Қысқа да нұсқа жинақ

Студент кезінде ақын Қадыр Мырзалиевтен «Мылтықсыз майданның генерал Бауыржаны бол!» деген бата алған журналшы, белгілі эссеист Бауыржан Омарұлының жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Авторды көзі қарақтыға таныстырып жату артық болар. Журналистикада, ғылымда, әдебиеттануда, мемлекеттік қызметте белгілі азамат соңғы жылдары әлеуметтік желіде де оза шауып тұр. Өйткені бұл да бүгінгі коммуникация құралы.
Жинаққа сан-салалы өмірдегі алуан тақырып қамтылыпты. Әсіресе, елге еңбек сіңірген адамдар, қоғамда орны бар замандастар, тағдыр мен тағылым, қилы оқиғалар – бәрі жұртшылыққа аз сөзбен көп мағлұмат береді. Қысқа саралама (аналитика) терең ой тастайды. Оқырман жаңа білім, тың деректі олжалап, тың хикаяға, мөлтек сырға қанығады. Өнер, ғылым, әдебиет, медицина өкілдері туралы әрлі сөзге, нәрлі сюжетке де кез болады. Әрбір тұжырымның тағылымы, сабағы бар. Өмірден көшкен тұлғаларға бағышталған мұнақып, небір қимас жандарға арналған бақұл сөздер де еніпті.
Әйгілі ұстазы Зейнолла Қабдоловтың ұлы Мұқаң туралы «Аудиторияға ұлылық кіріп келе жатты!» деген сөзін еске алып, даралық пен даналықты суреттейді. Тағы бір жазбасында: «Шартарапқа даңқы кеткен Шерхан Мұртаза ақпараттың сабақтаулы инесін баспасөздің жалаулы найзасына айналдырды» деп сипаттапты.
Автордың қаламгерлік талантын, ғылыми танымын, журналшылық тапқырлығы мен ұшқырлығын көпшілікке пайдасы мен сауабы тиетін, оқырман зейінін оятатын шағын эсселерге, қысқа әңгімелерге жүктегені қуантады.
Әрине, әлеуметтік желіден оқып-танысу бір бөлек те, тасқа басылған жинақтан оқудың өзіндік әсері бар.
Мұндай игі қадам кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы шығармашыл бастаманың бірі десек, ақылға сыйымды. Басылым өнімі сапарда, жолда оқитын кітап түрінде, ыңғайлы форматта жарық көріпті.
Салмақты публицист, эссе жанрының шебері Бауыржан Омарұлы алдағы кезде де әріптестері мен қадірлестерін тамсантып, қалың оқырманын, желілестерін келелі ойға кенелте береді деп сенеміз.
Дархан МЫҢБАЙ,
мемлекет және
қоғам қайраткері



