Астанадағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратында елдегі конституциялық реформаларды және алдағы референдум маңызын түсіндіру және талқылау мақсатында теміржолшылармен еркін форматта кездесу өтті.
Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабының төрағасы Ерлан Каналимов, мәжіліс депутаты Снежанна Имашева, сенат депутаты Андрей Лукин және өзге де мемлекеттік органдар өкілдері келді. Жиынға «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, компанияның Орталық аппараты мен филиалдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ өңірдегі теміржол бөлімшелерінің басшылары да бейнеконференция арқылы маңызды іс-шараға тікелей эфирде қатыса алды.

— Теміржол – ұлттық экономиканың күретамыры. Елдің кең байтақ даласын жалғап, өңірлердің тынысын бір арнаға тоғыстырып тұрған бұл сала – мемлекеттің берік тірегінің бірі. Бүгінде ұлттық компания жүйелі даму үлгісін көрсетіп отыр. Теміржол саласы қашанда елді біріктіріп келген. Жаңа Конституция жобасында транзиттік әлеуетті дамыту ел экономикасын өркендетудегі жаңа бағыт ретінде бекітілді. Жаңа Конституция моделі адам мен оның құқығы және бостандығын, қадір-қасиетін басты орынға қояды. Сол үшін онда Қазақстан – әлеуметтік ел деп көрсетілген. Елде тұрақты және жүйелі әлеуметтік саясат болмай, қоғамның басқа барлық салаларының дамуы мүмкін емес.

Осы қағидалардың бәрі жаңа құжатта жеке тармақпен жазылып отыр. Онда еңбек адамы – экономиканың негізі ретінде белгіленген. Сонымен қатар технологиялық жаңғыру және адами капиталды дамытуға Конституциялық деңгейде басымдық берілген. Біз қазір IV технологиялық революция дәуірінде өмір сүрудеміз. Ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен қарқынды дамуда. Технологиялық жаңғыру деген — сол жаңашылдықтарды адамдарға қолайлы ету, жұмысты жеделдету және оңайлату,- деп Е. Каналимов нағыз еңбек ұжымдарынан құралған алып компанияның жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асырудағы рөлі мен экономиканың күре тамыры ретінде елдің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады және теміржолшылар әдеттегідей жоғары жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстаным танытатына сенім білдірді. Ал С. Имашева жаңа Конституция жобасындағы дау тудырған баптар мен тармақтарға тоқталды.

-1995 жылғы Конституция мүлдем басқа тарихи, экономикалық және тіпті технологиялық жағдайда қабылданды. Енді одан әрі елдің дамуы үшін оны терең жаңғырту және мемлекетіміздің саяси архитектурасын да жаңарту талап етілуде. Жаңа Конституция жобасында кіріспе Преамбула толықтай жаңартылды. Онда халқымыздың өткенін бейнелейтін және бүгіні мен болашағына бағдар беретін жалпы ұлттық құндылықтар көрініс тапқан. Мемлекеттік қызметтің жаңа іргелі қағидаттары бекітілді. Адами капиталды, ғылымды, білімді, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде көрсетілді, — деді мәжіліс депутаты.
Спикерлер сондай-ақ Конституциядағы басқа да маңызды баптардың мән-мағынасын ашып түсіндірді. Теміржолшылар қауымы еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды республикалық референдумға белсенді түрде атсалысып, дауыс беретінін жеткізді.
Райхан Рахметова



