Қыспақта жеген құрттың дәмі

Елімізде жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Бұл – тоталитарлық режимнің құрбаны: жазықсыз жапа шегіп, отсыз-сотсыз бір оқтық болғандардың, әділетсіз айыпталып, жер аударылып, түрмеде торылғандардың және аштықтан өлгендердің тағдырын тірілердің есіне салатын күн.
Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап большевиктер елімізді өздерінің қолайына келмегендерді қамайтын қапасқа, бүтін халықтарды жер аударатын азап лагеріне айналдырды. Солардың қатарында немістердің мехнатын айтуға болады. Әртүрлі бағалаулар бойынша 1937-1938 жылдары «фашистер», «халық жаулары», «диверсанттар», «тыңшылар» деген айыппен 69-73 мың неміс, олардың шамамен 40-41 мыңы ұлттық белгілері, яғни неміс болғаны үшін сотталды. 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 92571 неміс жасап, жалпы саны бойынша жетінші орынды иеленген екен.
Деректер бойынша бүгінде айналасына ел қонып, егемен еліміздің елордасына айналған Астанаға дейінгі Целиноград қаласында немістердің алғашқы жиыны ашылып, үмітті де үрейлі кездерді бастан кешкенін білеміз.
Егер тереңірек бойласақ, 1989 жылы наурызда советтік немістердің қоғамы «Wiedergeburt» құрылады. Ұлт болашағына қатысты көптеген міндеттер мен мақсаттарды алға қойған ұйым одақтас республикаларда немістердің этникалық өзін-өзі сақтауын қамтамасыз ету, ұлттық мәдениет пен ана тілін сақтау және дамытуды алға қояды. Қазақстандағы «Wiedergeburt» қозғалысының қалыптасуы мен дамуына жазушы Герольд Бельгер, қоғам қайраткерлері Анатолий Визе, Иван Шарф, Вилли Мунтаниол, Александр Дамлер, Виктор Кист, ғалымдар Эрвин Госсен және Эрнст Бус, көрнекті әнші Эльвира Мут, аты аңызға айналған жаттықтырушы Эдуард Айрих және тағы басқалар белсене қатысты.
Осындай белгілі тұлғалардың ықпалымен КСРО Жоғарғы Советінің декларациясында, 1944 жылғы 28 тамыз күнгі Жоғары Совет Президиумы Қаулысының күші жойылды деп танып, кеңестік немістердің көкірегіне үміт ұялатты. Немістер сол тұстағы біртұтас Кеңес Одағының заңсыз тартып алған Волга бойындағы автономиялық республикасын қайта құру туралы өтінішін айтып, Орталық Комитетке жүгінген. Осы кезеңде КСРО Президентінің тасырмасымен неміс өкілдерімен кездесу өткізген СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Гиренконың: «Неміс республикасы Волга бойында және басқа жерде де жақын арада құрылмайды» деп нықтап айтқаны және соның ізінше сол тұстағы бас хатшы М.С.Горбачевтың Нижний Тагил қаласындағы жиында «Неміс автономиялық республикасы болған жерде қазір басқа адамдар тұрып жатыр, неміс халқының жағдайын шешіп, басқа халықтарға қиыншылық туғызуға болмайды» деген сөзі үкім болып қабылданады.
Осындай алаң көңілмен сол кезеңде Целиноград қалалық партия комитетінің акт залында КСРО немістерінің І съезі өтеді. Шығып сөйлегендер неміс халқының тілі құрып кетуге айналғанын, жастардың өз халқының мәдениетін білмейтінін, советтік неміс халқының болашағы күңгірт екеніне тоқталады. Биік мінберден қырық пен алпыс аралығындағы немістердің өз есімі мен әкесінің есімдері неге орысша болатынына мән бермей келгенін, оның астарында өткен жылдарда жапа шеккен аз халықтың өз ұлты мен есімін айтуға деген қорқыныш жатқанын ашына жеткізеді.
Съездің нақты дерегі «Ақмола ақиқаты» газетінің 7 наурыз 1991 жылғы санында жарық көрді. Сол жиынға алпыс адамнан бір адам қатысқанның өзінде 200-ден астам адам жиналған. Жиынға шығып сөйлегендер кеңестік немістердің болашағы күңгірт екенін түсінген. Бұл, әрине, немістердің келесі бір дүрбелеңнің бастауы деуге болады.
