Құқықтық сауаттылық маңызы түсіндірілді

Елордадағы №103 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараны астаналық Білім басқармасының қолдауымен қалалық Психологиялық қолдау орталығы мен Есіл ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында Астана қаласы Білім басқармасы Қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Сұлтан Иманжан аталған іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруды, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуды және оқушылардың өз болашағына қатысты өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастыруға үндейтінін атап өтті.

– Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру бойынша) 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Сол үшін әр әрекетті жасамас бұрын алдымен сан рет ойланған жөн. Бастысы күмәнді әрекеттен аулақ болыңыздар. Біз өз тарапымыздан қылмыс жасамауға, заңға бағынуға шақырамыз, – деді Есіл ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Ерасыл Досан.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер оқушыларға оңай жолмен ақша табудың салдарын түсіндіріп, ақыл-кеңесін берді. Астаналық Психологиялық қолдау орталығының әдіскері Талжібек Стамбекова мектеп оқушыларына ағаттықпен жасаған әрекеттің ақыры өмір бойы опынуға әкелетінін түсіндіріп, қала бойынша ашылған 6 орталыққа жүгіне алатынын жеткізді.
Индира Бержанова
фото: Астана қаласы әкімдігі



