
Уақыт алға жылжыған сайын бұл әңгіменің бояуы жаңарып, түсі түрленіп, жұрт айтқан сайын, сірә, ашыла түседі. Шежіре мен тарихты ертегіге айналдыра білетін дария кеуде, тау мүсін қарттар әңгімесі ерекше көрінетін бізге.
Ақмола өңірінің Ереймен жерінде көкірегі ояу, көзі ашық жандар көп болатын. Солардың ішінде Ғалымжан Мұқатов, Серік Мұқанов, Хасен ақын, Шайкен Тұрсынбаев сияқты абыз қариялар көптің ортасында топ жарып отырушы еді. Бұл кісілердің тарихи әңгімелерін Қанжығалы Бөгенбай баһадүрдің тікелей ұрпақтары Қазыбек Нұралин мен Әлихан Барлыбаев нақты деректермен растайтын.
Осы кісілердің әңгімесіне қанық адамның бірі Андрей Андреевич Риммер Ерейментау ауданының «Еркіншілік» совхозын ұзақ жылдар бойы басқарған ұлты неміс азаматы еді.
Құлагердің шапқан төскейін жақсы білетін ол Қусақ өзенінің ұрымтал тұсы осы шығар деп өзінше долбарлайтын. Көп уақыт бойы Ерейментаудың зейнеткерлік бөлімін басқарған Серік Мұқанов Риммермен жолыққанда оның ойын нақты дәлелдермен бекітіп кететін.
Андрей Риммер ұлты неміс болғанымен, тіліне қарап қазақ деп пайымдайтын жұрт. Уақыт өткен сайын ел адамдарының әңгімесі көреген басшыға үлкен бір жұмбақ қалдырды. Ол Құлагердің аңызға айналған оқиғасына нүкте қоймақ ниетпен Целиноград қаласындағы ескі жолдастары Молдахмет Досаев, Әйтім Жанайдаровпен ретін тауып кездесіпті.
Молдахмет Досаев – қоғамдық жұмыстарға үнемі басшы болып, қаланың көркеюіне өзіндік үлес қосқан кісі. Демалыс саябағында балалар пойызының табысты жұмыс істеуі сол кісінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Қазақтың ұлттық сайыстары: бәйге, көкпар, теңге алу, қыз қуу ойындарының қызықты өтуі тікелей сол кісінің бақылауында болатын.
Риммердің мақсат-мүддесін түсінген қос азамат Құлагерге ескерткіш жасайтын зауытты табуға уәде берді. Риммер ешкімнен көмек сұраған жоқ. Ол шаруашылықтан артылған қаражаттың мол көзін тапты.
«Уәде – Құдай сөзі» дейді қазақ. Темір түгілі, тастан ескерткіш тұрғызылмаған кезде А.Риммер Ерейментаудың теміржолы бойына сән-салтанатын келтіріп, ерекше бір ұлттық сипаты бар қолтаңба қалдырды.
«Еркіншілік» совхозы қара малға бай, оған қоса жылқысы мен түйесі, мамық жүнді ешкілері көп ірі шаруашылық еді. 500 басқа жуық түйесінен шұбат, мама биелерінен қымыз өндіріліп, Целиноград қаласының «Ақбұлақ» кафесіне үзбей жеткізілетін. Шұбат пен қымыздың қызығын жастар молынан көрді. Әсіресе, Горбачевтың алкольдік ішімдікке қарсы саясаты күш алған тұста жұртшылық «Еркіншіліктің» адал сусынына көп арқа сүйеді.
Осы Құлагерге қойылған ескерткіш жайындағы оқиғаны анамыз Құсни Алматыдағы бір топ жазушылармен болған қонақта айтып беріпті. Дастарханда дәмдес болып отырған жазушылар Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров, Оралхан Бөкеев пен т. б. естіп, таңырқаған екен.
– Құлагерді ереймендіктер ұмытпаған екен-ау, – деп толғанған көрінеді Сәкен Жүнісов.
Ел ішіндегі тірі тарихшылар қашанда қарт адамдар ғой. Солардың әңгімесін естіп өскен жастар да жазушы-газетшілерден аспаса, кем түспейтіні белгілі. Ауыздарына қараған бір топ жазушыларға біздің әкеміз Сәлкен де естіп-білгенінен барынша ақпарат берген.
– Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» қиссасын жазардан бұрын Көкшеге, кейін Ерейментауға арнайы келіп-кеткенін мүмкін білетін шығарсыздар? Бұл қуғын-сүргіннің қара дауылы соғар мезгілі, шамамен 1935 жылдың жазы аяқталар шақ. Темір жолы жоқ елге ат арбамен жетіп, ауыл қарияларымен жүздескен Ілияс ақын оқиғаны көзбен көргендей боп Алматыға оралған. Жазушының ақсақалдармен бірге түскен суреті болушы еді, сарғайып көнерген қымбат мұраны сақтай алмағаныма өкінемін, – деген екен әкеміз.
– Құлагердің даулы мәселесінде Саққұлақ бидің баласы Нұралы болыс қайтыс болыпты деп естідім, – деді Сәкен Жүнісов. – Анығы шынымен солай ма?
