖШС 251 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіп, 332 лифтті ауыстырды.



