Құқық

«Құқықтық дәріхана» – жаңа әлеуметтік жоба

Прокуратура халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәріхана» атты жаңа әлеуметтік жобасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – әрбір азаматқа қолжетімді әрі дер кезінде заң көмегін ұсыну.

«Заң және тәртіп» нарративін іске асыру аясында прокуратура құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың қыз­меткерлерімен бірлесіп, «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығында тұрғындармен кездесті.  «Тұрғындарға кейде өз құқықтары мен міндеттерін қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру жетіспейді. Сол себепті бұл бастама қолға алынып отыр. Жоба аясында кез келген азамат ыңғайлы уақытта және қолжетімді жерде маманнан кеңес ала алады» дейді Есіл ауданының прокуроры Ерденбек Тоқбаев. Оның айтуынша, консультациялық пункт өзекті құқықтық сұрақтарға жауап береді, түрлі өмірлік жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін түсіндіреді және қажет болған жағдайда азаматтардан жазбаша өтініштер де  қабылдайды.

Тұрғындардың сауалдарына жауап беруге Есіл ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Жүнісбеков келді.

«Жыл басынан бері Есіл ауданы әкімдігіне 11 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 8 мыңнан астамына тиісті жауап берілді. Аудан тұрғындары көбіне абаттандыру, қоқыс шығару, аулалардағы ойын алаңдарының істен шығуы бойынша хабарласады. Ал жарықтандыру, көше тазалығына қатысты шағым жоқ. Осындай шара барысында тұрғындардың талабын тыңдап, мәселесін қарастырып, құқықтық мәселелерін шешуге көмектесеміз, бағыт-бағдар береміз» дейді Бақытжан Әбдірейімжанұлы.

Айта кетейік, құқықтық көмек көрсету пункті «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығының бірінші қабатында бас кіреберісте орналасқан.  Қыркүйек айының соңына дейін әр сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері жұмыс істейді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button