Ел тынысы

Рәмізді қорласаң жазасыз қалмайсың!

Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асып кетсе де, әлі күнге дейін мемлекеттік рәміздерге түрлі сипаттағы шабуылдар жойылмай тұр. Атырау қаласындағы жастардың Сауд Арабиясының жалауындағы атрибут қосарланған Мемлекеттік тумен суретке түсуі соған дәлел,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, мемлекеттік рәміздерді орынсыз пайдаланғандар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс бойынша, қорлағандар Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады.

Енді осы баптарды тарқатып көрейік.

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 458-бабының 1 бөлігі:

Мемлекеттік туды, Елтаңбаны, Гимнді заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану мен орындаудың жазасы – 50 айлық есептік көрсеткіш (биыл – 196 600 теңге) көлемінде айыппұл.

Осы кодекстің 418-бабындағы 1-бөліктің 1-тармағы:

Мемлекеттік ту мен Елтаңбаны қолданғанда, көрнекі орынға қойғанда (ілгенде) мемлекеттік нышандар туралы заңнама бұзылса, ескерту жасалып:

жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге);
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 АЕК (39 320 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК (78 640 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл салынады.
Ал мемлекеттік рәміздерді қорлағандар Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша қудаланады.

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – 3 мың АЕК (11млн 796 мың теңгеге дейін) мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына; не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға; не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге; не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деп жазылған кодекстің 372-бабында.

Аталған жазаларға тап келмеу үшін «Мемлекеттік нышандар туралы» Конституциялық заңды білу маңызды. Өйткені заңды білмеу жазадан босатпайды. Осы тұрғыда мемлекеттік рәміздерге қолданылатын ұлттық стандарттардың жалпыға ортақ тезистерін ұсынып отырмыз.

МЕМЛЕКЕТТIК ТУ

Көлемiне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс.
Бейнесiн қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар өз туларының геральдикалық негізі ретінде пайдалана алмайды.
Бейнесi мемлекеттік наградалардың, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті
Мемлекеттік тудың негізгі көрсеткіштері мен сипаттамалары:

Сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған.
Ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.
Шұғылалы күннің, қыранның жəне ұлттық өрнек бейнеленген тік жолақтың бейнесі алтын түсті болуы керек.
Матасы – көгілдір түсті, жыртылмайтын, үйкелуге төзімді болу керек.
Матаның көгілдір түсі – №3125 U стандартына, шұғылалы күннің, қыранның, ұлттық өрнек бейнеленген тік жолақтың түсі – №102 U стандартына сəйкес болу керек.

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті
Мемлекеттік туды ұштығымен немесе онсыз сапта, тұғырда желбіреген мата түрінде бейнелеуге болады.

Мемлекеттік тудың немесе оның символика элементтерінің бейнесі түсірілген материалдық объектілерде:

бұлдыр бейне;
соралар, дақтар;
композициялық шешімде символика түсінің бұзылуы рұқсат етілмейді.

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті
Ту жасайтын шикізатқа және материалдарға қойылатын талаптар:

Мақта, зығыр, жібек, аралас жəне жүн маталардан, сондай-ақ химиялық талшықтар (жіптер) қолданылған маталардан дайындайды. Саптұғыр мен ұштық металдан, ағаштан немесе пластиктен дайындалады.

ЕЛТАҢБА

Графикалық бейнесі типографиялық, басу, штамптау, ою, жұқалтырмен бедерлеу арқылы, компьютерлік графика көмегімен немесе оның өлшеміне тəуелсіз қамтамасыз ететін басқа тəсілмен тəсілмен орындалуы мүмкін.
100 мм кем диаметрлі бейнесін қолданған жағдайда оңайлатылған нұсқасын қолдануға жол беріледі.
Орынжай ішінде пайдаланудың кепілдік мерзімі – пайдалануға енгізген күннен бастап 3 жылдан кем емес. Ал ашық аспан астында қойылған жағдайларда пайдалану мерзімін өндіруші белгілейді.
Елтаңбаның ресми қолданысқа арналған нұсқасы – 500 мм эталон үлгі. Бұл үлгінің сипаты мынандай:

Негіз ретінде қазақ киіз үйінің символдық бейнесі қабылданған.

Қиық конус пішіні бар.

Киіз үй құрылымы негізгі төмендегі элементтерден тұрады: «Шаңырақ», «Кереге»,, «Босаға».

Қима конустың бүйірлік бетінде «бес бұрышты жұлдыз» орналасқан.

«Шаңырақ» гербтің орталық осіне қарай ығыса отырып киіз үйдің орталық бөлігіне орналасқан.

«Кереге» «шаңырақ» негізіне симметриялық қатынаста орналасқан.

«Шаңырақтан» аралы 5° бұрышпен бөлінген 72 «уық» тарайды.

Елтаңбада шығыңқы элементтері бар төменгі бөлікке орналасқан.

«QAZAQSTAN» сөзі «босағаның» орталық бөлігінде орналасқан.

«Тұлпарлар» (Аңыздағы қанатты тұлпарлар) – «шаңырақ» элементінің екі жағынан симметриялы орналасқан.

«Арқар мүйізі» – «Qazaqstan» сөзінің екі жағынан композиция түзіп орналасқан.

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті

Фото: Техникалық реттеу жəне метрология комитеті
ӘНҰРАН

Әншiлер мен әншiлер-сазды аспаптар орындаған жағдайда толық орындалу керек.

Ал сазды аспаптар орындаған жағдайда iшiнара орындауға жол берiледi – бастапқы бір шумағы мен қайырмасы бiр рет орындалады.

Мәтiнi мен музыкалық редакциясы дәлме-дәл сәйкестiкте орындалуға тиiс.

Көпшiлiк алдында орындалғанда іс-шараға қатысушылар орнынан тұрып, оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып тыңдайды.

Шет мемлекеттер аумағында Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi белгiлеген ережелерге сәйкес, іс-шара өтіп жатқан елдің қалыпты практикасы мен жергiлiктi әдет-ғұрыптары ескерiле отырып орындалады.

Гимнді дәлме-дәл орындауды бақылау Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының басшыларына жүктеледi.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button