
15 наурызда өтетін республикалық референдум бюллетенінде бір-ақ сұрақ жазылады. Азаматтарға жаңа Ата заңды қабылдау немесе қабылдамау таңдауы беріледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің техникалық параметрлерін айқындады. Парақшаның түсі, қарпі бекітілді. Қорғаныс қабаты мен баспа сапасына да ерекше мән берілген. Жалпы референдумде 12 млн-нан астам қазақстандық дауыс бере алады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың саяси науқанға кедергісіз қатысуына барлық жағдай жасалған. Референдум күні қала көшелерінде арнайы инватаксилер қызмет көрсетіп, көру қабілеті нашар жандар үшін Брайль қарпімен жазылған трафареттер қолжетімді болады. Ал сайлау учаскелері бірінші қабатта болады. Сондай-ақ пандустар, тактильді жолақтар және арнайы бейімделген кабиналармен жабдықталады.
Оған қоса электронды үлкейткіш құрылғылар мен индукциялық дыбыс жүйелерін қолдану жоспарлануда.
— Құлағы нашар еститін азаматтарға толық сурдо-аудармашылар қамтамасыз етіледі. Барлық өңірлер мүгедектігі бар азаматтарға инватаксилар біріншіден тегін, екіншіден көбейтілетіні жайлы айтылды. Өздеріңіз білесіз, бізде әр өңірде мүгедектігі бар азаматтардың саны көп, олардың дауыс беретін саны 50 мыңнан асады. Солардың барлығы 15 наурызда инватаксимен толық қамтамасыз етіледі, — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі ресми өкілі Кенжеғұл Сейтжан.



