«Құқықтық дәріхана» көмек береді

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде қала прокуратурасы мен елорда әкімдігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Астанадағы «Mega Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Құқықтық дәріхана» іс-шарасын өткізді.
Акция барысында мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтарға тұрғын үй, медицина, білім беру, кәсіпкерлік және басқа да бағыттар бойынша сұрақтарына жауап беріп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларға мемлекеттік қолдау шаралары мен құқықтарды қорғау тетіктерін түсіндірді.
«Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі іс-шарада қалалық прокуратура мен департаменттердің, елорда әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімдерінің басшылары, жауапты мамандары тұрғындарға заңдар мен құқықтық нормаларды түсіндіріп, консультация беріп жатыр. Сауда және ойын-сауық орталығындағы кез келген азамат мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қоюына мүмкіндік бар. Мұндай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрады» деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Абдрахман.
«Мен қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлына дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасына қатысты мәселесі бойынша жүгіндім. Дәріханаларда баға айырмашылығы бар. Қала басшысының орынбасары маған бұл сұрақтарға сала мамандары егжей-тегжейлі жауап беретінін айтты. Жалпы, мұндай іс-шара маған ұнады. Осындай көпшілік жүретін орындарда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қабылдауларына баруды күтіп жүрместен, бірден жергілікті билік өкілдерінен тікелей қоюға мүмкіндігі бар» деді зейнеткер Шара Мұхамедшакирова.



