Қоғам

Құрттың пайдасы орасан

Астанадағы №91 мектеп-гимназияда жазғы мектепалды лагерінде 26 маусым – есірткіге және олардың заңсыз айналымына қарсы күрестің дүниежүзілік күніне арналған «Таңдау аймағы: тәуелділіксіз өмір» фестивалі өтті.

Фестиваль барысында лагерь демалушыларына «Көңілді старт» квест ойыны түрлі логика тапсырмаларын шешу және зияткерлік ойындары ұйым­дастырылды. Бұл іс-шаралар балаларға салауатты өмір салтының маңызын түсінуге көмектесті.

«Этно-life: денсаулық пен дәм» аймағында «Атамекен» киіз үй лагерінің тәлімгерлері «Құрт – ұлттық суперфуд» шеберлік сабағын ұйымдастырды. «Атамекен» жасағының демалушылары ұлттық тағам түрлерінің ішіндегі ең пайдалысы – құрт туралы көп мәлімет алды. Олар құрттың жасалу жолымен танысып қана қоймай, өз қолымен құрт жасап көрді. Құрт – қазақ халқының ежелден келе жатқан табиғи антибиотигі. Кальций мен дәруменге бай, ағзаға күш-қуат береді, ыстықта шөлді басады, асқазан-ішек жолдарын тазартады.

Тәлімгерлер балаларға құрттың пайдасын тек ғылыми тұрғыда емес, астары бар ұлттық нақышта түсіндірді. Мысалы, кей жастардың арасында зиян­ды әдет – насыбай ату жиі кездеседі. Ол денсаулыққа өте қауіпті, түрлі ауыз қуысы, асқазан ауруларына шалдық­тырады. Ал қазақтың құртындай табиғи таза өнімді ауызға салсаң – күш береді. «Шөлің басылсын десең – құрт же, денсаулығыңды ойласаң – жат әдеттен аулақ бол!» деп ата-бабамыз әрқашан ұрпағын ойлап, тек денсаулықты ғана емес, рухани тазалықты да бірінші орынға қойған. Олар жас ұрпақтың бойына адалдықты, табиғилықты, ұлт болмысын сіңіруді көздеген. Құрт – соның бір дәлелі. Қазақ халқының өмір салты, тағамы мен тәрбиесі бір-бірімен тығыз байланысты. Ал жат әдеттер – жат мәдениеттің қалдығы. Сондықтан «Атамекен» жасағының демалушылары құрт жасап қана қоймай, сол арқылы таза болмысты, ұлттық құндылықты, салауатты өмір салтын бойына сіңіріп қайтты.

Гүлнәр АХМЕТОВА,

№91 мектеп-гимназия

директорының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button