Қыстағы қауіпсіздік жарақаттың алдын алады

Қыс мезгілінде елордалықтардың жарақат алу қаупі артатыны белгілі. Қар, жаңбыр, ауа температурасының күрт ауытқуы жаяу жүргіншілер үшін қауіп төндіреді. Қаланың штаттан тыс травматологы, басқарма маманы Алексей Солод қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және көшеде ерекше сақ болуға шақырады.
Денсаулық сақтау орталығы мамандарының айтуынша, жарақаттың алдын алу үшін қауіпсіздік мәдениетін сақтау маңызды. Бұл тек көшеде ғана емес, үйде, мектепте, қоғамдық орындарда да қарапайым ережелерді сақтауды қажет етеді. Өйткені қарапайым тұрмыстық қауіпсіздік шаралары жарақат алу қаупін айтарлықтай азайта алады. Әсіресе Астанада жауған қардың күндіз еріп, түнде қайта мұзға айналуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда тротуарларды жұқа мұз қабаты жауып, адамдардың тайып құлау қаупін күшейтеді. Сондықтан мамандар таймайтын табаны бар аяқ киім киюді, асықпай жүруді, аяқ астына мұқият қарауды және ерекше сақ болуды ұсынады. Жолды кесіп өту кезінде телефонға алаңдамау қажет.
Кешкі және түнгі уақытта жарық нашар болғандықтан, сырт киімге көзге көрінетін, яғни жарық беретін элементтер қолдануға кеңес береді. Бұл жүргізушілерге жаяу жүргіншіні алыстан байқап, тежеп үлгеруге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, балаларға қауіпсіздік ережелерін тек айтып қана қоймай, үйрету керек. Қыс мезгілінде балаларды мұз үстінде жүру ережелерімен таныстырып, олардың мектепке немесе үйге аман-есен жетуіне бақылау жасау ұсынылады.
Жұмыс орындарында профилактика шараларына ерекше мән берілген дұрыс. Жұмыс берушілер аумақтарды дер кезінде тазалап, көктайғаққа қарсы реагенттер себуге міндетті.
Қарт адамдарға арнайы резеңке немесе темір ұшы бар таяқ қолданған дұрыс. Жарығы жоқ әрі мұз қатқан жолмен жүруден бас тартқан жөн. Егер құлау қаупі туса, денені жинап, тізені сәл бүгіп, жанымен құлаған дұрыс. Қатты ауырсыну сезілсе немесе бас айналса, бірден орнынан тұрмай, көмек шақыру қажет. Дәрігерлер жарақат алған жағдайда, міндетті түрде медицина ұйымдарына жүгінуді және ата-аналарға балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруды ескертеді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



