Басты ақпаратҚала мен сала

Құшақ жетпейтін құбырлар

Біріншісінің көлемі қолдың бас бармақ саусағындай. Одан соң біртіндеп үлкейе береді. Жуандығы білектей, тіпті одан да үлкенін кезіктіресіз. Ең ақырғысына сіз бен біздің құшағымыз жетпес. Сондай жуандықтағы дүниені қажетінше шығарып отырғанына қарағанда мұнда сұраныс та аз емес-ау деген ойға келдік. Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық парктен көргеніміз бұл. Аумағы 9 гектарға жуық жерді алып жатқан, өндіріс пен тұрғын үй құрылысына қажетті құбырлар шығарумен айналысатын «Polytech Astana» ЖШС зауытына бас сұқтық. Отандық өндірісті дамытуға күш салған серіктестік иелері әзірге өз тауарларын Қазақстан көлемінде таратып отыр.

Иә, диаметрі 16-дан басталып, ең соңғысы 1200 диаметрден аяқталатын құбыр өндірісінің негізі 2004 жылы қаланған. 2013 жылдан бері №1 Индустриялық парктен жер бөлініп, толық негізде түрлі өлшемдегі құбыр шығаруды қолға алған. Жалпы құны 4,15 млрд теңге инвестиция салынған өндіріс ошағының өзіндік ерекшелігі көп. Кәсіпорынның бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Узбаев цех ішін аралай жүріп, өзімізден шығып жатқан өнім жайын бізге түсіндіріп берген еді.

«Басты өніміміз – су құбырлары, сондай газ желілерін жүргізуге, электр желілерінің сыртын қаптауға арналған құбырлар. Қосымша күкірт қышқылына төтеп беретін, қысымға шыдамды, әсіресе «ҚазАтомПром» сияқты кәсіпорындар пайдаланатын құбырлар да бар. Жалпы әр құбырдың өз ерекшелігі, атқаратын қызметі, қай нәрсеге жарамды немесе жарамсыздығы туралы мәлімет болады. Тапсырыс берушілер де өзіне қажетті құбырдың қандай нәрсеге керектігін айтады. Сол бойынша өнім дайындаймыз. Ал негізгі шикізат – полиэтилен. Бұл химиялық зат біздің елден шықпайды. Біз оны Қытай, Ресей, Өзбекстан немесе Ираннан алдырамыз. Ал зауыттың жылдық қуаты – 15 мың тонна құбыр» дейді Нұржан Шамшидинұлы.

Оның сөзінше, шикізат өзімізден шықса, өнім бағасында да көп өзгеріс болады. Өзгеріс болғанда да, баға төмендейді. Өйткені барлық керекті шикізат өзімізден табылып тұрса, құбыр бағасы да қымбаттаудан аулақ тұратыны белгілі ғой. Ал қазір шикізаты сатып алу сырттан болған соң шығар, өнім бағасында аз-кем өсім жоқ емес. Мұндағы баға өнімнің ұзындығы не көлеміне емес, салмағына қарай қойылады. Мысалы, диаметрі 160мм SDR17 құбырдың бір метрге шаққандағы салмағын есептесек, бұл 3765 теңге екен.

«Рас, дәл қазір біздің өнімге сұраныс жоқ емес, бірақ елдегі үлкен сатып алушы компаниялар мұндай керектісін Қытай немесе Ресейге тапсырыс беріп алдыратыны да өтірік емес. Расын айту керек, елден шығатын өз өніміз сырттан келетін тауардан еш кенде емес. Тіпті артық десек те болады. Ал отандық өнімге деген Үкімет қолдауы тоқтамаса, белгілі бір келісім-шартпен жыл бойына сатып алу мәселесі жолға қойылса, елдегі өнім шығаратын кәсіпорындардың қадамы алға жылжи түседі. Егер отандық кәсіпорын шығарған тауардың осылайша сатып алу процес­терін жеңілдетіп, сапасы мен үлесін арттыру сынды жұмыс­тарын бір жүйеге түсірсе, онда экономикалық көрсеткішіміз де жаман болмасы анық» дейді ол.

Бүгінде кәсіпорын құбыр­лары арнайы тапсырыспен Астана, Алматы, Қостанай, Ақтау қалалары мен Қызылорда, Түркістан облыстарына жіберіліп жатыр. Айта кету керек, серіктестіктен шығатын диаметрі 16-лық құбырларды электр желілерін қаптауға пайдаланса, ең үлкен 1200 диаметрлі құбырлар – жерасты жылу желілерін жүргізгенге таптырмас өнім. Ал сапасына келсек, бұлардың жарамдылық мерзімі 50 жылға дейін жетеді. Бүгінде көбіне-көп 110 диаметрлік құбырлардан жоғары қарай өлшемдегі құбырларды өзіміздегі құрылыста көбірек қолданылады екен.

Төрт ауысыммен жұмыс істейтін зауытта дәл қазір 100-ден аса адам өз нәпақасын тауып жүр. Көпшілігі техникалық және механикалық мамандықтарды игерген. Сондай-ақ жұмысшыларға арнайы автобус қарастырылған. Бір мезгіл тегін түскі ас беріледі. Ең төменгі айлық – 250 мың теңге көлемінде.

«Құбырдың көлемінен бөлек, ұзындығы да тапсырыс берушінің сұранысына қарай жасалады. Мысалы, қазір жүк тиейтін көлік ұзындығына  байланысты 12 не 13 метрден құбыр шығарылып жатыр. Диаметрі 160-тан жоғары болатын құбырлардың ұзындығы да соған сәйкес құйылады. Ал диаметрі одан кіші құбырлардың ұзындығын арнайы орам арқылы бір шақырымға дейін дайындаймыз. Әртүрлі өлшемдегі құбырды ерітіп құятын жабдықтардың барлығы да заманауи технологиялар» дейді Нұржан Узбаев.

Нұржан Шамшидинұлының айтуынша, зауытта Қытай елінен алынған арнайы РЕ160 маркалы құрылғы арқылы диаметрі 16 мм мен 160 мм болатын құбырлар шығады. Ең үлкен диаметрдегі (1000-1200 мм) құбырлар неміс технологиясымен жасалған КМЕ150 маркалы балқыту аппаратында құйылады. Ал орташа көлемдегі құбырлар Финляндиядан келген ЕХ90 және ЕХ120 жабдықтарымен дайындалатынға ұқсайды.

Қоштасар уақытта зауыт басшылығынан екі ұсыныс болғанын айта кетейік.

Біріншісін мақала барысында да айтып кеттік. Ол – отандық өнім дәрежесін көтеру үшін тауарды сату тетіктеріне қолдау көрсету. Яғни, елдегі құрылыс компаниялары мен өндіріс ошақтары өзімізден шыққан өнімді сатып алуға ынта қойса деген тілек.

Ал екіншісі – шикізат жайы. «Құбыр дайындауда ең қажетті – «полиэтилен» дейтін дүние біздің елде дайындалмайды. Дәл осы затты өзімізден шығаруға мүмкіндік жеткілікті. Тек тағы да осы жерде мемлекетіміз жағдай қарастырса дейміз» деп сөзін қорытты Нұржан                          Шамшидинұлы.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button