Имантаразы

Құрбан айт құтты болсын!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Баршаңызды иісі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Шын мәнінде, Құрбан айт жалаң құрбандық емес, ол – ішкі жан дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Расында, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр.

Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес…» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал құрбан шалу екенін жеткізген.

Материалдық мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбан шалу – уəжіп (міндет). Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемейді. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – аға­йын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынас­ты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қыз­мет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожа­лықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін.

Алланың рақым нұры төгі­летін Құрбан айтта жұртымыз­ға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын! Алла Тағала шалған құрбандығы­мызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметіне ­бөлегей! Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button