Қырғызстандық мамандар «Астана Тазалық» тәжірибесіне қызығушылық танытты
Елордада коммуналдық қызметтерді цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар шетелдік мамандардың да қызығушылығын арттыруда. Астанаға Қырғыз Республикасының Бішкек қаласынан арнайы делегация келіп, «Астана Тазалық» ЖШС-нің жұмысымен және заманауи технологияларымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Делегацияға таныстырылған негізгі жүйелердің бірі – электронды жол парағы. Бұл жүйе арнайы техниканың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында техниканың жүріп өткен бағыты, атқарған жұмысы және пайдаланылған материал көлемі толық қадағаланады. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттырып, жұмыс тиімділігін еселейтін маңызды құрал саналады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін Алматы қаласында да талқыланып, бүгінде енгізу кезеңіне өткен.

Бішкектен келген делегация өкілдері елордадағы тәжірибені өз қаласында қолдануға ниетті. Олардың пікірінше, цифрландыру коммуналдық саладағы түйткілдерді шешудің тиімді жолдарының бірі.

«Бұл сапардағы негізгі мақсатымыз – цифрландыру бағытындағы тәжірибемен танысу және оны өз жұмысымызда қолдану. Осы ретте «Астана Тазалық» мекемесінің қызметімен танысып, бірқатар тиімді жобаларды көрдік. Әсіресе, коммуналдық техниканың қозғалысын онлайн бақылау жүйесі жоғары деңгейде дамыған. Мұндай цифрлық шешімдер қалалық қызметтердің жұмысын оңтайландырып, ашықтықты қамтамасыз ететіні анық. Сонымен қатар, қысқы кезеңдегі жұмыстарды ұйымдастыру, қар тазалау және реагенттерді қолдану тәсілдері де айтарлықтай жетілдірілген. Бұл тәжірибелерді біз Бішкек қаласының әкімдігіне ұсынып, өз қаламызда енгізу мүмкіндігін қарастыратын боламыз. Жалпы, бұл сапар біз үшін пайдалы ақпарат пен жаңа тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді,» – деді Бішкек қаласы «Тазалық» муниципалдық мекеме басшысының орынбасары Иманакунова Бааркан Мелисовна.

Жалпы, мұндай тәжірибе алмасу екі ел арасындағы әріптестікті нығайтып қана қоймай, қалалық инфрақұрылымды дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.