Газетіміздің ескі тігінділерін ақтарып отырып, тағы бір дерекке көзіміз түсті. 1993 жылы Ақмола мен Берлин арасында пойыз қатынасы ашылған екен. Газет бетіндегі қысқаша ақпаратта «елімізде тұратын миллионға жуық немістердің тарихи отанымен мәдени, экономикалық қарым-қатынас жасауы жақсаратыны анық» деп болжау жасапты. Дегенмен бұл пойыз немістердің Еуропаға қарай бет бұрған көшін бастаған сияқты. Өйткені бұрынғы тоталитарлық кеңістікте алмағайып заман орнап, тоқыраудан кейінгі қайта құрулардың аяғы экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарға жеткізіп, бір сөзбен айтқанда, «тұрымтай тұсымен» болған шақ еді.
Әрине, қапаста өткен күндерді мәңгі ұмытқысы келген халық үйінің кілтін маңдайшасына іліп, лек-легімен көшіп жатты. «Тар жерде табысқан кең жерде келіседі» дегендей, немістер қазақ халқының қамқор көңілін ұмытқан жоқ. Балаларының болашағы үшін баз кешіп, тіл, салт-дәстүрінен қол үзіп қалған кеңестік немістердің араға бірнеше ғасыр салып, ескі жұртына барғанда алдарында не күтіп тұрғанын бірі білсе, бірі білген жоқ. Жаңа жердің өзіндік қиындықтары болды.
Жақында немістердің Бавариялық мәдениет орталығы (BKDR) астаналық «Wiedergeburt» немістер қоғамымен тығыз ынтымақтастықта «Auf deutschen Spuren in Kasachstan» («Қазақстандағы немістердің ізімен») атты өткенді еске алып, тарихқа тағзым ететін арнайы сапарын ұйымдастырды. Олардың арасында алды отыз жылдан астам уақыт бұрын Германияға қоныс тепкен, бірақ туған жерімен байланысын үзбеген бұрынғы қазақстандық немістер бар. Қонақтар үшін бұл кездесу өздері туып-өскен жерімен қауышып, елде қалған туыстарының зиратына тағзым етіп, өткен күндерге қайта оралу болды. Олар өздерінің қазақ жерінде өткен өмір үзігіне, балалық немесе жастық шақтан естеліктерінде қалған қазақ жерінің құдіретін сезінді. Өсіп-өнген елдің бүгінгі келбетіне сүйсінді.
Әрине, бұл сапардың да ауыр естеліктерге тұнған сәттер көп болды. Әсіресе, АЛЖИР, КАРЛАГ-қа барған сапары сол ауыр сезімді қоюлатып, көбінің жүрегін толқытты деуге болады.
Сол күндері Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінің алдында Бавариялық мәдениет орталығы қонақтарының құрамымен келген 74 жастағы Лидиямен кездесіп қалдым. Лидия музейге кірместен алдындағы орындықта ұзақ отырды. «Соншама жерден келгенде неге музейді араламадыңыз?» деген сұрағыма: «мені көптеген естелік кернеп кетті. Әке-шешемнің, сол жылдары ес біліп қалған өзімнің басымнан кешкендерім еске түсіп толқып отырмын. Енді сол қиын-қыстау күндердің куәсімен, сол күннің дерегімен бетпе-бет келуге күшім жете ме, денсаулығым көтереді ме деп отырмын» деді. Өзінің басынан кешкен оқиғаларын тыңдап, қандай қиындықтарды еңсеріп, осы күнге дейін жеткенге дейінгі өмірінен хабардар болдым. Ақырында «Сіз музейді аралап, өткен тарихты өз көзіңізбен көруіңіз керек. Қаншама қиындыққа қарамай, небір сынақтарды бастан өткеріп, жастығыңыз өткен қазақ жеріне келдіңіз. Құдайға шүкір, өткеніміз музейде қалды. Сіз бұрын қапас болған мына музейдің табалдырығынан аттап, жеңгеніңізді сезініңіз. Мүмкін, өмірдің ауыртпашылықтарын, ауыр күндердің елесін осында қалдырып, жеңілдеп қаларсыз» деп жігерлендірдім.
Аздан соң Лидия бойына бар күшін жинап, музейге енді. Біраз уақыт өткенде қос жанары жасаурап, екі беті алаулап, айналасына мейірім төккен егде әйелді танымай қалдым. Өткеніне салауат, қиянатқа кешірім берген адамның жүзі. Қонағымыз кетерінде тағы бір естелігімен бөлісті. Германияға алғаш көшіп барғанда, осында соғыстан кейін түрмеде болған егде тартқан кісіні кездестіріп, оның адам төзгісіз жағдайда жүргенінде, аштықтан алып қалған құрт жайында құрметпен еске алғанын айтты. Менің де тұтқындарға тас болып атылған қасиетті құрт туралы жазылған жыр жолдары ойыма оралды:
Дұшпан емес, мейір-көңіл
ұсынды,
Біз оларды, олар бізді
түсінді.
Айласының жеткенінше
қамқор боп,
Қайта оятты ажал жұтар
құсымды…
Айгүл УАЙС