– Ақан серімен көптен сырлас әрі жолдас болған Нұралы бұл даулы мәселені шешпек боп бел буа кіріскен. Бірақ ұзаққа созылған қазақ соты оның болашағына балта шапты. Әділ шешімге таяу қалғанда Нұралыға қарсы жақ күтпеген жерден қастандық жасайды. Ерейменнің Құлагер құлаған жазығына келгенде уланған Нұралы жан тәсілім беріпті. Ол жер Нұралы жазығы деп аталды.
Кейіннен кеңес өкіметі Еркіншілік деп жаңаша өзгеріс жасаған.
Нұралы баста десе бастаушы еді,
Білгенін айтып-айтып тастаушы еді.
Нұралының аузынан шыққан сөзді,
Жандарал да жаратып қостаушы еді, – депті Қаракесек Баданбике деген кісі.
Бірақ халықтың жадында берік сақталған оқыс оқиға, арада қанша құбылмалы заман өтсе де, бірде-бір ұмытылған емес. Бұл туралы ой толғаған талай ақын-жазушыларды білеміз.
Басасыз шаттандырып «Құлагерді»,
Ашасыз айтқан сайын ішкі шерді.
Атақты Қараөткелдің өнерпазы,
Разымын көргеніме Ғазиз ерді.
Жігіттің дүрри-гауһар түрі екенсіз,
Дүние жәннатының гүлі екенсіз.
Елдегі өнерпаздар екеу болса,
Дәл соның қатардағы бірі екенсіз.
Қайтейін, Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығымен қаза жетті.
Асына Сағынайдың апарғанда,
Жүсібі Батыраштың қағып өтті, – деп нақты дәлелін Ақанның өзі айтып кеткен.
Ерейменнің елі Ақан сері мен Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы, атақты «Арғынның ақсақалы» атанған Бапан бидің сүйікті ұлы Нұралының достығын жиі әңгімелейтін.
Сағынайдың асын биік дәрежеде атап өткен, заманында «Жарты патша» атанған паң Нұрмағамбет – жолынан жаңылмаған кісі. Бәйге, күрес, айтыста көзге түскендердің бірде-біреуі бос қайтпапты.
Көкшеден ат терлетіп келген Ақан серіге де жабуы бар жүйрік жорға берілген.
Бірақ кеңестік жүйеге жұмыс істеген ақындар ол жағын ауыз ашып айтпайды. Себебі байды мақтау – қызыл жүйеге жақпайтын қылық.
Ақан сері – үлкен өкінішті бастан кешірген кісі. Серінің көңіл күйін көтермек оймен Нұралы елдің жігіттерінің басын қосып, қаршығашылардың қаз-үйрек аулаған саятшылығын ұйымдастырады.
Атасы Бөгенбайдан жеткен Аққасқа, Көкқасқа атанған бөрібасар тазыларының қасқырмен айқасқан сәттерін қызықтапты. Бұл шара оншақты күнге созылады.
Сол арада бүркітшілер де олардан қалыспаған. Елдің үлкендері айтқан әңгіме осы. Қайткенмен, Нұралы Ақан серінің бойын сергітіп, уайымын жеңілдетуге барынша күш салған.
Жалпы, Көкшеден Ақан сері 3-4 жігітпен тойға бірге келген.
Қайтарда Нұралы дәстүрге сай сый-жоралғы жасаған. Қонақтарға жүйрік аттар беріліп, Ақан серіге арнайы сәйгүлік тарту етіліпті.
Саққұлақ бидің батасынан кейін Нұралы алыстан келген меймандарын Сілеті өзенінен асырып, шығарып салған дейтін абыз қариялар.
1984 жылы Алматыдан пойызбен қонаққа келген жездеміз, Шығыстың бір шынары, халық жазушысы Қалихан Ысқақов Еркіншілік теміржолы бойындағы ескерткішті көріп, керемет ризалығын білдіріп еді.
– Мыстан қалай әдемі жасаған. Тек маған ессіз қу далаға қойылған сияқты, – деді мейман ағамыз.
Шын мәнінде Ереймен қаласына қою жөнінен ауданның сол кездегі басшысы Төлеген Ошағанов та Риммерге ұсыныс жасапты. Бірақ оқиға Қусақ бойында өткен соң, Құлагердің ескерткіші сол жерде тұру керек деген екен Андрей Андреевич. Бұл нақты шешім болды.
1991 жылдары кеңестік жүйе құрдымға кетті. Ауыл шаруашылығында реформалар басталып, көп күйзеліске ұшырағанымыз белгілі. Сондай сәтті көтере алмай, А.Риммер де дүниеден өтті. Ол да сол Құлагер сүрінген Нұралы жазығынан мәңгі мекен тапты.
Асыл азаматтың ереймендіктердің тілегін орындаған ісін ұмытылмайтын ерлік деп білемін. Ұлты неміс азаматының сол ескерткіші заман шатқаяқтап тұрған тұста қолды болғанын қайтерсіз…
Құлагер – атаң тұлпар, анаң – сұңқар! – деген сөздің жаны бар. Қазаққа сый жасаған ерекше бір жанды ұмытпаған абзал деп ойлаймын.
Ескерткіш таза мыстан жасалса да, ол бізге алтыннан да қымбат көрінеді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі