Басты ақпаратРуханият

Құстардың көз жасы…

Нұрағаң жайлы ойлануға болады, толғануға болады… Ал жазу өте қиын.

Көкейде жүрген көкек ой бірде қонады, бірде ұшады.

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып…

Қандай керемет мәтін! Неткен философия! Өне бойы лирикаға толы Тұманбай көкеміз қалай дөп түскен?!

..Летит, летит по небу клин усталый –

Летит в тумане на исходе дня…

Бұл – авар елінің ұлы шайыры Расул Ғамзатовтың жыры. Екі ақынның өлеңдері бүгінде классикаға айналған. Екеуін де халық сүйіп тыңдайды, сүйсініп айтады. Өйткені екі өлең де – сарала сағыныш. Сабырыңды сандыққа салып құлыптасаң да, саңылаудан жарып түскен сәуледей жаныңды тілгілейді. Өкініш бар. Өксік бар. Өміріңнің тоқтауына арналған үнсіз жоқтау – реквием. Өмір бар жерде Өлім бар. Бұл – заңдылық. Оған бас исең де, имесең де, табиғат заңы солай. Бірақ ақын мен сазгер қалай, қалай дөп түскен! Расул мен Тұманбай… Ян Френкель мен Нұрғиса Тілендиев…

Бір қызығы – екі композитор да соғысқа қатысып, аман келгендер.

«Тырналар» қалай басталады? Мұнда нота, саз трубамен түріледі.

Ер жігіттің өкініш пен өксікке толы, қабырғаңды сөгердегі «ах» ұруы…

Әрі қарай – скрипка. Бірінші, екінші, сосын виолончель… Тағы оркестр… Азан-қазан. Жан ұшырған тән азабы емес – жан азасы. Күйігі, күйзелісі – күбі түбіндегі кептелістей күңірену… Бір сәт – жүздеген, мыңдаған пәтердің жарқыраған оттары бірінен соң бірі сөне берген. Бір сәт – мына дүние, мына жарық әлем қап-қараңғы түнекке оранған. Төрт жол ән шумағы төрткүл дүниені шарлап барады. Көк аспанның төсіндегі тырналар… Көзінде жас, көңілдері қаяу. Бірінен бірі қалмауға тырысқан – мұңлы құстың шері бұл. Туған елмен қоштасқанда жылаған тырналардың тырауы. Міне, кіндік қаны тамған елге, өскен жерге, әр бұтаға, айнакөлге, қом суға деген қимастық, өкініш, өксік…

Иә, құстар да жылайды. Бірақ ешкімге оны көрсетпес. Құстың көз жасын көру үшін олармен бірге ұшу керек. Олармен бірге тілдесу, сырласу қажет.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей…

Жақыныңмен қоштасу бар әкеңмен, анаңмен, жарыңмен араздасу бар…

Бірақ байқамайтын, білмейтін, елемейтін, ескермейтін – ол жастығыңмен қоштасу.

Жалыныңмен қош айтысу қандай ауыр! Қандай трагедия! Адамның ең үлкен қатесі – осы жастығынан жырақтау. Тұманбай ақын мен Нұрғиса композитор қалай суреттеген, өрнектеген! Саз бен сөздің, сезім мен сананың тоғысқан сәті қос жүректің түбінен жарып шыққан сәуле дерсің. Сонау шыңырау құдықтың түбіндегі жылтыраған кәусардай, болмаса қара түнде жарқ еткен жасындай. Найзағай іспетті. Бір сәт – «аааааа» деген үн шығады. Мәтін де жоқ, ән де жоқ. Тек қана қайырма – «ах» ұру. Ана Расул мен Ян Френкель жазған «Тырналардағы» әуендей. Онда да осылай – тек ыңылдау.

Аспан ортақ, құс ортақ, ән ортақ. Себебі бұл құстар – ерек құстар. Талант пен дарынға ғана көрінеді. Оны басқалар байқамайды. Байқау үшін – басқа адам болу керек. Нұрғисадай дарын болу шарт. Нұрғисаның дарыны – құстың тілін білгенінде. Баяғы бағзы замандағы қиссаларда, Қорқыт атада мынадай жолдар бар:

«Желдің, судың, ағаштың,

Құстың да үніне құлақ түрді…» дейді.

Біздің Нұрағамыз осылай болған. Иә… құстың тілін білгенді Пайғамбар деген. Ал Тілендиев қазақ музыкасының пайғамбары еді. Ұстазы Ахаң салған сүрлеумен сапар шеккен салт атты сазгер болатын…

…Летит, летит по небу клин

усталый –

Летит в тумане на исходе дня,

И в том строю есть промежуток

малый,

Быть может, это место для меня…

Бұл – Расул Ғамзатов пен

Ян Френкель.

Ал біздің алыптар былай депті:

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады…

Бұларды – құстың тілін білгендер дейді. Ал құстың тілін білу үшін құс болып ұшу керек.

Әлқисса…

Талғат ТЕМЕНОВ,

кинорежиссер

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button