Денсаулық
Қызылшаға қарсы иммундау күшейтілді
Жыл басынан бері ел бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелді. Еліміздің 9 өңірінде: Астана қаласында, Алматы қаласында, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстарында аурудың өскені байқалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Аурудың көптеген жағдайлары 5 жасқа дейінгі балалар арасында (72%) тіркеледі, атап айтқанда, 1 жасқа дейінгі балалар – 24%, 1 жастағы балалар – 23%, 2-4 жастағы балалар – 26%. Сырқаттанушылықтың 78%-да екпе алмаған адамдар арасында тіркелуде. Екпе алмай ауырған науқастардың 56%-ы екпеден бас тартқан адамдар, 14%-ы медициналық себептермен кейінге қалдырған адамдар, 30%-ы егу жасына жетпеген балалар», — деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Нысаналы жастағы балаларды жоспарлы иммундау жүргізілуде.
«Аурудың артып отырғанын ескере отырып, 2025 жылғы қарашадан бастап вакциналардың қолда бар көлемі шеңберінде 6-11 айлық балаларды қосымша иммундау бойынша жұмыстар күшейтілді», — деді Комитет төрағасы.



