Ел тынысы

Референдум – жастардың өз таңдауын жасау мүмкіндігі

Астанада Қазақстан жастары конгресінің ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: жастар үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Талқылау барысында конс­титуциялық реформаның негізгі ережелері, оның жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы, азаматтық белсенділікті дамыту, сондай-ақ жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мәселелері қарастырылды.

Іс-шараны ашқан Қазақстан жастарының конгресі атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев Қазақстан үшін қазіргі кезеңнің тарихи маңыз­дылығын атап өтті.

Оның айтуынша, елде конс­титуциялық реформа жүзеге асырылып, Конституцияның жаңартылған мәтіні кең қоғамдық талқылауға ұсынылған. Жаңа редакциядағы Ата заң әлеуметтік мемлекет қағидаттарын күшейтіп, барлық азаматтарға, соның ішінде жастарға да, білім алу, еңбек ету және өзін-өзі дамыту салаларында тең мүмкіндіктер беруге бағытталғаны айтылды.

Дөңгелек үстелде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Зұлфухар Ғайыпов, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі Арайлым Сапарали, сондай-ақ саясаттанушы, «Бизнес, қоғам және мемлекет арасындағы байланыстар қауымдастығы» басшысы Аяжан Өтеуова сөз сөйледі.

Зұлфухар Ғайыпов жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды кешенді талдау, ашық қоғамдық талқылау және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау нәтижесінде дайындалған.

«Соңғы жылдары елімізде «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру мақсатында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Бұл өзгерістердің негізгі өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету» деді ол.

Өз сөзінде Нұрасыл Бекматов конституциялық өзгеріс­тердің тек құқықтық жүйені жетілдіруге ғана емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға да бағытталғанын атап өтті. Ол жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытудың маңыздылығына тоқталып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының ерекше мәнге ие екенін айтты.

Дөңгелек үстел аясында жаңа Конституция жобасының идеологиялық негіздеріне де ерекше назар аударылды. Бақдәулет Жанділдаев преамбуланың маңыздылығын атап өтіп, дәл осы бөлім Ата заңның құндылықтық және мазмұндық бағытын айқындайтынын айтты.

Дөңгелек үстел барысында «сұрақ-жауап» форматында ашық пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар өзекті құқықтық және әлеуметтік бас­тамаларды талқылап, конституциялық өзгерістер жағдайында жастар саясатын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button