
Астана қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалы «KazConstructionGroup» ЖШС ұжымымен кең ауқымды кездесу өткізді. Іс-шара барысында қызметкерлерге ұсынылып отырған Конституциялық реформалардың негізгі бағыттары түсіндіріліп, елдегі саяси жаңғыру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының Астана қалалық филиалы қалалық кеңесінің мүшелері Бауыржан Жангунаков және Ербол Батталов қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыру екенін атап өтті.
Бауыржан Жангунаков еңбек ұжымдарымен ашық кездесулер өткізудің маңыздылығына тоқталып, мұндай диалог алаңдары қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға және азаматтардың пікірін ескеруге мүмкіндік беретінін айтты.
«Конституциялық реформалар – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Сондықтан бұл өзгерістердің мәнін түсіндіру және қоғаммен ашық пікір алмасу – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсынылған өзгерістер жөнінде пікір алмасты. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар үшін мазмұнды талқылау алаңына айналды.


