Құқықтық тәртіпті нығайтудағы діни қауымдастықтардың рөлі талқыланды

Астанада «Заң және тәртіп: қоғамдық тұрақтылықтың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық тәртіпті нығайту, өзара құрмет, төзімділік және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттау ісінде діни қауымдастықтар мен жастар бастамаларының рөлін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Дөңгелек үстелді елорданың Дін істері басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
«Қоғамда әділеттілік құндылықтары нығайып келеді, жаңа ой-сананың қалыптасуы байқалады, құқықтық мәдениет деңгейі артып жатыр. Елдің саяси және қоғамдық өмірі жаңғыру үстінде. Бүгінгі дөңгелек үстелдің ерекшелігі – алғаш рет оның жұмысына діни бірлестіктердің жастар қанатының өкілдері қатысуда. Бұл – жастар арасында диалогты кеңейтуге, өзара түсіністікті дамытуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды әрі өзекті қадам», – деді қалалық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқали.
Басқарма өкілдері қатысушыларға діни қызметті реттейтін заңнама талаптарын еске салды. Діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Сұлтанбейбарыс Басир 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының негізгі ережелерін және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті нормаларын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.