
Qazaq tili қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжеханұлы Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы алғаш рет қазақ тілінде жазылып жатқанын, жаңа Конституцияның мемлекеттік тілде жазылуы – символикалық мәні бар қадам ғана емес, тағдыршешті институционалдық маңызы бар тарихи шешім екенін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Жаңа мәтінде қазақ тілінің табиғи сөз тәртібі, әуезі, сөзжасам принциптері ескеріліп, бір ұғым – бір термин – бір норма қағидаты сақталды. Құқықтық мағына мен тілдік форма қабысып, заң мәтіні бірізді әрі анық қалыптасты. Дегенмен, кемелдіктің шегі жоқ. Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында қоғамдық талқыға ұсынылған түпнұсқа мәтіндегі сөз саптау, стиль және тілдік нормаларға қатысты «Қазақ тілі» қоғамы төңірегінде топтасқан мамандардың ұсыныстарын жеткіздім, — дейді спикер.
Сонымен қатар ол стильдік нормаларды сақтау және ана тіліміздің табиғи әуезін ескеру арқылы жаңа Ата заңның мәтінін бұдан да жеңіл, ұғынықты етуге болатынына сенім білдірді және бұл бағыттағы жұмысқа әрі қарай да жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.



