Ел тынысыСаясат

Референдумда дауыс беру күніне дайындық барысы туралы баяндалды

Республикалық референдумды әзірлеу және өткізу жөніндегі науқан аясында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, сыртқы істер, мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлерінің орынбасарлары, сонымен қатар ТМД миссиясының байқаушылары, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының референдумды бағалау миссиясының өкілдері қатысты. Бейне-конференциялық байланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырыс трансляциясы комиссияның интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен қамтамасыз етіле отырып жүргізілді.

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

  • 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы.
  • 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру күніне дайындық барысы туралы.

Негізгі мәселелерді қарастырмас бұрын ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарлары барысында 20 өңірде референдум учаскелері, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерін оқытуды ұйымдастыру, халықты ақпараттандыру, есептен шығару туралы куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды референдумға қатысушылардың тізімдерімен таныстыру жөніндегі жұмыстар тексерілгенін, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен жиналыстардың өткізілгенін атап өтті.

Референдумға қатысушылардың тізімдерін қалыптастыру «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 25-бабына және «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 24-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тізімдерді тиісті жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасының негізінде жасайды.

Әрбір учаске бойынша тізімдер учаскені құру туралы шешім қабылдаған әкімнің қолы қойылып, дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын учаскелік комиссияға акт бойынша ұсынылады.

Облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша тізімге 12 461 796 азамат енгізілген.

2026 жылғы 27 ақпаннан бастап референдумға қатысушылардың тізімдері учаскелерде және онлайн форматта танысу үшін қолжетімді. Азаматтардың түзетулер мен нақтылаулар енгізу туралы өтініштері келіп түскен күні қаралады. Инспекциялық сапарлар кезінде учаскелердің дайындық деңгейі және заңнама талаптарына сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды.

Нақтылағанда, учаскелерде арнайы бұрыштар жасақталған: олар компьютерлер, лупалар, қосымша жарықтандыру, дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпімен трафареттер, сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасымен жабдықталған. Сонымен қатар, ғимараттар пандустармен, кіреберісте тактильдік көрсеткіштермен және ішкі навигациямен қамтамасыз етілген.

Мұндай жабдықтары қарастырылмаған нысандарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар мен тактильдік көрсеткіштер орнатуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, дауыс беру күні инватакси және сурдоаудармашылардың қызметтері қарастырылады.

Елдің үш өңірінде — Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында  пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар дауыс берушілер үшін инновациялық шешімдер енгізілген бір учаскеден жұмыс істейтін болады.

ОРК отырысының бірінші мәселесі бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келе жатқанын атап өтті. Шетелдік байқаушылардың қатысуы референдумды ұйымдастырудың беделін арттыруға және азаматтардың дауыс беру процесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Байқаушылардың қатысуының құқықтық негіздері заңнамада бекітілген. Атап айтқанда, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар қатыса алады. Оларды аккредиттеу тәртібі, сондай-ақ құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен және өзге де заңнама нормаларымен айқындалады.

Белгіленген рәсімге сәйкес шетелдік байқаушылардың қатысуы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте олардың аккредиттелуін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық референдум комиссиясы жүргізеді.

Осыған байланысты 2026 жылғы 12 ақпанда халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылданып, содан кейін аккредиттеу басталды. Аталған рәсім 2026 жылғы 9 наурызда сағат 18:00-де аяқталды.

Аккредиттеу қорытындысы бойынша байқауға 38 шет мемлекеттің және 11 халықаралық ұйымның 359 өкілі қатысады. Олардың қатарында ТМД-ның байқаушылар миссиясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобы, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) байқаушылар миссиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқау миссиясы, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) байқау миссиясы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясының халықаралық байқау тобы, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) байқаушылар делегациясы, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК), Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының және Түркі академиясының өкілдері бар.

Екінші мәселені талқылау барысында облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының референдум комиссияларының төрағаларының өңірлердегі дайындық барысы туралы есептері тыңдалды.

Олар бюллетеньдерді учаскелерге жеткізу жоспарлары, есептен шығару куәліктерін беру, ақпараттық және әдістемелік материалдардың болуы, учаскелерді жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыру үшін жағдай жасау, комиссия мүшелерін оқыту, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау және халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

Аумақтық комиссиялардың өкілдері азаматтарға қолайлы болу үшін Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында дауыс беру учаскесін іздеу сервисі іске қосылғанын, сондай-ақ мобильді банктік қосымшалар арқылы PUSH-хабарламалар тарату ұйымдастырылғанын айтты.

Сонымен қатар референдумға қатысушыларға кеңес беру үшін Call-орталықтар жұмыс істейді.

Ұялы байланыс абоненттеріне SMS-хабарламаларды орталықтандырылған түрде жіберу жүргізілуде. Учаскелік комиссиялардың мүшелері үй-үйді аралап, азаматтарға референдум туралы мәліметтерді қамтитын QR-коды бар дербес шақыру билеттерін табыстауда.

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық референдум комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды.

12 ақпаннан бастап Орталық және аумақтық референдум комиссиялары ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқаны атап өтілді.

Өңірлердегі инфрақұрылымды тексерумен қатар учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейі де бағаланды. Референдумды ұйымдастырушыларды оқыту үш кезеңде жүргізіледі.

Бірінші кезеңде Орталық референдум комиссиясы аумақтық комиссиялардың тұрақты мүшелері үшін республикалық онлайн-семинар өткізді, оған 821 адам қатысты.

Екінші кезеңде өңірлерде 908 аумақтық комиссия мүшелері, сондай-ақ 31 233 учаске комиссиясының төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары оқытылды. Көшпелі оқыту семинарлары 24 ақпан — 9 наурыз аралығында өтті.

Қазіргі уақытта үшінші кезең жүзеге асырылуда: дайындықтан өткен учаске комиссияларының басшылары аумақтық комиссиялардың көмегімен қалған 38 068 учаскелік комиссия мүшелерін оқытуда. Дайындауды аяқтау 13 наурызға дейін жоспарланған.

Референдум ұйымдастырушыларын оқытумен қоса ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығы алаңында аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар және БАҚ өкілдері үшін арнайы онлайн-семинар өткізілді. Оған 500-ден астам адам қатысты.

Қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредитациялау жұмысы жалғасуда.

Сонымен қатар, жеті заңды тұлға референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу жүргізетіні туралы Орталық референдум комиссиясын хабардар етті. Заңнамаға сәйкес, дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні сауал салу нәтижелері, болжамдар және басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Осыған байланысты, 9 наурыз олардың жариялануының соңғы күні болды; бүгіннен бастап олардың таралуы мен қайта басылуына жол берілмейді.

Отырысты қорытындылай келе, Орталық референдум комиссиясының Төрағасы барлық деңгейдегі аумақтық комиссияларға  15 наурыздағы дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастырудың, сондай-ақ электоралдық рәсімдердің жариялы әрі ашық болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Референдум ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қойылатын негізгі талап — заңнаманы қатаң сақтау.

Отырыс аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері мен басқа да қатысушылар БАҚ үшін дәстүрлі брифингке қатысып, журналистерге  барлық сұрақтар бойынша түсіндірмелер берілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button