Басты ақпаратЕл тынысы

Құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Президенті қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтты. Сонымен қатар Орталық Азия және Ресей арасында шынайы достық пен ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі

«Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үдерістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр. Осындай келіссөздерге қызығушылықтың артуы осының дәлелі. Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және аймағымыздың Ресей мемлекетінің перспективті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үстей түседі» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы үш жыл бұрын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көпжақты форматтағы ықпалдастықтың жемісті бастауы болғанын атап өтті.

«Бұл кездесу Ресеймен арада­ғы ұзақ мерзімді әрі көпжақты байланыстарға тың серпін беруді көздейді. Көпжоспарлы ынтымақтастық анағұрлым табысты дамуы үшін Орталық Азияның тұрақтылығын нығайту маңызды. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің негізгі міндеті – осы» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.

«Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақытылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның ин­вестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды.

«Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнес-­форумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен ин­дустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді» деді Президент.

Көлік-логистика желісінің өзегі

Президент көлік-логистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

«Еліміз үшін Ресеймен стратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан Қазақстан еуразиялық көлік-­логистика желісінің өзегі ретінде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тұрақты байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегия­лық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тоннаға жетті» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдында Ресейдің және Орталық Азия елдерінің Үкіметтерімен бірге өңірдің, жалпы еуразиялық кеңістіктің заманауи, қауіпсіз, орнықты көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында белсенді жұмысты жалғастыру міндеті тұрғанына назар аударды. 2030 жылға дейін 5 мың шақырымнан аса жаңа темір жол төсеп, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қадам жасалуда. 2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ­ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Бүгінде бұл бағытта тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайғанын көріп отырмыз. 2027 жылға қарай аталған көлік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр» деді Президент.

Ықпалдастық әлеуеті зор

Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді.

«Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді. Каспий құбыры консорциумының маңызына арнайы тоқталсам деймін. Былтыр осы желі арқылы шамамен 63 миллион тоннаға жуық отандық мұнай тасымалданды. Аталған ­проблеманы терең түсініп, нақты шаралар қабылдаған құрметті Владимир Владимирович, Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар шығыс тармағының да өзектілігі артып келе жатқанын байқаймыз. Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Біз арқылы жылына 10 мил­лион тоннаға дейін мұнай жеткізіледі. Дегенмен өткен жылы тасымалданған мұнай көлемі бұл көрсеткіштен асып түсті. Транзит қарқынының өсуіне қарасақ, оның көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Бірнеше күн бұрын Санкт-Петербор қаласында Қазақстан мен Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық серпін алғанын айтты. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.

«Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Мұның біз үшін маңызы зор. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Заманауи ғылыми-­зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылды. Аталған жұмысқа екі елдің ғылыми-зерттеу институттарын тартып, оны одан әрі жалғас­тыруды жоспарлап отырмыз. Жақында Ғылым жөніндегі кеңестің отырысын өткіздім. Ықпалдастық орнату үшін әлеуеттің бар екені анықталды әрі оны пайдалануға болады» деді Мемлекет басшысы.

Экологиялық сын-қатерлерді бірге еңсереміз

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу өзекті міндетке айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүргізіп жатқанына мән берді.

«Жақында ғана Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік компаниялармен, соның ішінде ресейлік кәсіп­орындармен серіктестік орната отырып, отандық әзірлемелердің біртұтас экожүйесін құруды көздейді. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Екінші суперкомпьютердің жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. 400 мыңнан астам студентті қамтитын арнаулы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жұмыстары басталып кетті. Біз тәжірибе алмасуға, өзара тағылымдамалар өткізуге, зерттеу жобаларына және басқа да бірлескен бас­тамаларға қатысуға дайынбыз. Ғылыми және өндірістік инновация бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Ресеймен ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ерекше қызығушылық танытамыз. Сондай-ақ мұны екіжақты ықпалдастықтың басым бағыты ретінде қарастырамыз» деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.

«Осыған орай Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы да алаңдатпай тұрмайды. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Бірлігіміз –әралуандықта

Президент сан қырлы мә­дени-гуманитарлық байла­ныстарды дамытуға баса назар аудару керек деп санайды.

«Бұл орайда елдерімізді біріктіретін, жалпы ортақ құндылығымыз саналатын орыс тілінің орны ерекше. Бірлескен күш-жігердің арқасында Халықаралық орыс тілі ұйымын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасқан. Ел алдында сөйлеген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңызды екенін айтып жүрмін. Бірақ бұл талап қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарға кедергі келтірмейді. Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айт­қанда, Қазақстандағы жағдай осындай. Еліміздің әр азаматы өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деп аталатын ұлттық саясатымыздың өзегі» деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Қазір халықаралық жағдай күрделі әрі сәт сайын құбылып тұр.

«Өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтасты­ғымызды жалғастыру барлық сын-қатерді еңсеруге мүмкіндік береді» деді Қазақстан Президенті.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button