Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд өтті
Астана қаласының Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түнгі рейд өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай бұл іс-шараның маңызы зор екенін атап өтті.
«Рейд барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу, кальян өнімдерін тұтыну фактілерін анықтау, полиция органдарында есепте тұрған тұлғаларды тексеру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болу фактілерін анықтау және өзге де профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аударылды. Мұндай рейдтік шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға және заңға бағынатын қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», – деді Қасымжомарт Бейсенбай.
Сарыарқа ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Бүгін біз есірткі заттарын заңсыз сақтаудың алдын алу мақсатында 20-ға жуық түнгі клуб, караоке және лаундж-барларда профилактикалық іс-шаралар аясында рейд жүргіздік. Жыл басынан бері «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша 50-ден астам, ал «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылды», – деді Дамир Хисматуллин.



