Қуыршақ театры мерекелік демалыста да жұмыс істеді

Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры Жаңа жыл мерекесіне орай берілген демалыста да үздіксіз жұмыс істеп, балаларға қызықты қойылымдар ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көптеген мекемелер мен мәдениет орындары мерекеге орай демалғанда бұл театр балалар үшін 2-7 қаңтар аралығында «Щелкунчиктің жаңа жылдық хикаялары» атты әйгілі қойылымды көрсетуде. Қойылыммен қоса жаңажылдық ертеңгілік те ұйымдастырылып, театр ұжымы түрлі кейіпкерлерді сомдау арқылы жас көрермендерге мерекелік көңіл сыйлады.

-Шытырман және әсерлі оқиғаларға толы, баршаға әйгілі «Щелкунчик» ертегісі қуыршақ театрында, классикалық әуенмен сүйемелденіп, көрермен назарына ұсынылуда. Амадей Гофманның ертегісі көз алдымызда қайта тіріледі. Жаңа жыл қарсаңында басты кейіпкер Маридің сүйікті ойыншықтарына жан бітеді. Егеуқұйрықтар патшасы мен оның әскерлерінен қауіп төнеді. Басты кейіпкерлер Қуыршақтар патшалығын құтқарып, Егеуқұйрық патшасын жеңе ала ма екен? Соны осы күндері астаналық 9 мыңнан астам бала келіп тамашалады, — дейді театрдың менеджері Аңсат Еспанова.
Қойылым енді 5, 6 қаңтарда 12.00-де қазақ тілінде, 16.00-де орыс тілінде сахналанады. Мерекелік және ІІ-тоқсаннан кейінгі оқу каникулында демалып жатқан оқушылар үшін де, балабақшаға бармайтын бүлдіршіндерге де бұл уақытын тиімді өткізуге бір себеп.
Аталған театрда алдағы күндері репертуардағы «Аяз», «Айка мен Адеканың жаңа жылдық хикаялары», «Ертеде екі үйрек болыпты», «Күлшеқыздың шыны шәркейі» атты қызықты қойылымдары кішкентай көрермендер назарына ұсынылады. Театр қойылымдарын 3 жастан асқан балалар тамашалай алады. Билет құны — 1500 теңге.




