Басты ақпаратҚоғам

Құрбан шалудың сауабы қандай?

Құрбан шалу – Алла Тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себептен бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз өз хадисінде бұл ақиқатты былай түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Алланың разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтерде өз көліктерің». Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына, етіне мұқтаж емес. Ол Алланың құзырына жетпейді, бірақ біздің оның әсірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-­ниетіміздің Аллаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.

Адам баласы Құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қа­сиеттері бар адам Құрбан айтта тек қана Алла Тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілділік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

Дүние жүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, Құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың хал-күйі ойластырылады. Ең болмаса бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Әр күні кіжінумен өткен көңілі сынық кедей байғұсқа мұсылмандық жанашырлық танытып, қол ұшын беру қандай ғанибет!

Құрбан шалудың жөн-жобасы

Мұсылман – Алла Тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Кімде-кім Алланың нышандарын ұлықтаған болса, күдіксіз, бұл жүректегі тақуалықтан» деп айтылады («Хаж» сүресі, 32). Осы тұрғыда Пайғамбарымыз­дың (с.ғ.с.): «Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын» деген мына бір хадисінің астары терең.

Мүмкіндігінше құрбан шалатын адам өз құрбандығын өзі бауыздағаны – ұнамды іс. Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыз­датуға болады. Ең бастысы, құрбан шалатын жанның мұсылман болғаны абзал. Құрбан шалған кезде мынадай 6 ережені бұлжытпай орындау керек:

  1. Құрбан шалатын жердің таза болуына көңіл бөлу.
  2. Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару.
  3. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен ­жатқызу.
  4. Мына аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқығаны абзал: «Жүзімді мені кертартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым», «Былай де: «Менің намазым да, түрлі ғибадатым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Оған алғашқы болып бас иген менмін». Осы аяттар оқылған соң: «Я, Алла Тағалам, досың Ибраһим, сүйікті Мұхаммедтен қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» деп айт. Құрбандығын басқа адамға бауыз­датқан кісі мал бауыздаларда: «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп қоса айтқаны жөн.
  5. Малды жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтеді.
  6. Малдың қан-жынын ашық далаға қалдырмай, көміп тас­таған жөн. Бұл – құрбан малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Шалған малдың желінбейтін ағзалары

Шалған малдан мыналарды жеуге болмайды: 1) Қан. 2) Еркектік мүшесі. 3) Ұрғашылық мүшесі. 4) Еркек малдың жұ­мыртқалары. 5) Еттегі бездер. 6) Зәр торсығы. 7) Өт.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйенің еркегі де, ұр­ға­шысы да жарамды. Қой мен ешкінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы тиіс. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы шарт.

Айттың алғашқы күні

Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екені айтылған. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні» деген. Бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

«Құрбан айт – құтты ­мереке» кітабынан алынды

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button