Қоғам

Құқықтық мәдениеттің іргетасы Абайдан басталады

Елордадағы №97 мектеп-лицейде «Әділет мектебі» жобасы аясында «Абай даналығы – құқықтық мәдениеттің іргетасы» атты пікірлесу диалог алаңы ұйымдастырылды. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен іс-шара ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.

Диалог алаңына модератор болған «Басқару» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлының айтуынша, ұлы Абайдың шығармашылығы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен қабысып жатыр. Сол себептен жиында хакім шығармаларындағы құқықтық жауапкершілік пен тәртіп түсінігі мен

Қара сөздердегі құқықтық сана мен әділдік қағидалары талқыланды.

Ал №97 мектеп-лицей директоры Зәмзәгүл Қиянованың пікірінше, Абайдың қай шығармасы да тәртіп пен құқықтық сауаттылыққа негізделген. Жиынның мақсаты да осы жайлы ұстаздарды ақпараттандыру, ал мұғалімдер мұны әрі қарай оқушыларға жеткізу керек.

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп жазған Абай әр азаматтың білімін арттыру арқылы оның құқықтық санасын да көтеруге болатынын меңзеді. Абай ілімінің өзегі – өзін-өзі жетілдіру, әділеттілік пен тәртіпке құрмет. Бұл – құқықтық мәдениеттің де негізі. Абайдың «Қара сөздерінде» қоғамның, адамның дамуы үшін құқықтық ой мен сана қажеттігі терең түсіндірілген. Іс-шара спикерлері жиналғандармен осы жөнінде ой бөлісті.

«Абай атамыздың айтқаны ешқашан ескірмейді. Білім, ғылым саласында кейде шетелдік ғалымдарға сілтеме жасалып жатады. Ал ұлы ақын сияқты «бес асыл іс пен бес дұшпанды» кім айтты? Дүние жүзінде осы туралы айтқан ғалымдар бар ма? Жоқтың қасы, жоқ деп айтуға да болады. Абайдың осы айтқанымен мемлекетіміз жүрсе, сөзсіз дамиды» деген Астана қаласы Адвокаттар алқасының мүшесі, заң кеңесінің меңгерушісі Айдархан Тұрғанұлы Абай мен Шәкәрім шығармашылығындағы сабақтастық жайында әңгіме өрбітті. Оны «Басқару» қоғамдық қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлы қостап, Абай айтқан «Бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» айналасында ой толғады.

Саясаттану бойынша PhD кандидаты, тарихшы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің оқытушысы Жандос Кәрінбаев «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітап жазғанын айта келе, бұл еңбектің екі тарауы Құнанбай әулетінің тарихына арналғанын атап өтті. Оның алғашқысы «Адольф Янушкевичтің арманы», екіншісі «Хатталған құқық» деп аталады.

«Янушкевич 1846 жылы генерал Николай Вишневскийдің Ойжайлауға, яғни Жетісу өлкесіне бағытталған делегациясына қосылады. Бұл делегацияның мақсаты Кенесары көтерілісіне қарсы қазақтарды қою және ұлы жүз қазақтарын Ресейдің қол астына көшіру еді. Сонда Адольф Янушкевич үш айдай, мамыр айының соңынан тамызға дейін Құнанбай Өскенбайұлымен бірге жүреді. Сондықтан Янушкевич Құнанбай туралы көп мәлімет қалдырды. Соның бірі – «1846 жылы Құнанбай өзінің кіші ұлың емдеуде» деп жазады. Ал сол кіші ұл кім? Абай. Яғни, Янушкевич Абайды жөргегінде жатқанда көрген» деген Жандос Кәрінбаев поляк ғалымының сонау заманда Ақмола астанаға лайық екенін жазып кеткеніне тоқталды. Янушкевичтің Құнанбайға жоғары баға бергенін айтып, Абайдың азамат болып қалыптасуының түп-төркінін іздегенде Құнанбай тұлғасын, әке тәрбиесін ескеру керектігін, қазақ-поляк байланыстарындағы Абайға қатысты оқиғаларды атап өтті.

«Абайдың Северин Гросс деген поляк досы болды. Бұл кісі кәсіби заңгер еді. Патша өкіметі оны қазақтың дәстүрлі құқығын жазуға жұмылдырады. Семейге жер аударылғанда Орыс географиялық қоғамының мүшесі Абаймен танысады. Абай Северинге қазақтың дәстүрлі құқығын жинауға бір жаз бойы көмектеседі. Тиісті еңбек 1886 жылы «Материалы для изучения юридического права киргизов» деген атаумен Омбыдан орыс тілінде шықты. Абайдың өзі де 1886 жылы 94 баптан тұратын «Қарамола ережесі» деген заңды жазды. Абай даналығының өзегі тек қана шығыс өркениетінен тамыр тартып тұрған жоқ. Ол әлемдік өркениет тарихы, Еуропа өркениетінің тарихын оқыды. Ата-бабаларымыздан келе жатқан қазақтың дәстүрін, қазақтың құқығын білді. Оның ұлттық іргетасы мығым болып, шығыстық және батыстық ілімімен қаруланды. Сондықтан Абайды кемел адам деп айта аламыз» деп түйіндеді сөзін Жандос Кәрінбаев.

Аманғали Қалжанов              

   

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button