
Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар қоғам дамуының жаңа кезеңімен сабақтас. Қазіргі заманғы мемлекет тек экономикалық өсіммен ғана емес, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау деңгейімен, әлеуметтік тұрақтылықпен және азаматтардың өмір сапасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Ата заң жобасында адам құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілуі – құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы.
Сонымен бірге құжатта отбасы институтын қорғау мен нығайтуға бағытталған нормалардың енгізілуі қоғамдағы жауапкершілік пен дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды бастама ретінде қарастырылып отыр. Бүгінде әлеуметтік өзгерістер, жаһандану үдерістері және қоғамдағы құндылықтардың трансформациясы отбасы ұғымына жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасында отбасы мен неке мәселелерінің нақты әрі айқын құқықтық тұрғыдан бекітілуі – уақыт талабынан туындаған шешім.
Жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуі.
Қазіргі әлемде кез келген демократиялық мемлекеттің даму деңгейі азаматтардың құқықтары қаншалықты қорғалатынымен өлшенеді. Сондықтан Конституцияда адамның қадір-қасиеті, жеке бостандығы, теңдігі мен қауіпсіздігі негізгі құндылықтар ретінде бекітіледі. Бұл қағида қоғамдағы әрбір азаматтың мемлекет алдында тең екенін көрсетеді. Адам құқықтарын қорғау тек құқықтық нормалар арқылы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік институттарды нығайту арқылы да жүзеге асады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – отбасы институты.
Отбасы – қоғамның ең негізгі әлеуметтік ұясы. Әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуы, тәрбиесі мен құндылықтары ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан мемлекет үшін отбасының тұрақтылығы мен беріктігін қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие. Жаңа Конституция жобасында отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында екені ерекше атап көрсетіледі. Бұл норма мемлекет тарапынан отбасыға деген жауапкершіліктің жоғары деңгейін білдіреді.
Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында отбасы институтының белгілі бір трансформациясы байқалады. Урбанизация, білім деңгейінің өсуі, экономикалық қатынастардың өзгеруі және жастардың өмір салтындағы жаңа үрдістер отбасы туралы түсініктерге де әсер етуде.
Қазіргі таңда жастар некеге бұрынғыға қарағанда кеш тұруы мүмкін немесе отбасын құру туралы шешімді ұзақ ойластырып қабылдайды. Сонымен қатар әйелдердің білім алу деңгейінің жоғарылауы мен еңбек нарығындағы белсенділігі олардың әлеуметтік және экономикалық дербестігін арттырды. Мұның барлығы отбасы мен неке туралы шешімдердің бұрынғыдан гөрі саналы түрде қабылдануына ықпал етеді. Бұл ауқым отбасы институтының құқықтық негіздерін нақтылау қажеттілігін туындатып отыр. Өйткені қоғамдағы әлеуметтік қатынастар өзгерген сайын құқықтық жүйе де соған бейімделуі тиіс.
Жаңа Конституция жобасының маңызды нормаларының бірі – 30-бапта некенің ер мен әйел арасындағы ерікті одақ ретінде бекітілуі.
Нақтылап айтсақ, бұл норма бірнеше маңызды міндетті шешеді.
Біріншіден, ол құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Конституция – мемлекеттегі ең жоғары заңдық күші бар құжат болғандықтан, онда негізгі әлеуметтік институттардың құқықтық анықтамасы нақты көрсетілуі тиіс. Неке туралы анықтаманың нақты берілуі құқықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, бұл норма қоғамдағы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған. Қазақстан қоғамында отбасы әрқашан үлкен мәдени және әлеуметтік мәнге ие болды. Ұрпақ тәрбиесі, үлкенді құрметтеу, жауапкершілік пен өзара қолдау сияқты құндылықтар қазақ қоғамының негізін құрайды.
Үшіншіден, бұл норма қоғам сұранысына сай келеді. Қоғамда отбасы институтын сақтау мен нығайту мәселесі жиі талқыланып келеді. Азаматтардың басым бөлігі отбасы тұрақтылығы мен дәстүрлі құндылықтарды қорғауды маңызды деп санайды. Сондықтан некенің ер мен әйел арасындағы ерікті одақ ретінде бекітілуі қоғамдағы құқықтық және мәдени тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Отбасы институтының беріктігі қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Тұрақты отбасыларда өскен балалардың әлеуметтік бейімделуі, білім алуы және азаматтық жауапкершілігі жоғары болады. Сонымен қатар, отбасы – әлеуметтік қолдаудың ең маңызды механизмі. Экономикалық қиындықтар немесе әлеуметтік өзгерістер кезінде адамдар көбінесе отбасының қолдауына сүйенеді. Сондықтан мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдау тек құқықтық норма ғана емес, әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Еліміздегі көпбалалы отбасыларды қолдау, ана мен баланы қорғау, әлеуметтік төлемдер жүйесін дамыту сияқты бағдарламалар осы саясаттың рақты көрінісі болып табылады.
Конституциялық нормалардың тағы бір маңызды қыры – олардың қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруы. Отбасы тек жеке адамдар арасындағы қатынас емес, ол қоғам алдындағы жауапкершілікпен де байланысты. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігі, ұрпақтар арасындағы байланыс, үлкендерге құрмет көрсету – мұның бәрі қоғамдық тұрақтылықтың маңызды элементтері. Жаңа Конституциядағы отбасыға қатысты нормалар осы құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Бұл нормалар қоғамда отбасының маңызын тағы да айқындай отырып, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Қысқасы, Қазақстандағы конституциялық реформалар елдің құқықтық және әлеуметтік дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Жаңа Ата заң жобасында адам құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілуі – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар отбасы институтын нығайтуға бағытталған нормалардың енгізілуі қоғамдағы тұрақтылық пен дәстүрлі құндылықтарды сақтауға ықпал етеді. Неке ұғымының ер мен әйел арасындағы ерікті одақ ретінде бекітілуі құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның мәдени және әлеуметтік ерекшеліктеріне де сәйкес келеді.



